Айшадан (Алла оған разы болсын).
Ол: «Алла елшісі (с.а.с.) маған көз тиюге қарсы дем салдыруымды бұйыратын», – деп айтқан (2195/56).
Жәбир ибн Абдуллаһтан (Алла әкесі екеуіне разы болсын). Ол: «Алла елшісі (с.а.с.) Хазмның отбасына жылан (шаққанға) қарсы дем салуға рұқсат етті. Сондай-ақ ол (бірде) Әсмә бинт Ғұмайстен: «Неге мен бауырымның балаларының денелері арық екенін көремін, олар ауырып жүр ме?» – деп (сұрады). Ол: «Жоқ, бірақ оларға көз тиіп жүр», – деді. (Сонда Пайғамбар (с.а.с.)): «Оларға дем салдыр», – деді», – деп айтқан. (Әсмә бинт Ғұмайс): «Мен (балаларымды Пайғамбарға (с.а.с.)) көрсеткен едім, ол: «Бұларға дем салдыр», – деп айтты», – деген (2198/60).
Назарлануға қарсы дем салу
Пайғамбардың (с.а.с.) жұбайы Умму Сәләмәдан (Алла оған разы болсын). Алла елшісі (с.а.с.) әйелі Умму Сәләмәның үйінде бір қыздың бетінен теңбіл дақ көріп: «Бұған көз тиіпті, дем салдырыңдар», – деген. Яғни ол (қыздың) бетінде сарғыш реңк бар еді (2197/59).
Ер адамның өз отбасына ауырған кездерінде дем салуы
Айшадан (Алла оған разы болсын). Ол: «Алла елшісі (с.а.с.) біреуіміз ауырсақ, оны оң қолымен сипап: «Әзһибил-бә’сә, Раббән-нәс(и), уәшфи, Әнтәш-Шәфи, лә шифә’ә иллә шифә’укә, шифә’ән лә йуғадиру сақама(н) (Дертті кетір, адамдардың Раббысы! Шипа бер, Сен – шипа берушісің, Сенің шипаңнан басқа шипа жоқ. Ауруды қалдырмайтындай шипа бер)», – деп айтатын. Алла елшісі (с.а.с.) науқастанып, жағдайы ауырлаған кезде, өзі жасайтынды жасау үшін оның қолынан ұстадым. Сонда ол қолын менің қолымнан тартып алып: «Уа, Алла! Мені кешір және мені ең жоғарғы серікпен бірге ет», – деді. Мен оған қарай бастадым, сөйтсем, ол үзіліп кеткен екен», – деп айтқан (2191/46).
Айшадан (Алла оған разы болсын). Алла елшісі (с.а.с.): «Әзһибил-бә’сә, Раббән-нәс(и), бийәдикәш-шифә(у), лә кәшифә ләһу иллә Әнт(ә) (Дертті кетір, адамдардың Раббысы! Шипа Сенің қолыңда, Сенен өзге оны кетіруші жоқ)» (деген) сөзбен дем салатын (2191/49).
Дем салуда ширк болмаса, оның оқасы жоқ
Ауф ибн Мәлик әл-Ашжағиден (Алла оған разы болсын). Ол: «Біз жәһилият кезінде дем салатын едік. Содан (бірде): «Уа, Алланың елшісі! Сенің бұған қатысты ойың қалай?» – деп (сұрадық). Сонда (Пайғамбар (с.а.с.)): «Маған қалай дем салатындарыңды көрсетіңдерші. Дем салуда ширк болмаса, оның оқасы жоқ», – деп айтты», – деген (2200/64).
материал «Муслимнің сахих хадистер жинағы» кітабынан алынды,
ummet.kz