30
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Ислам – барлық нәрсенің орта жолын үйрететін дін

Ислам – барлық нәрсенің орта жолын үйрететін дін

Ислам тарихы

«Осылайша, сендерді (артық-кемсіз) орташа бір үммет қылдық. Адамдарға куә болуларың, сондай-ақ пайғамбардың сендерге куә болуы үшін» ("Бақара", 143).

Ислам – барлық нәрсенің орта жолын үйрететін дін. Барлық нәрседе шектен шығуды да, шегіне жеткізбей орындауды да құп көрмейді. Ислам дінінің бір көркемдігі оның орта жолды ұстануға шақыруы болса, мұсылманның да басқа діндегі адамдардан ерекшеліктерінің бірі орта жолды ұстанып өмір сүруінде. Мұсылман адамдармен қарым-қатынасында да, сөзі мен ісінде де, сезімдерін басқару мен қорқыныш-үрейде де орта жолды таңдайды. Үмітке артық беріліп, жайбарақат өмір де сүрмейді немесе үрейге беріліп, үмітсіз де қалмайды. Тіпті ғибадаттарында да орта жолды ұстанады. Ақыреттің қамын ойлайды, солай бола тұра дүниедегі жауапкершіліктерін атқаруды да қалыс қалдырмайды. «Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде де, дүниедегі несібеңді де ұмытпа» ("Қасас", 77).

Барлық нәрсені шегімен атқарып, орта жолында болу өмірді үйлесімді етеді. Орта жолды ұстану туралы Құран аяттарының бірнешеуінде айтылады. Мысалы, «Исра» сүресінің 29-аятында былай келеді:

«Қолыңды мүлде мойныңа байлаулы қылма да, бүтіндей ашпа. Онда сөгіске ұшырап, таршылықта қаласың». Яғни бұл аятта жомарттықтың орта жолын ұстану керектігі айтылып тұр. «Жеңдер, ішіңдер де, ысырап етпеңдер» ("Әғраф", 31) аятында ішіп-жеуде де орта жолды ұстану керектігі айтылады. «Жүрісіңде де орташа бол да, дауысыңды бәсеңдет» ("Луқман", 19) аятынан жүріс-тұрыста орта қалыпты сақтау керектігін білеміз.

Одан бөлек, мұсылман әр сезімнің өзіндік ақысын беріп, оларды көрсетуде де орта жолдан таймауға тырысуы керек. Ашуында, қызғанышында, махаббатында, ренішінде, разылығында, бір нәрсені қалап немесе жек көруінде де жалпы барлық нәрсенің орта жолын білу даналыққа негізделеді. Себебі сезімдер әлемінің де тиісті ақысы берілмей, айтылмай қалса да, адам артық уайымға душар болады, қарым-қатынас мәнін жоғалтып, адамдар арасындағы сыйластық, сүйіспеншілік суиды. Кей жағдайларда денсаулық сыр береді. Сондай-ақ, әрнәрсенің орта жолын білетін байыптылық, даналық көркем мінез құрылатын іргетас секілді, себебі ол – барлық сүйкімділіктің, мінез үйлесімділігінің бастауы.

материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: