07
Жұма,
Қараша

һижри

Жұмысың қандай болса да – Алланың саған берген сыйы

Жұмысың қандай болса да – Алланың саған берген сыйы

Ислам тарихы

Мен байлығы 4 миллиард долларды құрайтын бизнесменнің сұхбатын тыңдадым. Соңғы инвестициясы оған көптеген проблемалар мен шығындар әкелген көрінеді.

Сұхбат берушінің көп хабары болмаса да, бұл инвестицияны жасау себебін сұрап еді, ол: «Менің қолым бос болды», - деп жауап берді. Бұл адам ең ірі жергілікті телекоммуникация компанияларының біріне басшылық еткен еді. Күндердің бір күні шетелдік кәсіпкерлер оған өз компаниясын қомақты қаржыға сатуды ұсынды. Ол келісімін беріп, өнеркәсібімен қоштасты. Сол кезде миллиардтарға ие болып, қалағанының бәрі алдында тұрғанымен, оған бір-ақ нәрсе жетіспеді. Ол – жұмыс еді. Миллиардер өз кәсіпорнында жұмыс істеу кезінде кездесетін қиындықтар мен ауыртпашылықтарды сағына бастады. Бұл іш пыстырарлық уақыт ұзарған кезде, бірінші пайда болған инвестициялық мүмкіндікке жармасты. Ол инвестицияның пайда алып келетініне де сенімді емес тұғын. Соған қарамастан зерігу себебінен сол іске қаржы құюды жөн көрді. Жұмысың шаршатып жібергендіктен, сен қолыңның әрдайым бос болғанын қалайтын шығарсың. Бәлкім, өміріңе сән беріп, тыныштық орнатады деген ойда сол «бостандыққа» ынтызар боп та жүрсің. Бірақ, дәрігерлер ең қауіпті ауруларды емдейтін дауа ретінде «жұмыс жасату» әдісін қолданатынын білесің бе?

Еңбек терапиясы – жұмыс істегенде ағзаның биохимиясы өзгеруі арқылы адамның физикалық және психологиялық ауруларын емдейтін медицина саласы. Соғыс әскерлеріне бекітілген психиатрлар да бұл әдісті жиі қолданған. Олар жүйке ауруына шалдыққан сарбаздарды шаршағанша жұмыс істеткізетін, тіпті, бұл терапия оларға соғыс туралы ойлауға да мұрсат бермейтін. Жұмысың қандай болса да – ұнаса да, ұнамаса да, ол – Алланың саған берген үлкен сыйы, шүкіршілікке лайық және өз алдына қайталанбас нығмет! Ол қандай ауыр болса да, бұл нығметке шүкіршілік етуді ұмытпа. Себебі, бұл жұмыс нығметіне жете алмай жатқандар қаншама! Ал, айлығыңның көп адамның түсіне де кіре бермейтінін қаперіңнен шығарма.

Сен жұмысыңды жақсы көресің бе, жоқ па – бұл сенің басыңдағы психологиялық мәселе. Бұл мәселенің жұмыс болмысы мен жалақысына еш қатысы жоқ. Бастапқыда сен үшін жұмыс қуаныш пен бақыт көзі болып табылатын шығар. Алайда, уақыт өте келе ол күнделікті тірліктеріңе айналып, жалықтыратын болады, кейіннен шағым мен наразылық өзегіне де айналуы мүмкін. Бұның бәрі, негізі, Ібілістің жоспары еді. Ол әрдайым адамдардың құлағына «сенің жұмысың қызықсыз, жалақысы аз» деп азғырып, «басқа жұмысқа тұрсаң, бәрі жақсы болады» деп өтірік уәде береді. Ал, жаңа жұмысқа орналасқанда, бірінші жұмыс орнындағы «олқылықтар» қайталанып келетіні сөзсіз. Кәсіпкерлік және көшбасшылық сарапшылары адамдарға өз ісін жақсы көргізетін механизмді іздестірді. Соған орай статистика оларға осы планетадағы жұмысшылардың 83%-ы жалақысы қандай болса да, өз жұмысын ұнатпайтынын көрсетті. Осылайша, олар қарапайым қағидаға жетті, оны бұған дейін адамзат тарихындағы ең ұлы көшбасшы – пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтып өткен еді.

Арамыздағы жылдар айырмашылығы мыңнан асып кетсе де, кәсіпкерлік саласында ғасыр менеджері деген лақабқа ие болған адам – Джек Уэлчтен қарағанда мен Пайғамбарымыздан көп нәрсе үйрендім. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Алла бір істі істеген кезде, оны кемеліне жеткізіп жасағанымызды жақсы көреді». Бұл – кәсіпкерлік пен көшбасшылық сарапшылары қол жеткізген қағида. Олар адам өз жұмысын қаншалықты жақсы меңгерсе, соғұрлым оны жақсы көретіндігін айтады. Сен өз жұмысыңды кемелінен меңгерген кезде, ол қандай болса да, маңыздылығыңды сезініп, өзіңе разы боласың. Бұл сені игерген жұмысыңды жақсы көруге итермелейді. Осы жерде марқұм әжем есіме түсіп отыр, Алла оны рақымына алсын! Ол уақытының көп бөлігін жалғыз өткізетін, бірақ, жалғыздықтан жалықпайтын. Оның сыры – ол үй шаруасын жоғары дәрежеде мінсіз атқаратын. Әжем неғұрлым үйін мықты жинаған сайын, соғұрлым өзін жақсы сезініп, қуанышты болатын, тіпті, оған келгендердің бәрі оның үйінің тазалығын мақтай жөнелетін.

Бұл жерде қарапайым үйін бірқалыпты таза ұстайтын әжем мен планетадағы ең үлкен компанияны басқаратын адамның арасында ешқандай айырмашылық жоқ – барлығы бір қағидамен жүреді, ол – жұмысын кемеліне жеткізуді үйрену.

материал Аслан Орақбайдың «Хәл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: