Түс үш түрлі болады:
1. Шайтани түстер: Шайтанның адамды қорқытып, рухын қинап, оған уайым салу мақсатында көрсеткен түстері. Мәселен, биік бір жерден құлау немесе адамды әсерге қалдыратын алайдүлей пәлекет көріністерін көру сияқты. Ондай түстердің негізі жоқ. Сондықтан ондай бұлыңғыр, есте қалмайтын түсініксіз түс көрген адам көргенін ешкімге айтпағаны жөн және шайтанның азғыруына қарсы Аллаға сыйынуы керек.
2. Сыртқы әсермен көрген түстер: Бұл – адамның халі мен қиялына байланысты түсінде көрінген көріністер. Мәселен, өте тұзды тамақ жеген адамның түсінде көп су ішуі немесе көп ойлаған бір нәрсесінің түсінде қайта қалпында көрінуі сияқты. Мұндай түстің де жоруы, мәні жоқ. Негізсіз түстер болып табылады.
3. Шынайы түстер: Бұлар – айқын есте қалатын түстер. Бұлар Алла Тағала тарапынан сүйінші, ескерту бабыннан көрініс табады. Бұларды кейбір (міндетті) періштелер ләухи махфуздан біліп, Алла Тағаланың рұқсаты және бұйрығымен адамның рухына салады. Шынайы түстер – Ләухи махфуздан болашаққа түскен сәулелер. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлығының бастапқы кезеңінде шынайы түстер алты айдай жалғасқан еді. Алла Расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Уақыт жақындаған сайын мүминнің түсі еш өтірік болмайды. (Көргеніндей іске асады.) Мүминнің (шынайы) түсі – пайғамбарлықтың қырық алты бөлігінің біреуі. Пайғамбарлыққа жататын ешбір нәрсе жалған болмайды» - (Бұхари, Табир 26; Мүслим, Рүя 6) деген.
Шынайы түстер лайықты адамы тарапынан жоруын, яғни, шифрлердің ашылуын қажет етеді. Түс жору да Хақтың сыйы болып саналатын бір ілім. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) намаздардан кейін кейде сахабаларының көрген түстерін тыңдап, жоритын. Болашаққа байланысты түстен көрініс тапқан істерді түсіндіретін еді.
Түсті жору – кейбір қағидаларға сүйенетін ілім. Бұл ілімді білетіндерді – «мұаббир» (түс жорушы) деп атайды. Жалпы адамдардың пайдасы үшін түстің жоруына байланысты көптеген кітаптар жазылған. Бұлардың ішінде Ибн Сирин мен Мұхиддин Араби Хазіретінің түс жору кітаптарының даңқы шығып, көбінесе солардан бастау алып қазірге дейін әр түрлі кітаптар шыққан.
Сонымен қатар, тек осындай кітаптардағы мәліметтерге сүйеніп түсті жору қауіпті. Өйткені, нағыз жорудың басым бөлігі «кәшф», яғни көрегендік болып табылады. Сондықтан түсті жорушының рухани күшке ие болуы шарт. Әйтпесе, қате жорудың қауіптеріне тап болады. Өйткені, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Түс алғашқы жорушының айтуы бойынша жарыққа шығады» - (Ибн Мәжә, Табир 7) деген.
Демек, түсті лайықты емес адамдарға айтпау керек. Бұл ілімді білетіндер де, бұл жайлы «Алғашқы жору маңызды. Кейінгілердікі жарамсыз» - деген.
материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,
ummet.kz