03
Жексенбі,
Мамыр

һижри

Алтынға баланған ақырет

Алтынға баланған ақырет

Ислам тарихы

Зұлқарнайн (а.с.) бір түні жолда кетіп бара жатып жасағына:

– Аяқтарыңа тиген нәрселерді тегіс жинаңдар! – деп бұйырады. Қолбасшының әмірін естігенде әскерлердің бір тобы:

– Онсыз да көп жүріп шаршадық. Түннің бір уағында аяқ астындағы тастарды жинап өзімізге жүк қып қайтеміз. Ештеңе де жинамай-ақ қояйық, – деп бірауыздан келісіп алғандай тырп етпейді. Екінші топ болса:

– Қолбасшы бұйырған екен, ең болмаса аз-аздан болса да жинайық. Әмірін тыңдамағанымыз жөн болмас, – деп азырақтан болса да жинайды. Ал үшінші топ болса:

– Қолбасшы бекерден-бекерге ондай әмір бермеген болар. Не болса да бір білгені бар шығар, – деп бүкіл көліктеріне көтергенше тиеп алады. Таң атқанда қараса, түнімен жүріп өткен жердің алтыны көп жер болғандығын байқайды. Кешегі аяқтарының астындағы нәрселер сол күйі сом-сом алтын болғандығын білгенде жерге иіліп еш нәрсе іліп алмаған бірінші топ:

– Қап, әттеген-ай! Қолбасшының сөзін тыңдамағанымызды қарашы?! Шіркін, ең құрығанда біреу болса да алғанымызда ғой, – деп өкінішпен сан соғып қала береді. Азырақ алған екінші топ болса:

– Бұдан да көбірек алмағанымызды қарашы, қойны-қонышымыздың бәрін де толтырып алатын жөніміз бар еді, – деседі мұңайып. Ал көп алған үшінші топ болса:

– Шіркін, керексіз киім-кешек, заттардың бәрін тастап, ат-көліктің бәріне көтергенінше бұдан да көп тиегенімізде ғой, – деп, онсыз да көп алғандарына қарамастан, іштей көңіл толмайтындықтарын білдіреді. Міне, жоғарыдағы мысалдағыдай ақыретте де адамдар арасында осы секілді көріністер жиі кездеспек. Кәпірлер:

Шіркін, иманға келіп, ең құрығанда мәңгілік тозақ отынан құтылып, түптің түбінде жұмаққа бара алғанымызда ғой, – десіп таусылмас өкінішпен сан соғады. Сауаптары азырақ болған мүминдер: – Шіркін, тіршілігімде көбірек сауапты іс жасауым керек еді, – деседі. Ал сауабы көп мүмин болса:

– Шіркін, қазіргі дәрежеме одан да артық дәреже қосатын көбірек намаз оқып, ораза ұстап, одан да көбірек сауап іс жасағанымда ғой, – деп ол да тамсанады екен.

материал «Тағылым тамшылары» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: