07
Жексенбі,
Желтоқсан

һижри

Истиғфар – құлдың Аллдан кешірім тілейтін сырлы сәті

Истиғфар – құлдың Аллдан кешірім тілейтін сырлы сәті

Ислам тарихы

Истиғфар – құлдың Хақ Тағала алдында жасаған күнә-қателігін мойындап, кешірім тілейтін сырлы сәті.

Бұл күнәдан арылуға, жүректі тазартып, жанды нұрландыруға апаратын Алланы еске алудың ең ерекше түрі. Истиғфар – тек белгілі бір кешірім сұраудың сөздерінен құралмаған, шын өкініш, шынайы тәубе мен Аллаға қайта бет бұру.Бізге жеткен әртүрлі истиғфарлар бар. Сол истиғфарлардың ең қысқасы баршасына мәлім – «Астағфирулла».

Осы бір сөз – адамның әлсіздігін, Раббысының мінсіз мейірімін еске салып тұратын жүрек сыбыры. Қанша мыңдаған пендесі ауыр қиындыққа түссе де, оны құтқарып мейіріміне бөлейтін жалғыз ғана Раббысы. Ғафур-Рахман Алладан құлдары қанша күнә істеп тұрып, артынша тәубе етсе кешіре білген. Рахмет есігін қаққан құлын итермеген. Алайда пенделері оны түсінбей көп сәтте ақымақтық жасайды. Күнә істеген құл мынадай қорқынышты сезінуі тиіс. Егер осылай күнә істеп жүріп, өлсем кімдермен бірге тірілемін? Мен Аллаға кері қайтып рахмет есігін қағам дегенше, ажал мені күтіп, өлім менің истиғфарымды жасауыма мұрша бере ме? Сол себепті тәубе еткен құл күнәдан дереу Раббысына қайта білсе, игі!

Төменде истиғфар айтудың бірнеше түрін келтіреміз. Сіздер де истиғфарларды қолданыңыздар! Осы истиғфарлар арқылы пайғамбарлар, сахабалар, әулиелер Алладан жарылқау тілеген. Кім Алладан кешірім тілесе, Оның Құранда аталған 99 көркем есімімен сондай-ақ ұлық өзге де есімдерімен бастағаны абзалырақ. Бірі білсе де, бірі білмес бұл көркем есімдерді кітапта беріп кеткенді жөн көрдік. 99 есімді жаттап ғана қоймай, мағынасына назар аударып, ой жүгірте кешірім тілесек дұрыс.

Әкем жастайынан 16 жас шамасынан бес парызын қалдырмай жүрген жан еді. Бала кезінде азды-кемді хужраларда сабақ алған екен. Мұнысы тас қари болған әжеміздің ұлына көрсеткен тәлім-тәрбиесінен. Олай дейтінім, анасы бала кезінен перзентін Абдужәлил атты ауыл молдасынан сауат ашып хат танысын деп, дәрісіне апарады екен. Сол бір үрдіспен өскен әкем де үйіне кітап жинап білім алған. Кейбірін ұстаздары мен бауырлары сыйға тартқан дейді.

Үйде қазақша, арабша кітаптардан құралған шағын кітапхана болды. Мен сол кітаптарды оқып, өзімнің болашағыма деген өзгеше ізденісім мен қызығушылығым артты. Бұл қайтсем ұлт ұстазы болып үмметке, ұлтыма пайдам тимек деген ой-толғаныс...Сол мақсатты алдыма қоя, «болмасаңда ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз!» деген сөздің иесінің жолына ізденіспен аяқ бастым.

Осыдан бірнеше жыл бұрын. Мектеп қабырғасында жүрген жастық шағымның енді бастау алған сәті. Рамазан айының айлы түні. Ауызашардан соң, өзім сонда өскен берекелі мешітке баруға ниет етіп, үйден шықтық. Тарауих намазына барып, жамағат сафына қосылдық. Түркия елінен оқуын аяқтап енді ғана өз еліне, туған жеріне оралған Данияр есімді ұстаз ауылға келді. Келгелі аздаған сәт болған. Десе де үмметке қызмет ету былайша болмақ деп біршама игі бастамаларды бастады. Өзінің алған ілімінің пайдасын халқымен бөлісті. Ізгілікке шақырды. Аздаған уақыт ішінде ауылды рухани да мәдени де дамытуға атсалысқан ұстаз еді. Бұл жолыда Рамазанның берекелі кешін, тарауих намазын адам сүйсінердей өткізуге тырысқан болатын. Тарауих намазының орта тұстарында оразаны қызықты әрі көңілді өткізу үшін түрлі сайыстар өткізіп ұйымдастыратын. Сол кеште ағаммен бірге барған мен кешігіп кіріп соңғы қатарға жайғасыппыз. Әдеттегідей намаз ортасындағы үзілісте ұстазымыз діни-сұрақ жауап қойды.

Алайда көпшілік жамағат тым-тырыс. Мешіт ішінде тыныштықтан ұялған жамағат бір-бірінен сұрасып, жауап іздеді. Ләкин ешкім үндемеді...Тек алдыңғы қатарда отырған Ильхам есімді жігіт пен ең соңғы сапта отырған мені айтпағанда. Екеуміз қолдарымызды көтерген күйі «ұстаз! ұстаз!» деп дауыстап мешітті жаңғырттық. Бәрінің назары бізде. Сөйтсем, ол жігіт те ілім жолын ізденген, түндерін ашулы парақ пен жағулы шам қасында өткізіп жүрген жайы баршылық екен. Бір мектепте оқысақ та, бұрын танымаған екенбіз. Дәл осы кезден кейін шынайы жанашыр, нағыз бауырларға айналдық. Бірге кітап оқып, бір-бірімізді демеп, қолдап ілім жолына бірге қадамдадық. Өмірімде алғашқы әрі ең жақын бауырым бола білді. Сөйтіп, ұстаз қойған қандай сұрақ?,- дейсіз ғой!...Көптеген сұрақ қойды. Әр сұраққа жамағаттардан жауап беріп жатқан жаңа айтқан екі бала. Ілімнің дәрежесін түсірмеуге тырысып, кезектесе тіл қатып түрлі сыйлықтарды алдық. Сол күннің ең қиын сұрағы «Алланың 99 көркем есімі!» болды. Бұл сұраққа да екеуміз ғана жауап беруге қол көтердік. Бір сәтте ұстаз жауап беруге бұл жолы ерекше түрде «михрабқа» шақырды. Қыбылаға бет бұра, кезектесе микрофонды алып айта бастадық.

Алайда, сәл мүлт еттік те кідіріп қалдық. Ұстаз соның өзіне бізге риза болды. Сыйлық беріп жайғастырды. Сөйтті де, жамағатқа бұрылып: «Құрметті жамағат! Осы алдағы жұма күніне дейін толықтай «Алланың 99 көркем есімін» жаттап келіңіздер! Баршаңыз шамаңыз келгенінше. Ол үшін арнайы жеке үлкен сыйлығымыз бар!»,– деді ұстаз. Күн сәрсенбінің кеші. Ести сала, қызығушылықпен «үлкен сыйлық» деді ұстаз, япырай-ааа! Ол не болды екен деп толықтай жаттауға кірісіп кеттік. Асыға күткен мүбәрак жұма кеші де әне-міне дегенше келіп жетті. Жамағат бұл жолы зор ізденіспен келіпті. Екеуміз сабыр сақтап күттік. Бірақ дәл біз өткен түнде жаттаған тәрізді. Шамалары жеткенше талпыныпты.

Соңына қарай бізде қайнаған қызықты сайысқа кіріп кеттік. Солайша, толық, мүдірместен айтып шықтық. Енді нәтижесінде не болар екен деп ұстаз айтқан «әлгі үлкен сыйлықты» күттік. Не деп ойлайсыз? Бұл күллі кітап біткеннің хайырлысы, Алланың кәламы – «Қасиетті Құран» еді. Бірі көк, бірі қызғылт реңді әл-Әзһар баспасынан шыққан екен. Көлемі үлкен жарты метрдей. Міне, осылайша қуанышта шегіміз жоқ қуанғанбыз. Ізгі-солих буынның ғұламалары: «Құранды сыйлыққа алған жан – менен артық үлкен сыйлыққа ие болған адам бар ма деп ойламасын!»,– дейді. Расында да сондай екен. Құран біздің жастығымыздан бастап, тура жолға Нұрлы Нұсқаушы бағдар болды. Артынша осы уақиғадан күн өте, ұстаздан дәріс алып бастадық! Бисмиллә деп бастаған күнненақ көкейіміздегі сауалдарға жауап, кітаптан іздегендерімізді аузынан естідік. Біз үшін барын салып, тәлім-тәрбиемен ұштасқан ілімін беріп сусындатты.

Ильхам бауырым екеумізді ілім жолына бағыттаған ең алғашқы ұстазымыз. Әрі екеуміз ауыл бойынша ұстаздан дәріс алған ең әуелгі, ең алғашқы біз болдық. Бүгінде ол кісі ілім талап қылуын тоқтатпастан Мысыр елінде ілім алуда. Біз де ілім алуымызды жалғастырып, осы жолда «мусәфир» (жолаушы) болып бара жатырмыз. Ильхам бауырым Түркия елінде ілім алуда. Мен де Саялы Сарыағашта «Абдуғаппар Ұстаздың медресесінде» тәлім алып жатырмын.

Ой жүгірте қарасам, «Алланың 99 көркем есімін» жаттаған күннен бастап өмірім күрт өзгерген. Сол арқылы әлемдегі ең үлкен сыйлыққа қол жеткізіп басталған сәттен бері, өмірім береке ошағына айналды. Ілім жолына түстім. Ең жанашыр да туған ағам сияқты болып кеткен алғашқы ұстазыма жолықтым. Алла ғұмырын ұзақ, пайдалы ілім беріп, арттырсын! Жастық шағым қызықты өтті. Ол ғана емес, сол есімдермен бастап қылған дұғаларым еш қайтарылмады. Бәрі шетінен қабыл болды. Бұл көркем есімдер мен үшін үлкен нығметтер мен берекеттің кілті болды. Өміріме қаншаламаған игіліктер келуде!....Сіз де бұл мүбәрак есімдерді жаттап, қос ғұмырыңызды жақсылықтың гүлзар бақшасына айландырыңыз! Мұны кеңес емес, өмірлік шын дәлелденген ізгіліктің қақпасы деп біліңіз!

материал «Истиғфар - рахмет есігі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: