30
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Тасаууф – көркем ахлақты ұстанып, жаман ахлақтан арылу

Тасаууф – көркем ахлақты ұстанып, жаман ахлақтан арылу

Ислам тарихы

Құран Кәрімде Мұхаммеди ахлақ былай баяндалады:

«Ант етеміз, сендер үшін, Аллаға және ақырет күніне қауышуды үміт еткендер мен Алланы көп зікір ететін (мүминдер) үшін Расулалла да тамаша кәміл үлгі-өнеге бар!» ("Ахзаб" сүресі 21-аят). Ұлы Раббымыз сый ретінде көркем ахлақты Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бастап, пайғамбарымыздың ізбасарлары6 арқылы қияметке дейін жалғастырады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мүминдердің иман жағынан ең кемелдісі, ең көркем ахлаққа ие болғаны» (Ахмед б. Ханбәл, Мүснәд ІІ, 256) деген сөздерімен ахлақтың, иманның жемісі және кемелдігінің белгісі екендігіне ишарат еткен. Аллаһ достары да міне, осы Мұхаммеди ахлақпен безенген рухани жол көрсетушілер.

Әбу Мұхаммед Жәрири: «Тасаввуф – көркем ахлақты ұстанып, жаман ахлақтан арылу» - дегенде де осы ақиқатты меңзеген еді. Жүректі көркем ахлақпен безендіріп, жаман ахлақтан қорғау - мәңгілік бақыттылық пен сәлемет үшін аса қажетті болғаны сияқты өте ауыр іс екендігі де шындық. Көрнекті тасаввуфшылардың бірі Әбу Хашим Суфи: «Жүректе орныққан тәкаппарлықты шығару, тауды инемен қазудан да қиын» - деген.

Әбу Бәкір әл-Қаттани болса: «Тасаууф – ахлақ. Ахлақ жағынан сенен жоғары адам, рухани тазалық жағынан да жоғары» - дейді. Адамзат тарихы, пайғамбарлардың көптеген теңдесіз көркем ахлақи іс-әрекеттеріне толы. Осының ең тамаша мысалдарының бірі - Хазіреті Юсуф (аләйһиссәләм). Ол аят кәримада айтылғанындай, өзіне айқын түрде зұлымдық жасаған ағаларына: «…Бүгін сендердің кемшіліктеріңді беттеріңе басып айыптамаймын. Алла сендерді кешірсін! Ол мейірімділердің мейірімдісі» ("Юсуф" сүресі 92-аят) деп, кешірімділіктің шексіз бір үлгісін көрсеткен.

Мұтасаууфтардың алға қойған мақсаттары өз жүректерін Хазіреті Ибраһим (аләйһиссәләм) сияқты дүние құмарлықтан аулақ, иләһи әмірлерге бойсұнғыш, Хазіреті Исмайл (аләйһиссәләм) сияқты Хақ Тағалаға бас иіп, иләһи тағдырға разы, Әйюб (аләйһиссәләм) сияқты сабырлы ету. Мүминнің қайғысы Дәуіттің (аләйһиссәләм) қайғысындай, пақырлығы болса Хазіреті Исаның (аләйһиссәләм) пақырлығындай болуы керек. Мұтасаууф – Хазіреті Мұсаның (аләйһиссәләм) мінәжаты кезіндегідей ынта мен жігерге толы көңілге және әлемнің мәңгілік мақтанышы Хазіреті Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ықыласына, яғни Раббысына деген сүйіспеншілігі мен шынайылығына ие болуға тырысқан адам.

Әбу Хафс әл-Хаддад: «Тасаууф дегеніміз – әдеп» деп тоқсан ауыздың тобықтай түйіні ретінде түсіндірген. Хазіреті Мәулана да әдеп хақында былай дейді: «Мырзам! Біліп қой, әдеп – адамның тәніндегі рух. Әдеп - әулиенің көзі мен көңілінің нұры. Егер шайтанның көзін жойғың келсе, көзіңді ашып қара, шайтанды құртатын – әдеп. Адам баласында әдеп болмаса, ол шындығында адам емес. Әдеп – адам мен хайуанның арасындағы айырмашылық».

материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: