Алла Тағала «Адият» сүресінде өте үлкен мағынаға толы мысалды келтіреді. Оны оқыған сайын Алладан ұяламын. Алла Тағалаnол сүреде жылқылармен серт етеді. Бірақ жай тұрған аттармен емес, қатты шауып, ентіккен сәйгүліктермен ант ішеді:
«Жауынгерлердің танаулап шапқан сәйгүліктерімен серт». Алла Тағала ол сәйгүліктерді былай сипаттайды: «Тұяқтарынан от шашып, ұшқын атып шапқан
сәйгүліктерге серт». Олардың қатты шапқандарынан тұяқтары жерге үйкеліп, ұшқын шашуда. Олар – өкпелері мен тұяқтары жанған сәйгүліктер.
«Сондай қарқынды екпінмен таңсәріде жауға шапқан сәйгүліктерге серт». Алла Тағала бұл аттардың жаттығу немесе көңіл көтеру үшін емес, таңсәріде майданда шауып бара жатқан сәйгүліктер екенін айтуда. Ол сәйгүліктер соғыс ортасында жебелердің, найзалардың ұшып жатқанын көрсе де, сермелген қылыштардың арасында жүрсе де, қожайынына қарсы шығып, кері қайтпады.
«Шапқанда шаң боратқан сәйгүліктерге серт». Олар – соғыс майданындағы шаң-тозаңмен дем алған сәйгүліктер. «Сол екпінмен жау шебіне енген сәйгүліктерге серт». Олар – өліп кетуі әбден мүмкін, ең қатерлі соғыс майданының ортасына енген сәйгүліктер. Алла Тағала осы сәйгүліктермен ант етуінің себебін келесі аятта көрсетіп, өзі түсіндіреді:
«Шынында, адам баласы – Раббысының жақсылығын көрмейтін (нәшүкір), рақметі жоқ жаратылыс». Сүреде сәйгүліктер жайлы әңгімеленіп, кенеттен адамның Раббысымен қарым-қатынасы туралы айтылады. Яғни адам баласы Раббысы берген нығметтерді қадірлемей, нәшүкірлік қылады дейді. Алла Тағала мұнымен не айтқысы келді екен? Алла қожайындары үшін өзінің басын қатерге тіккен, өкпесі мен тұяқтарын жандырып, шаң жұтып, майданның ортасында шауып жүрген сәйгүліктер жайлы баяндады. Алайда, оларды қожайындары жаратпады ғой. Тіпті, құлақ, көз, тұяқ та бермеді. Олар тек сәйгүліктеріне жем-су беріп, баптаған.
Ал ол сәйгүліктер соған қарамастан, қожайынына деген рақметі ретінде еш қорқынышсыз өздерін құрбан етеді. Ал барлығын жаратқан, бізге бүкіл нығметтерді үйіп-төккен Жаратушымыз ше? Өзінің разылығын көрсеткісі келген сәйгүліктерден ұялмаймыз ба? Біздің олардан қай жеріміз кем? Біз неге өз Қожайынымызға разы болып, шүкіршілік етпейміз? Ендеше, бұл дүниеде шаршаған кезде шағымданудың орнына, Алланың бізге берген нығметтерін еске алайық. Күпірлікке қарсы күресіп, шайтанның сыбырына разы болған тілмен, жымиған езумен жауап берейік. Ұмытылған құлшылықтарымызды тірілтейік.
материал Аслан Орақбайдың «Хәл» кітабынан алынды,
ummet.kz