01
Жұма,
Мамыр

һижри

Алланың рақымынан кәпірлер ғана үміт үзеді

Алланың рақымынан кәпірлер ғана үміт үзеді

Ислам тарихы

Мұса пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) оқиғасында қорқыныш жайлы басқа оқиғалардан қарағанда көп айтылған. Алланың кәләмі болған Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) өзінің қорқынышы жайлы айтуға ұялмаған. Алла Тағала Мұса пайғамбармен тікелей сөйлесіп, оған перғауынға баруды бұйырады. Сол кезде Мұса пайғамбар: «Уа, Ұлы Раббымыз! Біз оның сөзімізді соңына дейін тыңдамай, екеумізді бірдей бас салып, жазаға тартуынан немесе одан сайын азғындап, бізге қатігездік жасауда шектен шығып кете ме деп қорқамыз», - деді.

Алла оның иманын арттырып, оған өзінің белгілерін, құдіретін, мұғжизаларын көрсетіп, перғауын және оның сиқыршыларымен кездескен кезде табанын нық қылады. Кейін Алла Тағала оның дүниеге келуі жайлы, емізулі сәби болған кезінде оған жасаған қамқорлығы жайлы хабарлайды. Кейін байқаусызда адам өлтіріп қойған кезде қиын жағдайдан құтқарғаны айтылады.

«Шүбәсіз, саған бұдан бұрын да шарапатымыз тиген еді. Кезінде сенің анаңа тек аян арқылы ғана білінетін нәрсені білдіріп, мынадай аян берген едік: «Оны (Мұсаны) сандыққа сал да, суға ағызып жібер. Өзен суы оны жағаға шығарсын, сөйтіп, оны Менің де, өзінің де дұшпаны (перғауын тауып асырап) алсын». «Уа, Мұса! Мен өз тарапымнан айналаңдағы адамдардың жүрегіне саған деген махаббат пен сүйіспеншілік сезімін ұялаттым. Осылайша, сен Менің көз алдымда бағылып, тәрбиеленген едің. Кезінде апайың жағдайыңды біліп қайту үшін бір амалын тауып, перғауынның сарайына кірген еді, сонда ол саған сүт ана іздеп, шарқ ұрған сарай тұрғындарына: «Сендерге бұл баланы жақсылап бағып беретін кісі тауып берейін бе?» деген еді. Осылайша, анаң көзайым болсын әрі сарғайып мұңаймасын деп, сені оның өзіне қайтарған едік. Сен ер жетіп, абайсызда бір кісіні өлтіріп қойдың. Біз сені басыңа түскен сол бір істің әлегінен құтқардық» [20:37-40]

Мұндағы жақсылықтарды еске түсірудегі мақсат – Мұса пайғамбардың қорқынышын сейілту болатын. Бұл Мұса пайғамбарды (оған Алланың сәлемі болсын) теңдессіз иманға жеткізіп, оны оптимист қылды. Тығырыққа тіреліп, алдында үлкен теңіз, артында залым перғауын әскерімен келе жатқан кезде, жанындағы адамдар: «Ойбай, бізді қуып жетті!» деп байбалам салды. Сол кезде Мұса пайғамбар еш саспастан: «Жоқ, Раббым сөзсіз менімен бірге, Ол маған тығырықтан шығар жолды көрсетеді», - деді.

Мұса пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) жақсы сөздері мен оптимизмі үмітсіздік пен пессимизмнің ортасында қалған өзгелерге еш пайда бермейтін, болмашы сөз болып көрінді. Үміті сөнген адамдар әрқашан осылай ойлайды. Олар оптимисттерді объективтілігі жоқ, логикадан алыс адамдар деп санайды. Алайда Мұса пайғамбардың оптимизмі шынайылыққа негізделді. Себебі бұл шығатын жолы болмай, тығырыққа тірелген ең алғашқы сынағы емес. Сол себепті кеше жеткілікті болған Алла бүгін де жеткілікті болатынына толықтай нық сенімде еді. Мұса пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) жанындағы адамдардың пессимизмі күпірлік межесіне жеткен еді. Олардың пессимизмі Алла Тағала Мұса мен оның қауымын перғауыннан құтқарғаннан кейін де жалғасады. Олар жеңіске жеткендері үшін оптимист болудың орнына Мұса пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) былай деп айтады: «Біз сен келмей тұрып та, келгеннен кейін де зәбір-зомбылықтан көз ашпадық».

Міне – Алладан үміт үзген адамның жан дүниесі осындай болмақ. Олар ешбір жақсылықты көрмейді, ешбір қамқорлықты байқамайды. Әрқашан шағымданып жүреді. Пессимизммен өмір сүретін адамдар Мұса пайғамбардың мұғжизаларын көріп тұрып, еш әсерленбейді. Олар, тіпті, теңізден өткеннен кейін пұттарға табынып жатқан қауымды көріп: «Ей, Мұса! Бізге мыналардың құдайлары сияқты бір құдай жасап бер», - деуге көшкен.

Ал, перғауынның сиқыршылары Мұса пайғамбардың мұғжизасын көрген кезде перғауынның үркітіп-қорқытуына қарамастан адамдарға өздерінің иманын жария етеді. Күпірлікте шектен шыққан сиқыршылар Алланың белгісінен әсерленсе, Алладан үміт үзіп, пессимизмге батып кеткендер еш әсер алмаған. «Перғауынның ұлылығы әрі үстемдігімен ант етеміз. Бұл сайыстың жеңімпазы мына біз боламыз!» деген сиқыршылар Алланың құдіретін көрген кезде хәлдері өзгеріп, жаңа ғана ант ішкен перғауынға: «Біз сені өзімізге келген мұншама ап-айқын дәлелдерден һәм бізді ерек етіп Жаратқаннан артық көре алмаймыз. Бізге қатысты қалаған үкіміңді шығар. Сенің үкімің мен пәрменің осы дүниеде ғана жүреді. Біз Раббымызға күнә-қателіктерімізді, әсіресе, өзің мәжбүрлеп істеткен сиқырдың күнәсін кешірер деп иман келтірдік.

Алла сый-сияпатқа бөлеуде сенен әлдеқайда қайырлы, сондай-ақ азабы да мәңгілік» деді. [20:72-73]

Олардың жүректері өзгеріп, керемет тыныштық сезіміне бөленді. Ал Мұса пайғамбардың қауымы – «Бәну Исраил» жүректері ешнәрсе әсер етпейтін қатты үмітсіздікке батып кете берді. Олардың үмітсіз, пессимист рухтары күпірлікке әкелді. Сол үшін сен де пессимист болудан және пессимист адамдардан сақ бол. Алланың рақымынан тек кәпірлер ғана үміт үзеді.

материал Аслан Орақбаевтың «Хәл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: