Хандақ оқиғасы мен онда болған жағдайлар бұл тек эмоциялар мен символдарға толы оқиға емес, сол сияқты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларға «Шам, Парсы, Йемен елдерін фатх қыламыз» деп уәде беруі – тек олардың қайғыларын сейілтіп, ынталандырып, энергияға толтыру үшін берілген құр уәде емес.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сөздері тұнып тұрған даналық еді. Сол сөздердің айтылған орны мен уақыты – Алладан келген уахи тұғын. Не айтылса да, не жасалса да, оның негізгі себебі болады. Ол – иманның артуы. Бұл Құрандағы атауы болса, қазіргі таңдағы психология ілімі бұны «Learned Optimism» дейді. Бұл оптимизмнің негізі тәжірибеге негізделеді. Ол құр ынталандыратын сөздерден толықтай өзгеше. Егер сөздер сен оған сенетіндей тәжірибемен сүйенілмеген, шын өмірдегі жағдаймен расталмаған болса немесе уәдені берген адамның сол нәрсені орындай алатынына сенімділік аз болса, үміт сыйлайтын сөздер қандай күшті болмасын, қиын сәттер мен ауыр кезеңдерде әсер етпейді.
Егер ешқандай амал көмектеспесе, барлық есіктер жабылып, бүкіл жаратылыс сенен теріс айналса, оны Аллаға қалдыр. Алланың уәдесін берік ұстан, Алланың дініне тұрақты бол, сонда Алла саған жеткілікті болады. Жүрегіңді тыныштандыр. Кешегі күні Алла қалай саған жеткілікті болса, ертеңгі күні де Алла саған солай жеткілікті болады. Сол себепті сахабалар Алла «жер сілкінісі» деп сипаттаған қиындықтан өтуі керек болды. Себебі, пайғамбардан кейін Алланың дінін көтеріп, батыс пен шығысқа Исламды жаю жолында түрлі қиындықтар күтіп тұрды. Оларға міндетті түрде Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) араларында бар кезде шынайы тәжірибеге негізделген оптимизмге ие болуы керек болды. Мүміндер мүшріктердің жер қайысқан қолдарын көргенде: «Міне, бұл – Алла мен елшісінің бізге уәде еткен нәрсесі. Алла да, Оның елшісі де әрдайым рас айтады», - деді. Бұл олардың иманы мен мұсылмандығын одан сайын күшейте түсті». [33:22]
Олардың имандары күшейді. Бірақ, мұсылман адам иманының артуына мұқтаж ба? Иә, әрбір мұсылман иманын арттыруға мұқтаж. Біз Алланы көрмейміз, алайда, Алла біз оны көріп тұрғандай құлшылық етуімізді, Оның әрдайым бізбен екенін сезінгенінімізді қалайды. Сол себепті, біздегі иман мен оптимизмді арттыратын жағдайлар жібереді. Әбу Бәкірдің һижретке дейінгі жүрегі һижрет жасағаннан кейінгі жүрегіндей емес. Үңгірде жасырынған кезде досы үшін уайымдап, жылаған жүрегі үңгірден шыққаннан кейін иман мен оптимизмге толы болып, сол жүрегімен мұсылмандардың басына түскен қиыншылыққа қарсы тұра білді. Ол Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Аллаға қайтқаннан кейін басшылыққа келіп, арабтар діннен шыға бастаған кезде, олармен күресіп, жеңіп шыға білді. Алланың досы – Ибраһим пайғамбар да Раббысынан иманын арттыруын сұраған: Бірде Ибраһим: «Уа, Раббым! Маған өлілерді қалай тірілтетініңді көрсетші», - деп өтінген еді. Алла оған: «Сенбейсің бе?», - деді. Сонда Ибраһим: «Әлбетте, сенемін. Бірақ жүрегім орнына түссін деймін», - деді. [2:260]
Осыдан кейін, ол абсолютті оптимизмге ие болып, тіпті, отқа лақтырылған кезінде сабырлылық танытқан. Ибраһим иманының артуымен «балаңды құрбандыққа шал» деген Алланың әміріне еш сұрақсыз бағынған. Ал жүрегіне Жаратқан салған тыныштықпен өз жанұясын еш қорықпастан жапан далада жалғыз қалдырып, тәуекел еткен. Демек, оптимизм ауыртпашылықты басатын дауа емес. Керісінше, ол – ешқандай ауыртпашылыққа қарамастан әрекетке итермелеуші дәрі. Оптимизм өзімізді алдап қоятын құр сөздер де емес. Ол – сынақтар кезінде иманыңды арттыратын құрал. Тіпті, Құрандағы ең ұлы аяттың өзі оптимизмге шақырады: «Әрбір қиындықпен бірге жеңілдік бар».
материал Аслан Орақбайдың «Хәл» кітабынан алынды,
ummet.kz