Адам баласы өмір бойы танысқан, араласқан барлық адамдармен бірдей деңгейде тұрақты қарымқатынаста бола алмайды.
Кейде күндердің бірінде себепсізден-себепсіз байланыс үзіледі, кейде белгілі бір жағдайларға байланысты араласуды тоқтатқың келеді. Бұл – өмірдің өзгермейтін заңдылығы. Осындай жағдайда біз не істейміз? Көпшілік адамдар реніш үстінде арақатынасты дөрекілікпен, ауыр сөздермен, жамандық тілеумен аяқтап жатады. Бірақ Құран бізге бұдан да ізгі жолды көрсетеді. Алла тағала Құранда пайғамбарға былай деп бұйырады: «Оларды көркем түрде тастап кет».
Қандай терең өмірлік нұсқау! Бұл аятта Алла тағала тіпті мұсылман емес мүшріктердің өзімен де байланысты үзсең, оны әдептілікпен, көркем түрде үзуді әмір еткен. Яғни, адамды жамандап, қарғап, көңілін жаралап емес, қайта ізетті түрде алыстау – шынайы мұсылмандық сипат. Ал біз ше? Көп жағдайда болмашы дүние үшін бет жыртысып, бір-бірімізді сөгіп, қарғыс айтып, тіпті өмір бойы араласпай кетеміз. Бұл – Құран рухына мүлде қайшы амал. Құранның нұрын жүрегіне сіңірген жан көркем мінездің нәрін толық алады. Өйткені көркем мінез – пайғамбарымыздың ең ұлы мұрасы, Аллаға сүйікті құлдың басты сипаты. Алла тағала баршамызға адамдармен қарымқатынаста әрдайым сабырлы, кешірімді, мейірімді болуды, ал қажет жағдайда байланысты көркем түрде үзуді нәсіп етсін!
материал Нұрбол Рахматилланың «Стамбулдағы тәфәккур» кітабынан алынды,
ummet.kz