05
Жексенбі,
Сәуір

һижри

Салауаттың қадір-қасиеті жайлы хадистер

Салауаттың қадір-қасиеті жайлы хадистер

Ислам тарихы

Абдулла ибн Масғудтан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Қиямет күні маған ең жақын адам маған ең көп салауат айтқан адам болады», – деген.7 Әл-Құтб әл-Халәби былай дейді: «Мен Әбу Исхақ Ибраһим ибн Әли әт-Талидабиді көргенімде ол маған былай деді: «Мен түсімде Пайғамбарымызды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көргенімде оған: «Уа, Алланың Елшісі, мен сенен маған шапағат етуіңді сұраймын», – дедім. Сонда ол: «Маған көбірек салауат оқы», – деді» («Әл-Қаул әл-Бәдиғ», 262-бет).

Абдулла ибн Әбу Талхадан, ал оған болса әкесінен жеткен хадисте: «Бір күні Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) [біздің алдымызға] жүзі қуанышқа толы болған күйде шыққан еді. Сол кезде ол бізге былай деді: «Маған бір періште келіп былай деді: «Уа, Мұхаммед, Алла Тағала: «Менің бір құлым саған оқыған әрбір салауаты үшін мен оған он салауат қайтарып оқысам, риза боласың ба? Сондай-ақ, саған айтылған әр сәлемі үшін мен оған он сәлем қайтарсам ше?», – деп сұрады» Сонда мен: «Әрине [риза боламын], Раббым», – дедім»  (Ибн Хиббан, № 915).

Сағид ибн Умейр әл-Ансариден, ал оған болса Бәдір шайқасына қатысқан әкесінен жеткен хадисте Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Менің үмметімнен Маған шынайы ықыласпен10 салауат оқыған кез келген адамға Алла Тағала он рет салауат айтады, оның дәрежесін он есе көтереді, оның кітабына он игі іс жазады және оның он күнәсін өшіреді» («Әл-Кубра», Ә-Насаи, № 9809).

Амир ибн Рабиғадан жеткен хадисте: «Мен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) уағыз айтып отырып былай дегенін естідім: «Маған салауат оқығанға, ол салауат оқуын қоймағанша періштелер оған салауатын айтуды тоқтатпайды. Олай болса, Алланың құлы қалағанынша салауатты аз немесе көп оқысын» (Ахмед, 3/445).

Абдулладан жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, Алланың жер бетін аралап, маған үмметімнің сәлемдерін жеткізетін періштелері бар», – деген (Ән-Насаи, № 1282; Ахмед, 1/441).

Хусейн ибн Әли ибн Әбу Талибтен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Сараң адам – ол менің атым аталғанда, маған салауат айтпаған адам»  (Әт-Тирмизи, № 3546; Ибн Хиббан, № 909).

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Менің атым аталып, маған салауат айтпаған адам оңбасын», – дегені жеткізіледі (Әт-Тирмизи, № 3545; Ахмед, 2/254).

Имам әт-Тирмизи (209-279 һ.ж.) осы хадисті келтіргеннен кейін былай деп толықтырады: «Кейбір ғалымдардың: «Егерде адам бір мәжіліс барысында бір рет салауат оқыса, сол салауат сол мәжілістің соңына дейін жеткілікті болады», – деп айтқандары жеткізіледі».

Әбу Жағфар Мұхаммед ибн Әли ибн Хусейннен, оған болса әкесінен, ал оған болса атасы Хусейн ибн Әлиден жеткен хадисте Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткен: «Егер біреудің алдында менің атым аталғанда, маған салауат оқуда қателессе, онда ол жәннәтқа апаратын жолдан да қателеседі» («Әл-Кабир», Әт-Тәбәрани, № 2887). 

Жәбирден жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімдекім менің атым аталғанда маған салауат айтпаса, ол адам бақытсыз болмақ», – деген  (Ибн әс-Сунни, № 382; әт-Табаранидің «Әл-Аусаты», № 3871).

Жәбирден жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қандай да бір топ жиналып, Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтпай тарқаған болса, өлекседен де сасық нәрседен тарқағандай болады» (Ән-Насаи, № 9996). 

Осы хадистерге сүйене отырып, шәфиғилерден әл-Хәлими, маликилерден әл-Ләхми және ханбалилерден ибн Батта сияқты ғалымдар Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) есімін атаған сайын салауатты міндетті түрде оқу керек деп санайды. Дегенмен ғалымдардың көпшілігі оны мұстахап көреді («Әл-Лиуа», 204-бет).

Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар, менің қабірімнен мейрам жасамаңдар және маған салауат айтыңдар. Расында, сендер қай жерде болсаңдар да салауаттарың маған жеткізіледі», – деген  (Әбу Дауд, № 2042; Ахмед, 2/367).

Әш-Шумуни былай деп жазады: «Менің қабірімнен мейрам жасамаңдар» - деген сөздер Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қабірінің маңында көп адамның жиналуына тыйым салынғанын білдіреді. Өйткені, бұл қабірге зиярат жасағысы келетіндерге кедергі болады («Әш-Шифә», 2/51).

материал «Салауат байрағы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: