Раббымыз бүкіл əлемді біз үшін жаратқан деуімізге болады. Осыдан 12 миллиард жыл бұрын ғалам жаратыла бастаған, 100 миллиард галактика жəне əр галактикадағы шамамен 200 миллиард жұлдыз, Күн системасын (жүйесін) жəне Жер шарын орналастырған. 5 миллиард жыл бұрын жаратылған Жер шары ғасырлар бойы бейне бір бесіктей тербеліп, миллиондаған сантүрлі жан-жануар, өсімдік жаратылып, ең соңында əлемнің ең абыройлы қонағы – адамзат дүниеге келген.
Неліктен Раббымыз адамзат үшін осыншама нəрсені дайындаған? Неліктен барлық нəрсені оның əміріне бағындырып қойған? Əр жаратылыстың бір міндеті бар. Сиыр сүт береді, ара бал жасайды, тауық жұмыртқалайды, балық бізге ет береді. Тіпті қажетсіз деп ойлаған кейбір жаратылыстың өзі бізге қызмет етеді. Жыланның уынан дəрі жасалады, құмырсқалар өздерінен шығаратын газ арқылы Күннен шығатын зиянды сəулелерді сүзіп алып озон қабатын күшейтеді, ал жауын құрттары болса топырақты қоректендіреді. Керексіз, хикметсіз, бостан-бос жаратылған зиянды жаратылыс жоқ.
Осылардың барлығы адамзатқа қызмет етуде. Адам баласы барлық жаратылыстан пайдаланады, тіпті жақсы көретін малын сойып, етін жейді. Бірақ ешбір малға, жан-жануарға адамның етін жеу, сүтін ішу немесе көлік қылып міну құқы берілмеген. Адамзатқа берілген құқықтар басқа ешбір жаратылыста жоқ. Олай болса мұншама мəн беріліп, көп нəрсемен жабдықталып, ынтамен істелген, өкілеттік берілген адамзат не үшін жаратылған? Еті желінбейді, сүті ішілмейді, терісі еш нəрсеге жарамайды, мəйіті тез арада көміледі. Раббымыз бір жауынқұртының өзін хикметпен жаратып, адамзатты бостан-бос тастап, 60-70 жыл ішіп-жеп жатсын, сосын дүниеден өтіп кете барсын деп жаратқан ба? Бұлай болуы əсте мүмкін емес.
Мына аяттарға қараңыз, аталмыш сұрақтарға қалай жауап береді екен: Біз көк пен жерді һəм екеуінің арасындағы бар нəрсені бекерден бекер, мақсатсыз (яғни адамдар нəпсіге еріп, білгенін істесін деп) жаратпадық» («Сад» сүресі, 27-аят).
«(Уа, адамдар!) Сонда Біз сендерді ермек үшін құр босқа жараттық па, əрі Бізге қайтарылмаймыз деп ойладыңдар ма?» («Mуминун» сүресі, 115-аят).
«Адам баласы өзін елеусіз, ескерусіз қала беремін деп ойлай ма?» («Қиямет» сүресі, 36-аят).
Иə, ескерусіз, құр босқа жаратылмаған болсақ, Алла бізді не үшін жаратты? Жұмыс істеп еңбектенуіміз, ішіп-жеуіміз үшін бе? Міне, Құран аяттары қандай əдемі жауап қайтарады: «Мен жындар мен адамзатты тек қана (Мені танысын һəм) Маған құлшылық етсін деп жараттым. Мен олардан нəпақа сұрамаймын, Мені тамақтандыруларын да қаламаймын. Анығында, нағыз Раззақ (күллі жаратылыс атаулының ризығын беруші) – құдіретті күш иесі Алла!» («Зəрият» сүресі, 56-58-аяттар).
Бұл аяттар біздің міндетімізді өте нақты, бүкпесіз баяндайды. Онымен қоса, «бұ дүниеге еңбек етіп нəпақа табу үшін келдім» деп ойлайтындарға былай дейді: «Раззақ (күллі жаратылыс атаулының ризығын беруші) – құдіретті күш иесі Алла. Оның берген ризығын табу үшін, жасаған еңбектеріңді намазға сылтау етпеңдер».
материал «Таң намазына тұпғың келсе...» кітабынан алынды,
ummet.kz