13
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

«Шейіттің барлық күнәсі кешіріледі, тек қарыздан басқа»

«Шейіттің барлық күнәсі кешіріледі, тек қарыздан басқа»

Ислам тарихы

Ақиқатында, адамдар қазіргі таңда қарызды қатты мұқтаждық үшін емес, жақсырақ өмір сүру үшін алатын болып кеткен.

Ал, негізінде қарыз – адам баласын күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айыратын ауыр аманат. Хадистерде келгендей: «Қарыз – түнде уайым, күндіз қорлық». «Амандықтан кейін бастарыңды қауіп-қатерге тікпеңдер!». Сонда сахабалар: «Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с) ол қалай сонда?!»,- деп сұрайды. Ол: «Қарыздану»,- дейді.

Сондықтан мұсылман адам жағдай барынша қарызға кіруден өзін және жақындарын қорғау қажет. Себебі қарыз себепті сенімді кісі өтірік айтуға, аманатшыл адам қиянат қылуға барып қояды.  Алла елшісі (с.ғ.с)  намазында «Аллаһым! Мен күнәға түсуден және қарызға кіруден Өзіңе сыйынамын»- деп дұға қылатын еді.

Сонда біреу: «Уа, Алланың елшісі! Сіз өте көп мөлшерде қарығза батудан пана тілеуіңіздің сыры не?», - деді. Ол: «Өйткені адам қарыз қысқанда сөйлесе, өтірік айтуға, уәде берсе уәдесін бұзуға мәжбүр болады», - деп жауап берді.

Сонымен қатар қарызы бар адамның қарызы өздігінен ешуақытта кешірілмейді, тіпті ол адам – Алла жолында қаза тапқан шейіт болса да. Хадистерде айтылғандай: «Шейітке барлық күнәсі кешіріледі, тек қарыздан басқа».

Алла елшісі (с.ғ.с)  жанарын жоғарыға қаратып: «Субханаллаһ, нендей ауыр нәрсе түсірілді!», - дейді. Мухаммад ибн Жахш: Біздің бойымызды үрей басып, үнсіз қала бердік. Ертесі күні мен одан: «Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с)! Түсірілген ауыр нәрсе не еді?», - деп сұрадым. Сонда ол: «Жаным Оның қолында болғанмен (Алламен) ант етемін! Егер де бір кісі Аллаһ жолында мерт болып, сосын қайтадан тірілсе, кейін кері мерт болса, сосын қайтадан тіріліп, кейін кері мерт болса да Жәннатқа кіре алмайды, оның қарыздары толық өтелмейінше».

Тіпті, егер өмірден өткен адамның мойнында қарызы болса, онда қауымның беделді адамдары оның қарызын жақындары немесе таныстары өз мойындарына алмайынша оған жаназа шығарудан бас тартулары тиіс. Ал, оның қарызын мойнына алған адам, қарызынан ертерек құтылу қажет. Өйткені, мәйіттің қабірдегі қарыз себепті азабы оның қарызы толық өтелгенде ғана тоқтайтын болады.

Хадистерде келгендей: Пайғамбарымызға (с.ғ.с)  жаназа (мәйіт) алып келінген кезде, ол: «Бұл кісінің қарызы бар ма?»,- деп сұрады. Сонда сахабалар: «Жоқ»,- деді. Сөйтіп Аллаһ елшісі (с.ғ.с)  оған жаназа оқыды. Содан кейін оған тағы да бір жаназа алып келінді. Ол тағы да: «Бұл кісінің қарызы бар ма?»,- деп сұрады. Сонда сахабалар: «Иә, (оның екі динар қарызы бар еді)»,- деп айтты. Сөйтіп Алла елшісі (с.ғ.с)  сахабаларға: «Онда бауырларыңның жаназасын өздерің шығарыңдар (оған намазды өздерің оқыңдар)»,- деді. Сонда Абу Қатада: «Уа, Алланың елшісі! (с.ғ.с) Оның қарызы менің мойнымда»,- деп, мәйіттің қарызын көтерді. Сосын Алла елшісі оған жаназа оқыды.

Хадистің басқа бір риуаятында айтылғандай: Алла елшісі (с.ғ.с)  әлгі қарызы бар мәйітке намаз оқығаннан кейін оның қарызын мойнына алған Абу Қатаданы жолықтырып: «Екі динардың жағдайы не болды, төледің бе?»,- дейді. Абу Қатада: «Уа, Аллаһтың елшісі (с.ғ.с)! Оның өмірден өткені кеше ғана ғой»,- деп айтады. Ертесі күні Алла елшісі (с.ғ.с) Абу Қатададан тағы да: «Екі динарды не істедің, төледің бе?»,- деп қайталап сұрайды. Сол кезде ол: «Екі динарды төлеп тастадым»,- дейді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Бауырыңның терісін (денесін) енді ғана салқындаттың»,- деді.

Сондай-ақ қарызы бар адам ақыретте сауаптарымен саудаласып, шығын шеккендердің қатарына кіретін болады. Абдуллаһ ибн Омар (Алла әкесі екеуінен разы болсын) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Кімде-кім өмірден мойнына қарыз арқалап өтсе, ақыретте (қарызын) қайтаратын динар да, дирһам да таппайды. Алайда, ақыретте жақсылықтардың сауаптары мен жамандықтардың күнәлары ғана болады».

Абу Һурайрадан (Алла одан разы болсын) жеткен хадсите былай делінген: Сендер муфлистің (банкроттың) кім екенін білесіңдер ме? (Сахабалар): «Біздің арамызда муфлис деген ешбір дирһамы да (ақшасы), заты да жоқ адам», - дейді. Алла елшісі (с.ғ.с): «Расында, менің үмбетімдегі муфлис (банкрот) адам – қияметте намазбен,

оразамен, зекетпен (және басқа да құлшылықтардың таудай- таудай сауаптарымен) келетін адам. Бірақ та, ол мынаны боқтаған (өсектеген, жамандаған), ананы зинамен айыптаған (жала жапқан), басқа біреудің малын ақысыз жеген (қарызын қайтармаған), тағы біреудің қанын төккен, екінші біреуді ұрған болып шығады. Сөйтіп, (ақы иелерінің ақыларынан құтылу үшін) оның мынаған жақсылығы (сауабы) алынып беріледі, анаған жақсылығы алынып беріледі. Ал, егер ақы иелерінің ақыларынан құтылмай тұрып жақсылықтары таусылып қалса, онда олардың күнәлары алынып, оған лақтырылатын (берілетін) болады да, сол арқылы (біреулердің күнәларын арқалап) тозаққа тасталады», - деді. Демек, жоғарыда баяндалғандай, қарызға бату бірнеше жамандықтарға алып барады екен:

Біріншісі: Түнгі уайым мен ұйқысыздық;

Екіншісі: Күндізгі қорлық пен қашқындық;

Үшіншісі: Бастан амандықтың кетуі;

Төртіншісі: Жүрекке қауіп-қатердің кіруі;

Бесіншісі: Біле тұра өтірік айтуға мәжбүр болу;

Алтыншысы: Амалсыздан уәдені бұзуға бару;

Жетіншісі: Күнәнің кешірілмеуі;

Сегізіншісі: Қарызын біреу мойнына алмайынша, жаназаның оқылмай қалуы;

Тоғызыншысы: Қарызы толық таратылмайынша, қабір азабының тоқтамауы;

Оныншысы: Қияметте сауаптарынан айырылған себепті,

Жәннаттан тосылып, тозаққа тасталуы.

Негізінде қарыздың мәселесі қаншалықты маңызды екенін түсіну үшін Алла Тағала Құрандағы ең ұзын аят ретінде қарыз аятын түсіргеніне мән берсек те жеткілікті. Ал, ол аят жөнінде келесі тарауда кеңірек тоқталып өтетін боламыз.

материал «Қарызға қарсы қару» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: