05
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

«Кәһф» сүресіндегі оқиға есіңде ме?

«Кәһф» сүресіндегі оқиға есіңде ме?

Ислам тарихы

Қызыр пайғамбар алдынан кезіккен баланы өлтіреді. Қасындағы Мұса пайғамбар мұның мәнісіне жете алмай қалады.

Оның хикметі сосын белгілі болады. Алла біздің сенімімізді сақтау үшін дүниедегіні, қолымыздағыны алады. Қадірлім! Алла әрбір істі біздің ойымызға келмейтін хикметпен әрі рақыммен орындайды. Ал біз, ойымыз шектеулі болғандықтан сол істердің бір шетін ғана көріп, байқай аламыз. Алла бәрін біледі, бізге құпия барлық тарапты бақылай алады.

Егер сен «Кәһф» сүресіндегі қайығы тесіліп қалған міскіндермен болғанда: «бұлардың не жазығы бар, кедей екендігі жетпей ме?», - деп айтар едің. Олармен тағы біраз болғаныңда залым патшаның флоты басқалардың қайықтарын тартып алып жатқанына куә боларсың. Міне, сонда ғана сен Алланың рақымын сезінер едің. Үлкен нәрселерден құтылу үшін кішкентай заттармен сынайтын Алла неткен ұлық! Жақыным, өзіңе үңіліп, іс-әрекетіңді түзе.

Анаңның жатырында жатқанда рызығыңды саған жеткізген кім? Ұмыттың ба? Емізулі болғанда анаңның мейірімін саған үйіп-төккен кім? Тура бір құл мен күң сияқты күн-түн демей, еш кіжінбестен мәпелеген кім?

Сүйгенін жесін, қарны тоқ болсын деп алдына қойылған ыстық нанды өзіңе үзіп берген кім? Сені өз жүректерінің бір бөлшегіне айналдырып, керек болса өз еттерін кесіп беруге даяр болған кім? Ал осы аталмыш мейірімдердің баршасын үстіңе үйіп қойған кім? Ол, әрине, Алла емес пе?!

Алла саған мұқтаж емес, бірақ мейірімділік көрсетуін тоқтатпайды. Алла саған мұқтаж емес, бірақ сені Өзіне шақырады.

Осының бәрін ұмытып, тағдырыңда өзің қаламаған нәрсе болса күңкілдеп, аһілеп-үһілеп шыға келетініңе таңым бар. Тым болмаса, уақыт өтуін күтсеңші.

Алла шыңдау үшін сынайды, бір нәрсені бізден басқа нәрсе қайырлы болғаны үшін алып қояды.

материал Аслан Орақбайдың «Сенің қамқор ағаң» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: