Алланың елшісі (алайһи ассолату уа ассалам) былай деген екен:
«Адамдардың жақсылығын бағаламайтын кісі – Аллаға шүкір етуші емес». Ерлі-зайыптылар бір-біріне жақсылық тигізсе, жәрдем көрсетсе, екінші жақ бұл жақсылықтың қадірін білуі керек. Жақсылықты бағалаған кісі Раббысына шүкір еткен болады. Алланың елшісі (алайһи ассолату уа ассалам) тіпті азғантай нәрсенің өзіне әйелдеріне шүкіршілік білдіретін. Жәбирдің айтуынша, Алла Тағала оған разы болсын, пайғамбарымыз (алайһи ассолату уа ассалам) үйдегі кісілеріне: «Нанды шылап жейтін дәмқосар бар ма?» - деп сұрайды, олар: «Сіркесуынан басқасы жоқ» - дейді, оны алдына әкелдірген соң жеп отырып: «Сіркесуы осындай дәмді болар ма еді! Сіркесуы осындай дәмді болар ма еді!» - дейді.
Ал енді жақсылықты бағаламайтын кісі Алла Тағалаға шүкір етпеген болып саналады. Зейнеп, Алла Тағала оған разы болсын, айтады: Алланың елшісі (алайһи ас-солату уа ассалам) бізге былай деп уағыздады: «Отты көрдім, тұрғындарының басым көпшілігі әйелдер екен», олар: «Алланың елшісі-ау, неліктен олай болды?» - деп сұрайды, ол: «Жақсылықтың қадірін білмегендері үшін» - дейді. Олар: «Сонда олар Аллаға шүкір етпей ме?» - деп сұрайды, ол: «Күйеулеріне шүкіршілік білдірмейді, жақсылықты бағаламайды, егер олардың біреуіне өмір бойы жақсылық істеген болсаң, кейін сенен бір нәрсені көрсе болды, мен сенен ешқашан жақсылық көрмедім ғой, - дейді». Алланың елшісі өзіне жақсылық істеген кісінің жақсылығын ұмытпайтын, тіпті ол кісі дүниеден өтіп кетсе де. Айша анамыз, Алла Тағала оған разы болсын, айтады: Пайғамбарымызға (алайһи ассолату уа ассалам) бір кемпір келеді, оны: «Қалайсыздар? Қалдарыңыз қалай? Бізден кейін қалай жүріп жатсыздар?» - деп кеңпейілімен қарсы алады. Ол кісі: «Алланың елшісі-ау, жақсымыз. Сен маған – әке-шешемнен де артықсың» - деп жауап береді. Кемпір үйден шығып кеткен соң, мен одан: «Әй, Алланың елшісі, бұл кемпірді керемет қарсы алдың ғой?» - деп сұрадым, ол: «Әй, Айша, бұл кісі Хадижаның тірі кезінде үйімізге келіп тұратын, расында, жақсылықты ұмытпау иманға жатады». Жақсы қарым-қатынас, тіпті, басқа діндегі туысқа да көрсетілуі қажет. Асма, Алла Тағала оған разы болсын, айтады: Бірде маған анам келген еді, ол пұтқа табынушы болатын. Мен Алланың елшісіне (алайһи ассолату уа ассалам) барып: «Маған анам келіп тұр, үйге кіргісі келеді. Не істейін, онымен қатынасайын ба, әлде қатынаспайын ба?» - деп сұрадым, ол (алайһи ассолату уа ассалам): «Әрине, анаңмен қатынасуың қажет!» - деп жауап берді.
материал «Отбасы бақытына апаратын 30 жол» кітабынан алынды,
ummet.kz