Бізге жетпей жүрген ең үлкен сипаттың бірі – бірбіріміздің қателігімізді жасыра білу.
Пенде болған соң бәріміз де қателесеміз, күнә жасаймыз, сүрінеміз. Бірақ мәселе қателесуде емес, бір-біріміздің қатемізді қалай жеткізуде. Күндердің күнінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үйінде бір оқиға орын алады. Қысқаша айтқанда, жұбайларының бірі қателікке бой алдырады. Бұл жайдан бейхабар Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үйіне келгенде, Алла Тағала уахи арқылы жағдайды хабарлайды. Ең ғибратты тұсы – Раббымыздың жеткізу әдебі: «Оқиғаның кейбірін білдірді, ал кейбірін жасырып қойды».
Осыдан үлкен тәрбие аламыз. Демек, біреудің қатесін айтуға тура келген жағдайда да оның барлығын тізіп, егжей-тегжейлі әшкерелеудің қажеті жоқ. Жүрегіне жетуі үшін меңзеп айту жеткілікті. Адамның жүрегінде өзгелер жайлы жақсы ойдың сақталуының өзі – бір ғибадат. Сол үшін бізге бірбіріміздің айыбын ашпай, керісінше жасырып, тек түзетуге көмектесу – иманның көркем сипаты.
материал Нұрбол Рахматилланың «Стамбулдағы тәфәккур» кітабынан алынды,
ummet.kz