Жаз мезгілі келгенде адамдардың баршасы демалысқа шығуды ойлайды. Алайда әркімнің демалыс түсінігі әртүрлі. Кейбіреулер демалысты барынша пайдаланғысы келсе, енді біреулер исламда демалыс жоқ дегенді алға тартып қарсылық білдіріп жатады.
Расында дұрысы қалай? Әрине орта жолды ұстанған жөн. Адам өмірі еңбек пен демалыстан тұрады. Еңбек — адамның міндеті, ал демалыс — оның қажеті. Демалыс тек тәннің ғана емес, жан мен рухтың да тынығуына ықпал етеді. Ислам діні – үйлесімділікті ұстанатын дін. Ол адамды тек еңбек етуге, немесе тек құлшылық жасауға ғана емес, сондай-ақ тынығуға, отбасымен уақыт өткізуге, табиғатты тамашалауға да үндейді. Мұсылман үшін демалыс — бекер өткізілетін бос уақыт емес, қайта рухани, әлеуметтік әрі физикалық тұрғыдан жаңғыру кезеңі болуы тиіс.
1. Демалыстың Исламдағы орны
Ислам діні — адамның барлық өмірлік салаларын реттейтін жүйе. Мұсылманның өмірі құлшылық пен тіршіліктің теңгерімімен сипатталады. Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Ендеше (бір) ісіңнен босағанда, тағы да (басқа бір іспен) айналыс» (Инширах сүресі, 7-аят) — деп, уақытты мақсатсыз өткізбеуді ескертеді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у): «Екі нығмет бар, адамдардың көбі оны бағаламайды: денсаулық және бос уақыт» — деген (Бұхари).
Бұл хадиске қарап, демалыс — босқа кететін уақыт емес, қайта маңызды нығмет екенін түсінеміз. Мұсылман демалысты дүниелік және рухани тұрғыда пайдалы өткізуі керек.
2. Демалысты өткізудегі дұрыс түсінік
Кейбір адамдар демалысты «құлшылықтан, жауапкершіліктен демалу» деп қабылдайды. Әрине бұл қате түсінік. Шын мәнінде, мұсылман демалыс кезінде де Алланы еске алуды, намаз оқуды тоқтатпауы тиіс. Керісінше, демалыс – рухани дамуға, жаңа нәрсе үйренуге, отбасымен жақын болуға, айналадағы адамдарға жақсылық жасауға тамаша мүмкіндік.
Демалыс түсінігі мұсылман үшін үш бағытта болуы керек:
1. Рухани тынығу — Құран оқу, зікір ету, табиғат аясында жалғыз қалып, ой жүгірту.
2. Физикалық демалыс — денені сауықтыру, спортпен айналысу, денсаулықты жақсарту.
3. Әлеуметтік демалыс — отбасы мүшелерімен, достармен, көршілермен жақсы қарым-қатынасты нығайту.
3. Мұсылман демалыста не нәрсеге мән беруі керек?
а) Намаз бен діни парыздарды орындау
Демалыс намазды кешіктірудің, ұмытып кетудің сылтауы болмауы керек. Мұсылман қайда болса да, уақытында намаз оқуына мән беруі тиіс.
ә) Ниетті түзету
Мұсылман әр ісін Алла разылығы үшін жасауы керек. Демалысты да: «Денемді, жанымды тынықтырып, кейін Алла жолында тиімді қызмет атқару үшін демалып жатырмын» деген ниетпен өткізуі абзал.
б) Тыйым салынған істерден аулақ болу
Кейбіреулер үшін демалыс — харам нәрселерге жол ашатын уақыт. Құмар ойын, арақ-шарап, арсыз ойын-сауық – мұсылманның демалысымен үйлеспейді. Бұлар адамның рухын ластап, жүрегін қатайтады.
в) Жағымды істермен айналысу
Оларға мына істерді жатқызуға болады:
– Сапарға шығу,
– Табиғат аясында уақыт өткізу,
– Жаңа нәрсе үйрену (кітап оқу, жаңа тіл меңгеру),
– Қоғамдық жұмысқа атсалысу (еріктілік, қайырымдылық),
– Балаларға, ата-анаға көңіл бөлу — мұның бәрі сүннетке сай әрекеттер.
4. Мұсылманның демалыс кезіндегі құндылықтары
а) Уақытты тиімді пайдалану
Имам Шафиғи:
«Уақыт – қылыш сияқты, егер сен оны пайдаланбасаң, ол сені кесіп өтеді» — деген. Демалыс уақытында жоспар құрып, әр күнді пайдалы өткізу – мұсылманның жауапкершілігін көрсетеді.
ә) Дене саулығына көңіл бөлу
Пайғамбарымыз (с.а.у):
«Күшті мұсылман — Алланың алдында әлсіз мұсылманнан қайырлырақ әрі сүйіктірек» — дейді (Муслим). Демалыс уақытында спортпен айналысу, дұрыс тамақтану, ұйқы тәртібін қалыптастыру – саулық кепілі.
б) Отбасымен уақыт өткізу
Бүгінде жұмыспен шектен тыс айналысқан адамдар отбасынан алыстап кетіп жатады. Демалыс — осы байланысты қалпына келтіруге тамаша мүмкіндік. Балалармен ойнау, әйеліне, ата-анасына көңіл бөлу – сүннет амалы.
5. Демалыс түрлері: Адал және арам
Адал демалысқа мыналар жатады:
– Тауға шығу,
– Пайдалы туризм,
– Діни орталықтарға бару,
– Шеберлік курстарына қатысу,
– Қайырымдылық шараларына атсалысу.
Арам демалысқа мыналар жатады:
– Арақ ішілетін, харам істер жасалатын орындарға бару,
– Ұятсыздық, жалаңаштық насихатталатын іс-шаралар,
– Құмар ойын ойнау,
– Уақытты бос әңгімемен, сериалдармен өткізу.
Мұсылман үшін демалыс — тек қана тынығу емес, рухани серпілу уақыты. Демалысты Алланың разылығына сай өткізу – үлкен сауап. Өмір қысқа, ал уақыт — аманат. Демалысты дұрыс өткізген адам – өзіне де, айналасына да пайдалы болады. Ендеше, әрбір мұсылман өз демалысын жоспарлы, пайдалы, әрі мағыналы өткізуге ұмтылуы қажет.
Ғазиз Ахмет,
«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің наиб имамы, РАНТ мүшесі