Ғалымдарымыз аналарын жатқызбастан алдын, жайлылығы мен жұмсақтығына көз жеткізу үшін төсектерін қолымен сипап, оған арқасымен жатып тексеретін.
Ғалымдарымыз түнде намаз оқудан қарағанда анасының аяғын уқалауды абзал көретін. Ғалымдарымыз аналары су сұрағанда кетіп, қайтып келген кезде анасы ұйықтап қалса, таң атқанша анасының басында су ұстап отырған. Оны оятпаған және кетіп те қалмаған. Ғалымдарымыз «дәріс беруге неге кешіктің?» деген сұраққа «анам рұқсат бермеді» деп жауап берген. Ғалымдарымыз дәрісте сабақ беріп отырса да, дәріске мыңдаған адамдар қатысса да, анасы жұмсаса, бәрін тастап кеткен.
Омарға (Алла оған разы болсын!) біреу келіп: «Менің жасы үлкейген анам бар. Ол менсіз еш нәрсе жасай алмайды. Мен оны әрдайым мойныма асып, арқалап жүремін. Мен оның ақысын өтедім бе?» деп сұрайды. Сол кезде Омар былай жауап береді: «Жоқ. Себебі анаң сен сәби болғанда осының бәрін жасаған және сенімен бірге болуды қалаған. Ал сен барлығын жасасаң да, оны тастап кеткің келеді».
Мұсылмандардың әміршісі – Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын!) жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менен кейін пайғамбар келер болса, ол Хаттабұлы Омар болар еді», - деп айтып кеткен. Омар халифалыққа келген кездердің бірінде Уайс ибн әл-Қарни есімді кісіні сұрау үшін, қажылыққа Йеменнен келген делегацияны іздеп жүрген еді.
Омар қажылық рәсімдері біткеннен кейін барлығын жинап, «Йемендіктерден басқалары отырсын!» деп бұйырады. Кейін «Йемендіктерден Мурад тайпасынан басқалары отырсын!» деп талап етеді. Сосын «Мурад тайпасынан Қарн ұрпақтарынан басқалары отырсын!» деп айтады. Барлығы отырып, тек бір қарт кісі қалады. Омар сол кісіге барып: «Сендерде Уайс ибн әл-Қарни деген кісі бар ма?» деп сұрайды. Қарт кісі күліп: «Бізді сол үшін жинадың ба? Оны түйелерімізді қарасын деп Арафада тастап кеттік», - деп жауап берді.
Омар Арафаға қарай бет алып, түйелердің арасында намаз оқып жатқан адамды көрді. Оның Уайс екеніне көзі жеткен соң: «Мен үшін Алладан кешірім тілеші» деп өтінеді. «Сен Алла елшісінің сахабасы бола тұрып, мен сен үшін қалай кешірім сұрамақпын? Керісінше, мен үшін сен Алладан кешірім сұрауға лайықсың» деді. Сол кезде Омар: «Жоқ, мен Алла елшісінің былай деп айтқанын естідім: «Уайс ибн Ғамир әл-Қарни – табиғиндердің мырзасы. Жер бетінде белгісіз, ал аспанда танымал адам. Ол сендерге Йеменнен келеді. Егер сен одан Алладан өзің үшін кешірім тілете алсаң, істе. Сонда, Алла сені кешіреді. Себебі, ол – анасына жақсылық қылушы».
Анаға жақсылық қылу! Бұл – Омардай сахабаны алдына әкеліп, одан Алладан кешірім тілеткен ұлы амал!
Уайс Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында өмір сүрген адам еді. Оның барлық үміті Пайғамбарымызды көру болатын. Алайда, алыс жол мен анасының науқастығы Алла елшісімен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүздесуіне кедергі етті. Ол анасымен біраз уақыт болып, кейін пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көру шарапатына, сахаба дәрежесіне ие болуға дәрменді еді. Алайда, анасының оған деген ынтықтығын көріп, жанында қалуды жөн көрді. Осылайша, Алла оның дәрежесін көтеріп, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз тіліне тиек ететіндей үлкен құрметке ие болды.
Бір жас жігіт Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла жолында жорыққа шығуға рұқсат сұраған кезде, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) одан: «Ата-анаң тірі ме?», - деп сұрады. Жас жігіт «Иә», - деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Олай болса, ата-анаң жолында жорыққа шық (қасында бол, жәрдемдес)», - деп жауап берді.
материал Аслан Орақбайдың «Хәл» кітабынан алынды,
ummet.kz