Хазіреті Жүнәйд Бағдади жасаған бұл таным тасаввуфтың нәпсіге қарсы өмір бойы жалғасатын күрес екендігін айтады.
Нәпсіге қарсы күрес болса, нәпсінің дінге қайшы барлық қалауларына бөгет болу. Соғыстар белгілі бір орында және белгілі бір уақытта жасалып, бітеді. Нәпсіге қарсы жасалған соғыстың өмір бойы дамылсыз жүргізілуі керек. Аят кәримада: «…Саған өлім келгенше Раббыңа құлдықты жалғастыр!» - деп (Хижр сүресі 99-аят) бұйырылған. Алла Тағала нәпсінің алдауы мен арбауына мүмкіндік беретін «ғапылдыққа» қарсы үнемі сақ болып, осы қалыпта құлдықтың жалғасуын былай бұйырған: «Өз-өзіңнен жалбарынып, үрейленіп, ертелі-кеш бәсең дауыспен Раббыңды зікір ет! Ғапылдардан болма!» (Ағраф сүресі 205-аят).
Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзі қатысқан «Ғазуәтул-Ұсра», яғни «қиын сапар» деп аталған Тәбүк соғысынан қайтқанда: «Енді кіші соғыстан үлкен соғысқа қайттық» - деген. Бұл сөз шүбәсіз осы танымның бастауы. Өте ауыр жорықтан соң айтылған бұл сөзге: «Бұдан да үлкен соғыс бола ма?» - деп таң қалған сахабаларына Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Иә! Енді кіші соғыстан ең үлкен жиһадқа, нәпсімен күресуге қайттық!» - деп жауап берген.
ХХ ғасыр зерттеуші ғалымдарының бірі Р. Гарауди Исламдағы кіші және үлкен жиһадтың ара салмағының маңыздылығын былай бағалайды: «Бастан-аяқ Исламның рухани тәрбие түрі болып саналатын тасаввуф - негізінде адамды жаратылыс мақсатынан алшақтатып, нәпсісінің тұтқыны ететін әр түрлі құмарлыққа қарсы жасалатын ішкі күрес деген сөз. Мұның Ислам түсінігіндегі аты үлкен жиһад. Мұсылмандарды Алла жолынан айырып, өзіне бағынышты ететін әр түрлі күш, байлық және қате түсініктерге қарсы, Оның бірлігі мен үйлесімділігін орнату үшін тырысу - кіші жиһад деп аталады. Жеке адам мен қоғамның тыныштығын, бақытын қамтамасыз ететін де осы екі жиһадтың арасындағы тепе-теңдік».
материал «Жүрек төрінен орын алған Мұхаммед» кітабынан алынды,
ummet.kz