Рия – ең қорқынышты күнәлардың бірі.
Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) осы күнәдан неге қорықты? Себебі, кіші ширк кешірілмейді. Жұрттың көпшілігі осы мәселеде немқұрайлы, әрі көп мән бермейді. Ал шайтан болса мүміндерді дәл осы кешірілмес күнәға батуға бар күш-жігерін салады. Рия мәселесінде аса маңызды бір жайт бар. Рия дегеніміз – істеп тұрған құлшылығыңды көріп тұрған әлгі кісіге арнау деген емес. Өйткені, егер біреу құлшылықты Алладан өзге біреуге арнайтын болса, ол – үлкен ширкке жатады. Рия дегеніміз – негізінде Аллаға арналған құлшылықпен қатар адамдар да осыны көріп мақтасын деген ниет. Осы нәзік ниетте адамдардың көпшілігі қалай алданып жатқандығын сезбей де қалады.
Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) хадистерін жазушылардың бірі Ханзала ибн әр-Рабиғ (Алла одан разы болсын) айтады: «Маған Әбу Бакір (Алла одан разы болсын) жолығып: - «Я, Ханзала жағдайың қалай?» - деді, мен: - «Ханзала мұнафық болды» - дедім. Ол: - «Субханалла, не айтып тұрсың?!» - деді, мен: - «Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жанында отырсақ, Жәннат және Тозақ жайлы бізге айтқанда өз көзіммен көргендей боламын. Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жанынан шықсақ, әйелдеріміз, балаларымыз және өмірлік істермен айналысып, көп нәрсені ұмытып кетеміз» - дейді». (Сахих Муслим «Китабу әт-Тәубә» (2750).
материал «жүректерді оятушы» кітабынан алынды,
ummet.kz