Қалб-и мүниб – үнемі Хақ Тағалаға бет бұрған жүрек. Ол фәни байланыстардың тұтқынынан құтылып, сүйіспеншілік әрі шабытпен мәңгілік әлемнің ләззаттарын алады.
Жүрек иләһи құдірет көріністерінің пәк тебіренісімен тербеледі. Аят кәримада былай баяндалады:
«Міне, сендерге уәде етілген жәннат! Ол Аллаға бет бұрып, әмірлеріне мойынсұнған, көрмесе де Рахманнан қорыққан және Аллаға бет бұрған жүрекпен келгендерге тән» («Қаф» сүресі, 32-33 аяттар).
Қалб-и мұтмайн болса, иман шаттығына бөленіп, жақсы ахлақтың кемелдігіне қарай бет алған жүрек. Орындаған құлшылығында еліктеушіліктен құтылып, шынайылыққа айналған, жүрек зікірмен нұрланып, руханият нәпсіге басым түскен, сөйтіп иман сезім орталығы болған жүрекке толық орныққан болады. Ақыры «Шынайы иман» және «ризашылық» халімен жүрек шабыт, тыныштық және қанағатқа қауышып, төмендегі аятта айтылған: «Жүректер тек Алланың зікірімен қанағаттанады (тынышталады)!» («Рағд» сүресі 28-аят) деген жағдай көрініс табады.
Бұл аятпен Алланың зікірінен алыс қалған жүректер қанағатсыздық азабынан ешбір уақытта азаттыққа шыға алмайтындығы және шынайы шаттыққа қауыша алмайтындығы түсіндіріледі. Сәлим, мүниб және мұтмайн сипатына ие жүректердің белгілері: көңілшек, жаратылысқа мейірімді, көзі мен көңілі жасқа толы, өз халіне риза болу, хақ пен жақсылыққа қызмет, жамандықтан қашу, насихат пен дұрыс жолға ұмтылу, иләһи сүйіспеншілікке ынтық болу.
Шынайы ниетпен «дұға және истиғфар» айтумен қатар, «адал тамақтануға» көңіл бөлу осы жүрек дәрежесінің қоры болып табылады. Бұл қорды сақтау тек салих амалдар жасаумен ғана мүмкін болады. Адам болғандықтан күнәлардан үнемі аулақ болу мүмкін емес. Күнәлар жүректің сезімталдығын (қасиетін) азайтып, оны ақиқат алдында рухани соқыр әрі саңырау ететіндіктен, жүректің жағымды көріністерге ие болуы үшін шынайы истиғфар мен дұғаға жүгіну шарт. Осы хикметке байланысты тасаввуф жолындағы күнделікті зікір дәрістері истиғфармен басталады. Өйткені, Мәжәлләнің атақты қағидасында айтылғандай: «Жамандықты жою, жақсылықты таратудан абзал». Яғни, жамандықтың жойылуы, жақсылықты таратудан да маңызды әрі алдымен орындалуы керек.
Адал тамақтануға келер болсақ, бұл турасында Алла достары: «Адал тамақтанғанның жүрегін Алла нұрландырады да хикмет бұлағын жүрегінен тіліне ағызады» - деген. Салих амал болса, жүректің жеткен дәрежесін сақтау және қолда ұстау кепілдемесі. Хақ Тағаладан келген арнайы ілтипаттар тек осындай жүрек иелеріне тән. Сонымен қатар бұлардан жоғары Алланың нұрына бөленген тірі жүректер де бар, олар пайғамбарлардың және Алла достарының жүректері. Олардың жүректері иләһи сүйіспеншілікке бөленіп, ерекше жанданғандықтан екі дүниеге де ілтипат етерліктей көзқараспен, тіпті көз қиығымен де қарамайды. Алла Тағала пайғамбарларды және олардың мұрагерлері ретіндегі ғұламалар мен әулиелерді адамдардың жүрек көздерін жауып тұрған ғапылдық пердесін ашып, тамаша ахлақ және шынайы құлшылыққа ынталандырумен жүректерге нәр беріп, оларды Аллаға қауыштыратын, Алланы тануға шақырушы «жәннат» жаршысы еткен.
Жүрек тәрбиесінің нәтижесінде адамның көтерілуі талап етілген дәреже жүректің үнемі Алламен бірге болу (ихсан) халіне жетуі және осылайша «тірі жүрек» сипатына ие болуы.
материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,
ummet.kz