07
Жексенбі,
Желтоқсан

һижри

«Мынау пайғамбарлар сияқты сөйлеп отырған кісі кім?»

«Мынау пайғамбарлар сияқты сөйлеп отырған кісі кім?»

Ислам тарихы

Хасан әл Басридің әкесі бір ансарлықтың қызметшісі болған. Ал шешесі Пайғамбардың жұбайы Умму Сәләманың қызметшісі болған. Хасан әл-Басри Умму Сәләманың үйінде өскен.

Умму Сәләма оны жақсы көріп, өз омырауынан емізген. Осылайша, Хасан әл-Басри пайғамбарлық берекеге кенеліп, аузын ашса інжу-маржан төгілетін тақуа, әулие құлдардың біріне айналған. Бірде оның сөйлеп отырғанын Айша анамыз естіп: «Мынау пайғамбарлар сияқты сөйлеп отырған кісі кім?» – деп сұраған дейді. Үнемі мұңайып жүретін, жиі-жиі көзіне жас алатын, өзінен ақиқатты талап ететін кісі болған. Көзбояушылық пен жасандылықты жек көрген. Тәуір киінген, адамдармен араласқан, шақырған жерден қалмауға тырысқан. Ол сондай нұрлы жүзді болған, тіпті, оны бұрын көрмеген адамның өзі бірден тани қоятын еді.

Бір күні біреу Басраға келіп Хасан әл-Басриді іздейді. Бұрын оны көрмеген соң әш-Шағбиден түрі қандай екенін сұрайды. Әш-Шағби оған: «Мешітке кір. Егер бұрын-соңды мұндай адамды көрмедім дейтіндей біреуді байқасаң, сол Хасан әл-Басри», – деп айтады. Адамдар Абдул-Уахид ибн Зайд деген жолдасынан Хасан әл-Басриді сипаттап берші деп сұрапты. Сонда ол: «Алла Әбу Сағидті рақым етсін! Ол біздің ортамызда ең жақын адамын жерлеп келе жатқандай және тозақ оның қақ төбесінде тұрғандай жүретін. Басын шабуға отырғызған тұтқындарша отыратын. Таңертең ақиреттен келе жатқандай көрінетін. Кеш батса ауруы асқынған адамдай күйге түсетін», – деп айтыпты.

Юнус ибн Абдулла деген тағы бір замандасы: «Мен Хасанның ешқашан аузын айқара ашып күлгенін көрген емеспін», – дейді. Басралықтардан «Басраның ең білімдісі, ең тақуасы, ең сымбаттысы, ең… кім?» деп сұраса, барлығы бірдей Хасан әл-Басри деп айтатын болған. Бір күні ол отырған жиында тозақ туралы сөз қозғалады. Сонда Хасан әл-Басри: «Пайғамбардың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Бір адам тозақтан бірталай жыл азапталып барып шығады» деген сөзі бар еді. Әттең, сол адам мен болсам ғой!» – деп айтады. Тағы бір сөзінде: «Көп ұйықтап, көп тамақ жегендерің үшін тәубе етулерің керек», – деген. Бір жаназада Хасан әл-Басри адамдарға былай деп сұрақ қояды: «Мына мәйіт осы кезде дүниеге қайтып келіп, сауапты істерді көбірек істеп, күнәларым үшін көбірек кешірім тілесем ғой деп армандап жатқанын білесіңдер ме?» Барлығы: «Әрине!» – деп жауап берді. Сонда Хасан: «Біз неге онда соны істемейміз?!» – деді де, кетіп бара жатып: «Жүрек тірі болса, өлімнен артық уағыз жоқ!» – деп дауыстады.

Хумайд деген қызметшісі айтады: «Бір күні Хасан әл-Басридің жағдайын білейік деп үйіне бардық. Сөз арасында оған уағыз айт деп қолқа салдық. Сонда ол: «Бірақ мына құлақтарыңнан кіріп, ана құлақтарыңнан шығып кетпесін! Әйтпесе, уағыздың пайдасы жоқ», – деп біраз насихат айтып берді». Хасан әл-Басри қайтыс болған соң Мәлик ибн Динар оны түсінде көреді. Жүзі нұрлы, жағдайы жақсы екенін байқайды. Сосын «Бізге не өсиет айтасың?» – деп сұрайды. Сонда Хасан әл-Басри: «Дүниеде қайғымұңы көптің ақиретте қуанышы көп болады», – деп жауап берген екен.

материал  «Хасан әл-Басридың інжу-маржандары» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: