Адамның шынайы өмірі санаған сандарда емес, өзі шынайы өмір сүрген күндерден құралады.
Бір қисса бар. Арабтарда Жәбір деген бір кісі бопты. Өте көп қыдырымпаз, сапаршыл бопты. Бір ауылдан шықса екінші бір ауылға түседі екен. Бірде ол жолаушылап жүріп бір ауылға соғады. Ауылға кіреберісте мазар жанынан өтеді де, осы уақытқа дейін көрмеген ғажайып көргендей таңданады. Ауыл тұрғындары қабір тастарына адам есімі мен жасын жазып қояды екен. Ондағы кісі жастарының соншалық қысқалығы Жәбірді қатты абыржытады. Қабірлер үлкен кісілердікі емес, әлі тәй-тәй басып келген балалардікі сияқты... Бірінші қабір тасында, «мұнда Сағид жатыр, ол бір жыл, үш күн өмір сүрді» деп, екінші таста «мұнда Фатима жатыр, ол екі жыл, бір апта өмір сүрді» деп жазылған. Әрқайсы қабірді көрген сайын Жәбірдің зәресі қаша берді. Соңында мазар шырақшысынан: – Осынша уақыт сапарда жүрдім, қаншама ғажапты көрдім, бірақ сендердің ауылдарыңнан артық қызық, жұмбақ ауылды көрмедім ...
Шырақшы үнсіз жымиып:
– Сен қабір тастарындағы қысқа ғана ғұмырларға таңданған боларсың?
– Иә!
– Біз өміріміздің бақытты күндерін ғана өмір деп есептейміз. Мысалы, Сағид елу жыл жасады, соның бір жыл үш күнін бақытты өткізді. Қалған өмірі ысырап боп кеткен. Бақытты ғұмырын жазамыз да, бақытсыз, ысырап өмірін жазбаймыз, - деп жауап береді. Сонда ол:
– Егер сендердің ауылдарыңда маған ажал жетсе, «Бұл жерде ана жатырынан тікелей қабірге түскен Жәбір жатыр» деп жазып қойыңдар, - дейді. Адамның қанша өмір сүргені емес, қалай өмір сүргені маңызды. Сол үшін өміріңді жай ғана санай салатын күндермен, өткені үшін мақтанатын жылдармен, мән-мағынасыз сәттермен өткізбе! Өмір жаспен емес, жиған тәжірибеңмен өлшенеді. Бақытты күн – өзіңе, әрі айналаңа жылу шашқан күн...
материал Аслан Орақбайдың «Сенің қамқор ағаң» кітабынан алынды,
ummet.kz