05
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

Періштелермен дос болғың келе ме?

Періштелермен дос болғың келе ме?

Ислам тарихы

Достарыңмен бірге көңілді отырыста әңгімелесіп, өткенді еске аласың. Жүзіңе күлкі үйіріліп, қуанышқа кенелесің. Ондағы жақындарыңнын барлығын жақсы көріп тұрасың. Осылайша, ол жер тыныштық пен жайлылыққа толы болады.

Бір кезде қолыңды қалтаңа салып едің, телефоныңды таппадың. Жүрегіңнің соғысы жиілеп, темір серігіңді іздеуге кірістің. Соңғы рет көлікте қолданғаның есіңе түсіп, ішін тексеріп шықтың. Алайда, телефоның ол жерде де жоқ екен. Сені уайым билеп, мазасыздана бастайсың. Барлық қалталарыңды қайта қарасаң да, таба алмаудасың. Көңіл-күйің қуаныштан қайғымұңға ауысты. Отырыстың атмосферасын бұзбау үшін ешкімге білдірткің келмесе де, түріңнен қобалжудың алғышарттары көріне бастады. Алайда қалыпты түр танытып, бір зат іздегендей боласың. Сосын жаныңдағы үстелге көзің түсіп, ұялы телефоныңның сонда жатқанын көресің. Бір жеңілдеп, ауыр деміңмен уайымыңды шығарып жібересің. Жүрегің тынышталып, жүзің жарқын реңге боялады. Телефоныңды қалтаңа салып қойып, ешнәрсе болмағандай достарыңмен әңгімеге кірісіп кетесің. Мүмкін сенде осыған ұқсас жағдайлар болған шығар: бір-біріне қарама-қайшы сезімдер санаулы сәтте араласып кету, бір уақыт бақытты бола тұрып, лезде қайғыға бату. Сен орныңды ауыстырмадың, сол жақын достарыңмен бірге отырсың. Бірақ, басыңа кірген ой сенің эмоциялық күйіңді ауыстырып жіберді. Сондағысы тек бір ой ғана...

Сенің миың бұның шынайы немесе өтірік пе екенін сұрамай, осы ойға бағына кетті. Кейін денең де бұл ойды рас санап, іске қосылды. Артыңнан жыртқыш хайуан қуып келе жатқандай миың көмек сигналдарын жібере бастады. Адреналин гармонын бөліп, қан қысымың көтеріліп, барлық ағзаң жоқ жыртқыштан қашуға дайындалып жатты. Бұл сені бірнәрсе болды деп жалған түрде бейнелеген ой ғана. Ал шындығында еш нәрсе жоқ еді. Денең «бір қауіп төніп тұр» деп ойлап жинаған энергияны таратуға тура келеді. Ал егер сол энергияны жұмсамасаң, ерте ме, кеш пе жүрек аурулары мен қан қысымына ұшырайсың. Осы және сол сияқты ойлар сені бір себеппен болсын, себепсіз болсын шағымдануға, қынжылуға, наразылық танытуға мәжбүр етеді. Олар саған әрдайым тек жамандықты ойлатып тұрады.

Танымыңды тарылтып, нығметтерді жасырады. Алайда осындай ойларды түбімен алып тастайтын немесе осындай ойлар басыңа келген кезде миың мен денеңді басқарып кетпеуге көмектесетін жол бар. Ол – періштелермен дос болу. Иә, періштелермен дос болуға болады. Бұл әрекет кез келген жағдайда жақсы ойлар желісін алып келеді. Жүрегің тыныштық пен ризашылыққа толады. Жақсы істерге жәрдемдесіп, өмірге деген көзқарасың өзгереді. Ибн Масғуд былай дейді: «Адамның жүрегіне келетін ойдың екі арнасы бар: шайтан және періште. Періштенің ойы – жақсылықты уәде ету, хақты растау. Кімде-кім осы нәрсені тапса, ол Алладан екенін білсін. Сөйтіп, Алланы мадақтасын». Жақсылықты уәде ету сені әрқашан оптимист қылады. Барлық нәрсенің жақсы жақтарын көрсетіп тұрады. Ренжімейсің де, шағымданбайсың. Егер саған қуаныш, жақсылық келсе, Аллаға шүкіршілік қыласың. Егер қиындық келсе, көркем сабырлылық танытасың. Себебі, сен барлығын басқарып тұрған Даналық Иесінің бар екенін білесің.

Мүмкін өміріңдегі бір жағдайға мұңайып, сосын ғажайып бір хәлге еніп, қайғыңа қарамастан, күлімдеп жүрсең, онда бұл – періштерлердің ой салуы. Ойлар адамды ашуға жегеді немесе жұмыс жасатқызады. Ойлар адамға ыза кернейді немесе күлкі сыйлайды. «Қорықпа». Мұса пайғамбарға келген уахидағы ой осындай еді. Сиқыршылардың арқандары мен таяқтары дуагерліктің күшімен Мұсаға ирелеңдеген шынайы жылан болып көрінеді. Сол кезде Мұса іштей қобалжып, көңілінде біртүрлі үрей пайда болады. Сол сәтте оны тыныштандыратын уахидағы ой келеді: «Сонда Біз оған: «Қорықпа! Шүбәсіз, сен бәрінен үстем түсесің, соныңда бәрін жеңіп шығасың», - деп дем бердік». [20:68]

Ол ой Адамзат тарихындағы ең залым болған, шектен шыққан адамның алдында бекем тұрғызып, миллиондаған адамдардың өмірлерінің өзгеруіне себеп болды. Ал егер Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын!) сол қорқынышына беріліп кеткенде не болар еді? Алла сақтасын. Егер сол «қорықпа» секілді ойлар саған да жолықса, өміріңде қаншама заттар өзгерер еді. 

материал Аслан Орақбайдың «Хәл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: