Қай кезде құл өзін емдеп, кемшіліктерін мойындап, терең шабыт әрі ләззатпен, сүйіспеншілік ынтамен Раббысын зікір етуді бастаса, сол кезде зікірдің шын зейнетіне қол жеткізеді.
Сол кезде Раббани аянмен әлемнің сырларына қанық болып, ондағы жайылған иләһи құдірет көрінісіне таңданып, көңілі тыным табады.
Алла Тағаланың: «(Расулым) Раббыңның жолына хикметпен, тамаша үгітпен шақыр» - деген ("Нахл" сүресі 125-аят) бұйрығынан үлгі алса, құлдың сөздері тамаша әрі хикметті болады. Өйткені, ол аян алуға қол жеткізген құл болып саналады.
Бұл жолда осы қалыпты сақтап, ілгерілеген сайын хайуани рухтың күші азайып, яғни нәпсі сұлтани рухтың әмірлеріне көніп, соның нәтижесінде жаман құмарлықтардың азғыруынан құтыла бастайды. Кешірімділігі мен сабыры, шыдамы артып, кішіпейілдік пен қанағатта, жомарттықта жоғары мәртебеге жетеді. Бірақ, бұл мәртебенің қаупі - «елеулі болдым» деген ойға салынып, абайсыздан тәкәппарлық пен менмендікке түсу.
Сондықтан мүлһәмә мәртебесіндегі мүмин үнемі Алланың көріп тұрғандығын біліп, іс-әрекетін кішіпейілдік пен фәнилік сезімдерімен орындауы керек.
Сондай-ақ Хазіреті Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Өлімді көп еске алыңдар! Өйткені, өлімді ойлау (адамды) күнәлардан арылтады, дүниеқұмарлықтан құтқарады. Егер сендер оны бай кездеріңде ойласаңдар байлықтың пәлесін жояды. Кедей кездеріңде ойласаңдар өмірлеріңді риза етеді» (Суюти, Жамиус-Сағир І, 47) - деген.
Нәпсісі осы мәртебеге жеткен сәлик (дәруіш) Хазіреті Омардың (радиаллаһу анһу): «Жауапқа тартылмай тұрып, өздеріңді жауапқа тартыңдар. Иләһи таразыға тартылмай тұрғанда, амалдарыңды тартыңдар. Ешбір амалдарың өзіне жасырын қалмайтын Алла Тағаланың құзырына шықпай тұрып, сол үлкен сотқа әзірленіңдер» (Ибн Кәсир, Тәфсир І, 27) - деген насихатына сай әрекет жасауға бел буу керек.
материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,
ummet.kz