Айшадан (Алла оған разы болсын). Пайғамбар (с.а.с.):
«Расында, Адам балаларынан әрбір адам үш жүз алпыс буында жаратылған. Кім осы үш жүз алпыс буынның санындай Алланы ұлықтаса, Алланы мадақтаса, Алладан өзге құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқтығына куәлік берсе, Алланың пәк екенін айтса, Алладан кешірім өтінсе, адамдардың жолынан тасты, тікенді не сүйекті алып тастаса және жақсылыққа бұйырып, теріске шығарылғаннан қайтарса, расында, ол сол күні жүре отырып, өзін тозақтан алыстатады», – деген. Әбу Тәуба: «Бәлкім, ол («жүре отырып» деген сөздің орнына): «кешті қарсы ала отырып», – деді», – деп айтқан (1007/54).
Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын). Пайғамбар (с.а.с.): «Бір кісі: «Бүгін түнде мен міндетті түрде садақа беремін» деп садақасын алып шығып, оны (білмей) жезөкшенің қолына ұстатады. Таңертең (адамдар): «Түнде жезөкшеге садақа беріліпті» деп әңгіме қылады. Ол: «Уа, Алла! Мадақ Саған тән! (Мен садақаны) жезөкшеге (беріппін). (Тағы да) міндетті түрде садақа беремін» деп садақасын алып шығып, оны бай кісінің қолына ұстатады. Таңертең (адамдар): «Бай адамға садақа беріліпті» деп әңгіме етеді. Ол: «Уа, Алла! Мадақ Саған тән! (Мен садақаны) бай адамға (беріппін). Мен (тағы да) міндетті түрде садақа беремін» деп садақасын алып шығады да, оны ұрының қолына ұстатады. Таңертең (адамдар тағы да): «Ұрыға садақа беріліпті» деп әңгіме етеді. Сонда ол: «Уа, Алла! Мадақ Саған тән! (Мен садақаны) жезөкшеге, бай адамға және ұрыға (беріппін)», – дейді. Сонда оған (біреу) келіп: «Сенің садақаң қабыл болды. Жезөкшеге келсек, мүмкін, ол осы себепті зинадан тыйылар, бай адам ғибрат алып, Алланың өзіне нәсіп еткенінен (Алла жолына) жұмсар, ал ұры осы себепті ұрлық істеуден тыйылар», – деп айтылды», – деген (1022/78).
материал «Сахих әл-Бұхаридың хадистер жинағы» кітабынан алынды,
ummet.kz