Алла (көп құдайға құлдық ұрған бейшара мен бір Аллаға ғана құл болған адам арасындағы айырмашылықты түсіндіру үшін) мынадай мысал келтірді:
Біреуі – әлдебіреудің құлақ кесті құлы болғандықтан еш нәрсеге құзыры жетпейтін бейшара адам, ал екіншісі – Біз өзіне керемет, мол ризық-несібе берген әрі сол несібесінен жасырын һәм жария түрде игі жолда жұмсайтын (еркін) адам. Бұл екеуі тең бе? Бар мақтау мен шүкіршілік (адам баласын ерікті етіп жаратқан және оның еркіндігін қорғау үшін хақ дін түсірген күллі болмыстың жалғыз иесі) Аллаға тән. Алайда адамдардың көбі мұны білмейді (сондықтан әлденелерді құдай тұтып, оларға құлдық ұрады). ("ан-Нахл" сүресінің 75-аяты).
Алла Тағала серік қосып жүргендердің жамандығын баяндар мысал келтіреді: Бір адам бар қолында ешқандай билігі жоқ әлсіз бейшара құл. Екіншісі Алла Тағала адал мол ризық-несібемен ризықтандырған азат адам . Оған ол иелік етіп, қалағанын жасырын және жария береді. Ақылға салсақ осы екі адам тең бе?! Сол секілді барлығын Жаратушы, Патша, барлығынан үстем Билік иесі болған Алла Тағала жаратқан құлдарымен тең емес. Ол екеуін қалайша салыстырасыңдар?! Бүкіл мақтау-мадаққа лайықты тек қана Алла Тағала. Алайда мүшріктердің көбі нығметтің Алладан екендігінен және тек Алла Тағала ғана құлшылыққа лайықты екендігінен хабарсыз.
Алла (осы ақиқатты түсіндіру үшін) тағы да екі адамды мысалға келтірді: ол екеуінің біреуі – қолынан түк келмейтін, иесіне масыл болған мылқау. Иесі оған қандай іс тапсырса да одан ешқандай қайырлы (оңтайлы) нәтиже шығара алмайтын бейшара. Енді осындай бейшара адам мен өзгелерге әділ болуды бұйыратын әрі өзі де тура жолда болған адам тең бе?! ("ан-Нахл": 76)
Алла Тағала ширктің жалғандығын түсіндіру үшін екі адамды мысал келтіреді. Оның біреуі мылқау әрі керең адам. Ол ешкімді түсінбейді, ешкім де оны түсінбейді. Өзіне де өзгеге де пайда беретін шамасы жоқ. Иесі оған бір істі сүйеніп тапсырса, тек ауыртпалық пен қиындық тудырады. Егер бір іске жұмсаса оны жарытпайды және жақсылықпен оралмайды. Ал екінші бір кісі оның сезім мүшелері сау. Өзіне де өзгеге де пайдасы тиеді. Жасаған ісін туралықпен жасайды. Және ол жолда қисық емес тура жүреді. Ақылмен назар салған адамға осы екі кісі тең бе?! Қалайша естімейтін, сөйлемейтін пұттар мен бүкіл жақсылық қолында болған Құдіретті Алла Тағаланы тең көресіңдер?!
материал «Құран мысалдары» кітабынан алынды,
ummet.kz