01
Жұма,
Мамыр

һижри

Саған зиян тигізетіндерден оқшаулан

Саған зиян тигізетіндерден оқшаулан

Ислам тарихы

«Қашан олар бос сөз естісе, одан бет бұрып: «Біздің ісіміз өзімізге, сендердің істерің өздеріңе тән. Сендерге сәлем. (Қош бол!) Надандарды қаламаймыз», – дейді» ("Қасас", 55).

Араласса, қиындық тудыратын, сөз сөйлесе, көңілге тиетін, жағдайды қиындатып, мәселені ушықтыратын адамдар қай ортада болмасын табылады. Олармен жақын байланыссаң, дінің мен дүниеңе зарарын тигізеді. Зиянынан аман қалудың жалғыз жолы – олардан бойды аулақ ұстау. Кейбір адамдар өз бастарына бәлені, шаршауды, бақытсыздық пен уайымды сатып алады. Бір рет тасқа соғылған басын екінші қайтара соғып алудан сақтанбайды. Бір рет аузы күйген жанжалға екінші мәрте өз еркімен қайта барады. Сондай зиян тигізетін адамдардың отырысына барудан тартынбайды. Сөйтеді де, жан дүниесінің ауырлағанын, рухани әлсірегенін айтып шағымданады. Алла Тағала айтады: «Аяттарымыз турасында олардың әжуәға кіріскенін көрген сәтте басқа сөзге кіріскендеріне дейін олардан бет бұр. Егер шайтан саған ұмыттырса, есіңе түскеннен кейін залымдар тобымен бірге отырма!» ("Әнғам", 68).

Бұл аятта Алла Тағала Пайғамбарымызға уәхиді мазаққа айналдырып, үкімдерді жеңіл көріп, шариғатқа қарсы келетін қауыммен бірге отырмауын бұйырады. Себебі мұндай ортада насихат айтып, туралыққа шақыру нәтижесіз болады. Ал олармен бірге отырып, олардың улы пікірлерін тыңдай беру сау адамның жаны мен тәніне зиянын тигізеді. Ал Алланың ұсынғанын қабылдап, нашар ортасын дінге деген адалдығы мен Алланың разылығы үшін тастай білген адам үшін Алла Тағаланың берер үлкен сыйы дайын тұрады. Бұған бір мысал Құран Кәрімде баяндалады: «(Ибраһим) олардан, олардың Алладан өзге табынғандарынан да ажыраған кезде, оған Ысхақ пен Яқубты беріп, әрқайсысын пайғамбар қылдық. Оларға мейірімімізден бағыш етіп, оларды әр тілде жоғары бағалаттық» ("Мәриям", 49-50).

Осылайша, дінсіз қауымынан Алла үшін бас тарта алғаны үшін Алла Ибраһим пайғамбарға Ысхақ пен Яқубты пайғамбар етіп береді. Одан бөлек «Кәһф» сүресінде де нашар ортадан бөлініп шыққан иманды жігіттер турасында да мына аят келеді: «(Ақырында олар пұтқа табынған залым қоғамнан мүлдем қол үзуді ұйғарғанда, араларынан біреуі): «Ақыры олардан һәм олардың Алладан басқа табынғандарынан біржола қол үзген екенсіңдер, ендеше үңгірді пана тұтыңдар. Сөйтіп, Раббыларың сендерге жар болып, рақым құшағын жайсын һәм істеріңді оңғарсын», – деді ("Кәһф", 16).

материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: