Адамды адамдыққа, өмірдегі негізгі мақсаттарға жеткізіп, әртүрлі оқыс жағдайлардан сақтап қалатын да өзінің ортасы. Адам өзін қоршаған адамдардан үлгі алып, әсерленеді. Тәмсілде айтылғаны сияқты, адам – өз ортасының жемісі.
Ортаның қандай болуына байланысты адам не жаман, не жақсы болады. Сол үшін адамның өз ортасына, кімнің арасында жүргеніне мән бергені жөн. Ешқашан негативті адамдармен жолдас болма! Сәтсіздікке ұшырағандармен отырма. Тоқтап қалғандарды тыңдама. Керісінше, өзіңді өзгертуге септігі тиетін, жан дүниеңді байытатын, позитивті пікірлеуге, ойлауға шақыратын адамдармен жолдас бол. Жолдастық, достық адам тұлғасының, өмірлік бағытының қалыптасуына, іс-әрекетінің жүйеленуіне әсер етеді. Осы себепті пайғамбарлық өсиетінде Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кісі досының дінінде (кіммен араласса, солай болады). Әркім өзінің кіммен араласып жүргеніне қарасын», – дейді. Кісі достары арқылы танылады. Досының табиғаты, мінезі, іс-әрекеті қандай болса, кісі де сондай болады. Досы айна іспеттес. Қасындағы жолдасының болмысын көрсетіп береді. Алла Тағала сол үшін «Кәһф» сүресінде пайғамбарын ізгілермен үзеңгілес болуға, ертелі-кеш Алланы еске алып, ғибадаттан жалықпайтындармен жолдас болуға үндеп жатыр. Ал жамандарға келетін болсақ, олардан жырақ болуға, олармен араласпауға шақырып жатыр.
Сен де мақсаты биік, алысты көздейтін адамдармен жолдас бол. Олардың маңынан алыстап кетпе. Ондай жолдастармен бірге болу адамды шыңдап, мақсатының биік болуына, арманының асқақтауына септігін тигізеді. Сөзінің мәні, ісінің түбі жоқ, сәтсіздікке ұрынып жүретін, сөзі көп адамдарға жолама. Сынықтан басқаның бәрі жұғады. Ондай адамдар өз бойындағы негативті де тасымалдап, басқаларға жұқтырып жүреді. Ізгі дос – Алланың пендеге берген нығметі. Ол сені ғибадатқа шақырып, өзі көмектеседі. Алысты көруіңе жәрдемдесіп, дүние мен ақыретіңе пайдалы нәрселерді үйретеді. Ондай досты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай «миск сатушы» деп сипаттауға болады. Ол достан барлық кезде, барлық жағдайда тек пайда аласың. Ондай достық тек дүниемен ғана шектелмей, шынайылықтың берекесімен ақыретте де жалғаса береді. «Ол (қиямет) күні дүниедегі барлық достар (яғни бір-бірін тек дүниелік мақсатта дос тұтқандар) біріне-бірі қас дұшпан болады. Ал тақуалардың жөні бөлек, (олар қай кезде де бір-біріне шын жанашыр дос болады)» ("Зухруф", 67).
Кейбір достық сені жәннатқа жетелесе, кейбірі жәһәннәмға тартып кетуі мүмкін. Ондай адамның дауысы қалай шығатыны жайлы Құранда былай айтылған: «Қап, әттеген-ай, өзіме де обал жоқ! Пәленшені дос тұтпай-ақ қойсамшы!» ("Фурқан", 28).
Достың сөзі жүрекке майдай жағып, көңіліңе дем берсе, кейде мазаңды қашырып, берекетіңді кетіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) һижрет сапарында сахаба Әбу Бәкірді ертіп жолға шықты. Меккеліктер артына адам салып, тауып алу үшін барын салады. Бүкілі аяққа тұрған сәтте екеуі Мединеге қарай жолға шықты. Сонда сахаба Әбу Бәкір өзіне емес, пайғамбар үшін үрейленіп, қауіптеніп, қайта-қайта жан-жағына жалтақтай берді. Сол сәтте пайғамбардан жайбарақат үнмен мына дауыс естілді: «Уайымдама! Шүбәсіз, Алла бізбен бірге» ("Тәубе", 40).
Осыдан кейін досының жүрегі орнығып, жаны тынышталды. Кеудесіне сенімділік сезімі орнады. Бұдан да басқа Пайғамбарымыздың сахабаларына қатысты шынайы достыққа мысал бола алатын тарихи оқиғалары жетерлік. Ол өзін емес, қасындағы жолдасының жағдайын ойлап тұратын. Жолдасының жағдайы жақсарып, көңілі жайлануы үшін бәрін істейтін. Соның әсерімен, нәтижесінде, ислам әлемінде талай тұлғалар мен таланттар жетіліп шыққан еді. Өзіңмен жолдас болғандардың салмағы бар, сапалы адам болуына да мән бер. Тіпті олармен бір сәт бірге болуыңның өзі сен үшін ешкім бере алмайтын, еш нәрсе орнын толтыра алмайтын жағдайға жеткізсін. Бұхари мен Муслим жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мына бір жағдайды айтады: «Періштелер Алланы еске алып, жәннатты сұрап, тозақтан пана сұрайтын, мағфиретті (кешірімді) тілейтін жиындарға үйір болады. Сонда Алла олардың тілеулерін бергенде періштелер:
– Раббым! Ол жерде пәленше деген күнәһар бар. Ол өтіп бара жатып отыра салды, – дейді. Алла Тағала:
– Оны да кешірдім. Ол қауыммен бірге болған адамның өзі бақытсыздыққа ұшырамайды, – дейді».
Міне, осы оқиғадан-ақ жолдастықтың, достықтың әсерін түсінуге болады. Ізгілер ортасында жай ғана отырғанның өзінде Алланың мейіріміне ие болды. Ал бүкіл өмірін ізгілікте, ізгілермен жолдас болып өткізген адамның жағдайы қандай болады? Достықтың, ортаның берекесі деген – осы. Жақсылармен жолдас болсаң, әйтеуір, бір жақсы қасиет бойыңа жұғады. Жаның жай тауып, ісің реттеліп, мінезің дұрысталады. Иә, жақсымен жолдас болған ұятқа қалмайды. Досы жақсы қор болмайды. Жолдасы жақсы жолда қалмайды. Өмірде кейде сені досыңның құрметі үшін сыйлайды. Ортаң жақсы болып, жолдасың ізгі болса, бағалайды. Тіпті Алла Тағаланың өзі ортаңның қандай екеніне қарап бағаңды береді екен.
Жоғарыдағы оқиға – соның айқын дәлелі. «Уа, иман келтіргендер! Аллаға тиісінше тағзым етіңдер әрі Оған қарсы келуден барынша сақтаныңдар, сондай-ақ, (ісі де, сөзі де түзу, Аллаға берген уәделеріне берік) шыншыл жандармен бірге болыңдар!» ("Тәубе", 119).
Олар сияқты бола алмасаңдар да, олармен бірге болыңдар. Жақсымен жолдас болған дамиды…
материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,
ummet.kz