Әрбір мүминнің көңілі, қорқыныш пен үміт арасында болып, Алла Тағаланың:
«Саған өлім келгенге дейін Раббыңа ғибадат қыл!» («Хижр» сүресі, 99-аят) деген әміріндегі иләһи қағиданы өзіне дәстүр етуі керек. Иман мен күпірлік тұрғысынан алып айтқанда тағдырдың белгісіздігі себебімен нақты сенімділік те, нақты уайым да күпірлік болып табылады. Өйткені, ақтық демде қандай күйде болатындығын ешкім біле алмайды. Анығында пайғамбарлар мен олар ишарат еткен кейбір адамдардан (сүйіншіленген он сахаба сияқты) басқа ешкім үшін кепілдік пен сенімділік жоқ. Жоғарыда баяндағанымыздай, Алланың затындағы қарама қайшы сипаттар бір-бірімен тығыз байланыста және тыныштық халінде болса, Алла Тағаланың бұл сипаттары сынақ дүниесі болып саналған осы дүниеде бір-бірінен басым түсуге бейім қасиетте көрініс тапқан. Яғни, кей замандары Оның «Һәди» есімінің көрінісімен һидаятқа қауышқандар басым болса, кей уақытта «Мұдилл» есімінің басымдығымен күпірліктегілердің басым болғаны сияқты.
Тіпті, пайғамбарлардың шектен тыс қажыры болғанымен кәпірлер мен пасықтар барлық қоғамда көптеп орын алған. Сондай кәпірлер мен залымдар салтанат құрған дәуірлерде де мүминдер имандарын сақтап келген. Ұхдуд иелері (Асхаб ұхдуд) отқа толы орларға тасталған кезде, алғашқы Христиандар арыстандардың тісімен жан тапсырған кезде, Хабиб Нәжжар залым бір қауым тарапынан таспен атылған кезде, Перғауынның сиқыршылары Мұсаға (аләйһиссәләм) иман еткені үшін қол-аяқтары кесіліп, құрма бұтақтарына ілінген кезде де имандары әлсіремей: «Уа, Раббым! Бізге сабыр жаудыр және жанымызды мұсылман күйінде ал!» - («Ағраф» сүресі, 126-аят) деп ақтық демдерінде иман күресін жасап, шейіт болып, Аллаға қауышқандықтары Құран Кәрімде белгілі.
Бұл ақиқаттардан бізге имани де тәрбиелік қорытынды шығып отыр. Бұл бойынша бір адам күпірлікте қанша шектен шықса да, оның Исламның қасиетті шақыруынан нәсіп алуына ешкім кедергі бола алмайды. Бұған қандай да бір хақы да жоқ. Өйткені ол сәті келіп, жаратылысындағы азды көпті дәрежедегі «Һәди» иләһи сипатының көрінісіне айна болып, тұлғасы өзгеруі мүмкін. Яғни, ең жауыз кәпір де һидаятқа қауышуы мүмкін. Бұл ақиқатты Алла Тағала Перғауынды һидаятқа шақыру міндетін жүктеген кезде Хазіреті Мұса мен інісі Хазіреті Һарунға: «Оған жылы сөз айтыңдар. Бәлкім ол насихатты тыңдар немесе Алладан қорқар» - («Таһа» сүресі, 44-аят) деген бұйрығымен жеткізген.
материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,
ummet.kz