Қаншама қиындықтарға қарамастан, разы болған күйде күлімсіреп жүру – ұлы құлшылық. Бұл құлшылық періштелердің тәсбихі секілді, себебі оның шегі жоқ.
Егер осыны өзімізге әдет қылып алсақ, қай уақытта, қай жерде болмасын құлшылық еткендердің қатарынан боламыз. Ал, жүзі түнеріп, тілінен шағымы ажырамайтын адам Алланың берген игіліктеріне күпірлік қылып, білместікпен Оған қарсы шығып отырады. Олардың жағдайын сұрай қалса, бар ренішін тізіп, дайын тұрады. Сонда бұл оның адамға емес, Жаратушыға ренжіп, шағымданғаны ғой?! Біз күн сайын Аллаға деген разылығымызды арттырып, шүкір етуге міндетті болатындай көптеген жағдайды бастан кешіреміз. Алайда, кенеттен сәтсіз жағдайға тап болсақ, шағымдана бастаймыз. Жалықпайынша сол нәрсе әңгімеміздің негізгі тақырыбына айналады.
Ібіліс бізді бар болғаны «шынымен болған жағдайға шағымданып жатырсың» деген желеумен күпірлікке итермелейді. Осылайша, өміріміз наразылық пен ызаға толады. Алайда сол жағдайларды Алла Тағала бізге өз күнәміз үшін айдап әкеліп жатыр емес пе?! Ібілістің жәннаттан қуылғаннан кейінгі мақсаты – кек алу. Оның міндеті – бізді шүкір етуден тыйып, тәубе, қанағат еткендердің қатарынан шығару. Бұны Ібілістің өзі уәде еткен: «Содан кейін олардың кейде алдынан, кейде артынан, кей кезде оң жағынан, кей кезде сол жағынан келіп азғырамын. Нәтижесінде, олардың басым көпшілігін шүкіршілік айтатын құлдарың ретінде көре алмайсың». [7:17]
Ібіліс бізді күндіз-түні маңайлап, толассыз нығметтерден алшақтатады. Жүрегімізді андамында желпіндіріп, сағымнан сағым қуғызады. Отбасылы болсақ, «жауапкершілік алдым» деп шағымданамыз. Үйлі болсақ, жұмысымыз ұнамайды, жұмысқа орналассақ, ақшасын азсынамыз. Ібіліс біздің әрдайым қандай да бір затқа байланып жүргенімізді қалайды.
«Олардың көпшілігін шүкіршілік айтатын құлдарың ретінде көре алмайсың» деген шайтанның мақсатын өзіңмен және қалауларыңмен күресу арқылы жоюға болады. Ал, ол күрес – құлшылық. Шайтанның жолымызға кесе-көлденеңдеп отырып аламын деген жоспарын бұзатын нәрсе де – құлшылық. Шайтан өте мықты, күнәнің барлық түрін қамтитын жоспар дайындаған. Ол жоспары – бізді пессимист, шүкірсіз қылу.
материал Аслан Орақбайдың «Хәл» кітабынан алынды,
ummet.kz