Сәри Сақати былай баяндайды:
«Бір мейрам күні Маруфи Кәрһидің көшеде құрма дәнектерін жинап жатқанын көрдім. Бұл дәнектерді не істейтінін сұрадым. Ол: «Мына жерде кішкене бір баланың жылап отырғанын көрдім. Қасына барып неге жылағанын сұрағанымда жетім екендігін, достарының киімі сияқты киімдері және олардың ойыншықтары сияқты ойыншықтарының жоқ екендігін айтты. Сол үшін мына құрма дәнектерін жинап жүрмін. Осыларды сатып, әлгі баланың қалаған киімі мен ойыншықтарын аламын…» - деп жауап берді. Бұл сөздер менің жүрегімді де толқытып Хазіреті Пірден: «Рұқсат етсеңіз, мен сол балаға қарайын, уайымдамаңыз!» - деп өтіндім. Сосын балаға қажетті нәрселерін алып бердім». Сери Сақати істеген осы ізгі амалының берекетімен қол жеткізген халін: «Көңілімде осы қызметтің берекетімен бір нұр пайда болғаны соншалықты, басқаша халге ие болып, қаншама рухани ләззат алдым…» - деп жеткізеді.
Қиссадан үлгі
Жетімді қуантып, оларға қамқор болу - дінде өте көп уағыздалатын, сыйы үлкен салих амал. Алла Расулының (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл жайындағы мына уәдесі – пайғамбарға ғашық көңілдерді масаттандыратындай мәнді:
«Өз жетіміне немесе басқаның жетіміне қамқор болған адаммен жәннатта мынадай қатарда боламыз». Хадисті риуаят еткен Мәлік бин Әнәс Хазіреті Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) істегені сияқты сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын көрсетті (Мүслим, Зүһд 42).
Тағы бір хадисте: «Бір адам тек Аллаһ ризашылығы үшін бір жетімнің басынан сипаса, қолы тиген шаштың саны бойынша сауап бар» (Ахмед б. Ханбәл, Мүснәд V, 250) - делінеді. Хадис шәрифте айтылған жетімнің басын сипаудағы мақсат – оның рухани-материалдық әрбір мәселесіне жақыннан қарау, көмектесу.
материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,
ummet.kz