05
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

Истиғфар оқу кімдерге арналған?

Истиғфар оқу кімдерге арналған?

Ислам тарихы

Истиғфар (кешірім тілеу дұғасы) бұл белгілі бір қауымға бекітілмеген. Ләкин күнәнің тұңғиығына батып шегіне жетсе де, күнәсін тастап тәубеге келген барша адам баласына арналған.

Асыл дініміз «кешірім тілеңдер» яки «күдерлеріңді үзбеңдер» деп Алланың рахметінен үміт қылып, дұға жасау арқылы кешірім тілеуге шақырады. Сол себепті истиғфарды барша мүмін-мұсылманға айта беруге рұқсат. Истиғфарды мынадай бірнеше санаттағы адамдардың көпшілігі айтады екен.

? Күнә жасағандар үшін

Күнә жасап, Алладан алыстаған әрбір пендеге, мейлі ең үлкен күнәға батсын не кішкентай күнә істесе де, жасырын не әшкере істеген болса да, біліп тұрып жасаса немесе әдейі қасақана жасаған болсадағы ол жан Алладан истиғфар тілеуіне құқылы. Бәлки адам айтқысыз үлкен күнәға батқан құл «расымен де мені кешіреді ме?!» деген шайтани күдік-күмәнді ойдан сақ болғаны ләзім. Қақ, рахмет есігін қақ! Алладан кешірім сұрап, шын тәубеге кел! Егер жауап болмаса, тағы да қақ! Ашылмаса, тәубе есігінің түбінде рахметі кең Алладан үміт үзбестен сол күйі түнеп күтіп отыр. Міндетті түрде Алла күнәңді кешіреді, алайда қайта күнәға оралып әлгі фасық жолыңа қадам баспасаң!

? Ізгі адамдар үшін

Истиғфар күнәһарға қателігінен арылып, тура жолды сұрау үшін тіленеді. Ал ізгі кісілер не себепті истиғфар айтады делінсе, ол былайша. Көптеген пайғамбарлар, солардың ішінде Пайғамбарымыз Мұхаммед да күнәдан пәк болса да, күніне бірнеше рет истиғфар айтқан. Бұл іс Алланы еске алу, тәкәппарлықтан сақтану және Аллаға тәуелді, мұқтаж әрі әлсіз құл екенімізді білдіру. Алла Тағала пайғамбарларды һәм періштелерді күнәсінан сақтап қойса да Расуліміз күніне 70-100 рет истиғфар айтып, жарылқау тілейтін. Аспан мен Жердегі, күллі ғаламдағы періштелер де Хақтың пәк мақлұқтары болса да Алланы дәріптеп, мадақ-мақтаулар айтады және кешірім тілейді. Ізгі-солих жандардың бұл амалын – Жаратушыға шүкіршіл құл болғандары деп ұғынса керек.

? Тәубе еткендер үшін

Тәубе етіп, өткен бұрынғы күнәларын тәрк еткен пенде истиғфар арқылы жүрегін бекемдеп, Аллаға жақындай түседі. «Мен тәубе қылдым. Енді кешірім тілеудің қажеті жоқ» дегендерді көрудеміз. Күніміздегі бұл әрекет әсте мұсылман жанға жат қылық. Керісінше истиғфар айту арқылы мүмін құл күпірлікке барудан іргесін алыс ұстамақ.

? Барша мұсылмандар мен адамдар үшін

Истиғфар – тек күнәдан арылу ғана еместі. Яки пайдасы мен әкелері көп зікір әрі дұға. Ризық несібенің артуына, жақсы амалдардың көбеюіне, қиындықтан құтылуға, жүрек тыныштығына тиетін үлкен себеп болады. Қаншаламаған ізгіліктің бастауы мен жаман әдеттерімізден құтылуға, есте сақтауымыз күшейіп жадымыз жақсаруына зор пайда әкеледі. Истиғфар айту қорыта айтқанымызда, тек күнә жасаған кезде емес, әр күні айтылатын барша мүміндерге, адам баласына қажет көркем, қажет амал. Пенденің Алламен байланысын нығайтатын құлшылықтың бір түрі.

Истиғфар құлдың Раббысымен сырласып, кемшілігін мойындап, кешірім тілейтін ең асыл ғибадат. Ол – сезіне білген мүминге, бүкіл жүрегі тірі, иман хәлі сергек мұсылманның өмірлік серігі болуы тиіс. Себебі адам баласы «нисиян» ұмытшақ, бейқам жаратылыс. Қай сәтте қателік жасап қойғанын өзі де байқамай қалуы мүмкін. Міне, сондықтан истиғфар – жүрекке күзетші. Жанға шифа. Рухты тазалаушы ең хайырлы құрал. Истиғфар – үміттің есігін ашатын кілт. Пенде мойнындағы күнәнің ауыртпалығын сезініп, Алланың рахымынан үзбесе игі. Кешірім тілесе, Раббысы оны мейірім құшағына алары сөзсіз. Алла аса Кешірімді, шексіз Мейірімді. Ол құлының ықыласпен айтқан бір ғана «Аллаһым, мені кешіре гөр!» деген сөзін естіп, күнәларын теңіз көбігіндей көп болса да, бір тау толы күнәларды арқалап келсе де кешіруге Құдіретті. Сондықтан истиғфар – тек кешірім тілеу ғана емес. Рухани жаңғыру, жүректің кірден тазалануы, құлдың Раббысына қайта бет бұруы. Ол күнәдан арылтып ғана қоймайды. Өмірге береке, жүрекке тыныштық сәкинасын, дұға-тілекке қабыл болар үміт әкелетін нұрлы жол. Ақиқатында, истиғфар – күнәдан арылуға себеп әрі жәннатқа бастар жарық шам. Сол шамды сөндіріп алмастан жүрегімізде мәңгі жағып өту – әрбір мұсылманның міндеті және асыл мұраты.

материал «Истиғфар - рақмет есігі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: