Бізді бірнеше минутқа кешігіп қалсақ, күңірентіп, бір сағаттан асып кетсе, ұрысуға дейін алып баратын кептеліс – кей кедей мемлекеттердің арманы.
Бірнеше сағат ішінде континенттерді кесіп өтуге болатын заманда ол елдер сапар шегу үшін әлі күнге дейін жануарларға жүгінуде.
Біз жұмысымызға қоғамдық не жеке көліктермен санаулы минуттарда жетсек, ол өлке тұрғындары жаздың аптап ыстығы мен қақаған қыстың аязына қарамай, сағаттап жол жүреді. Онымен қоса олар бізден әлдеқайда аз жалақы алады.
Бұл Аллаға осы нығмет үшін шүкіршілік етіп: «Оны бізге бағындырған Алла пәк, бірақ біз оған тең емес едік» деп айтуды қажет етпей ме? Алла бізге оларды бағындырмағанда, бұл жануарларға әліміз жетпейтін еді, өйткені олар жылдамдық, күш-қуат жағынан да бізден асып түседі. Алланың берген бұл нығметіне шүкір етуді ұмыт қалдырмайық.
материал Аслан Орақбайдың «Хәл» кітабынан алынды,
ummet.kz