«Алла жаққа жүгіріңдер. Сөзсіз, мен Оның тарапынан сендерге ашық ескертушімін» ("Зәрият", 50).
Алла Тағала – күллі мұсылманның қуанышта да, қайғыда да маңдай тірер панасы. Алла Өзінен демеу сұрай келген құлдарын қиындықтан құтқарып, уайымынан арылтады, жан жарасына шипа беріп, көңілін тыныштандырады. Дұға сұрай жалбарынған қолдар Аллаға ғана көтеріледі. Оған ғана бас ие маңдай сәждеге жығылады. Аллаға ғана жүрек түкпірінде жүрген қорқыныш айтылып, жан сырлары әшкереленеді. Бұл дүниенің шынайы келбетімен танысқан пенде өмірдің адам баласын тек қана әбігерге салып қоюға бейім екенін түсінеді. Бір сынағы бітті дегенде, екінші сынағын алдыңнан шығара қояды. Осындай аумалы-төкпелі заманда адамзат баласы көп жағдайда рухани да, тәндік те шаршайды. Құранда мына аят келеді: «Шын мәнінде, Біз адамзатты машақат пен сынаққа толы өмірге жолдадық» ("Бәләд", 4).
Арпалысы көп өмірде барлық адамның арқа сүйер тіректі, үлкен бір демеу мен қорған болар пананы іздейтіні анық. Құран аяттарынан сусындаған, Құран үні және ондағы айтылған Раббәни насихаты және әуелгі ізгілердің өмір жолында көрсеткен үлгілі әрекеттері баяндалған Құран қиссалары арқылы жұтаған рухының шөлін қандырған мүмін кісі өзін ешқашан панасыз, қорғансыз сезінбейді. Қорған сұрауға лайық болған тек Бір Алла екенін терең түсініп, Раббысына жақындай түседі. Алланың жібінен ұстап, шариғат жолында нық беки түседі. Шағымын тек Раббысына ғана шағады. Аллаға ғана арқа сүйеу – пайғамбарлардың сүннеті. Яқуб пайғамбар қиындыққа тап болғанда не істеді? Бір де бір адам баласына шағымданбастан, мұқтаждығын Мұқтажсыздан сұрады: «Мен күйзелісімді де, күйінішімді де Аллаға ғана шағамын. Әрі Алладан сендер білмеген нәрсені білемін», – деді» ("Юсуф", 86).
Алла Тағала болса оны уайымынан арылтып, қайғысын сейілтті. Балаларының басын жақсылықта қосып, көңілін бірлендірді. Аюб пайғамбар не істеді? Айықпайтындай ауруға шалдығып, денесін дерт жайлағанда: «Маған бір бәле келді. Сен мейірім көрсетушілердің ең абзалысың», – деп жалбарынды» ("Әнбия", 83). Алла Тағала болса, Өзіне ғана арқа сүйеген құлын көмексіз қалдырмады. Оны дертінен құлан таза айықтырып, аяғына тұрғызды. Зәкәрия пайғамбар ше? Қаусаған шағында ұрпақсыз қалудан қорқып, Раббысына жасырын түрде: «Раббым! Мені жалғыз қойма. Сен ең жақсы мұрагерсің», – деп жалбарынды» ("Әнбия", 89).
Алла оған қарттық шағына қарамастан ізгі ұрпақ Яхияны беріп, оны пайғамбар етті. Осындай Құран қиссалары арқылы Раббың саған да үлкен белгі беруде. Оқиғаларды ашық баян ету арқылы құтылудың жағалауына апарар жолды көрсетіп берді. Олай болса, ешқашан Раббыңнан алыс кетпе, қандай қиын жағдай болса да, тіпті орындалуы мүмкін емес деп ойлаған қалауларыңды да күш-құдіреті барлық нәрсеге жететін, бәрінен Үстем болған Раббыңа айтып үйрен. Алла Тағала құлдарын Өзіне қарай: «Аллаға қарай қашыңдар!» – деп шақырғандай кеудеңді қысқан тарлықтан Алланың кеңдігіне қарай жүгір. Күнәларыңның қараңғылығынан Алланың нұрына қарай қаш. Қиындықтың түнегінен Рахманның бақытына қарай қаш. Нәпсілік қалауларыңның шынжырынан Кешірімді де Мейірімді Раббыңның есігіне қарай қаш. «Қашу» сөзінің астарында «бостандық» сөзі жасырулы. Қорқыныш пен үрейден құтылып, амандық пен есендіктің бостандығына шығу. Уайым мен мұңның тұтқынынан жан тыныштығының еркіндігіне шығу. Болашаққа деген алаң мен өткенге деген өкініштің тұтқынынан ой тыныштығының бостандығына шығу. Аяттағы қашу – жамандықтан Алланың кешіріміне қарай қашып, Раббының панасына барып бой тасалау. Уа, мұңға батушы… Уа, қайғырушы… Уа, сыналушы… Уа, таудай ауыр салмақты көтеруші… Уа, үміті үзілуші… Уа, жүрегі қорқыныш пен үрейдің шынжырына байланған жаны қысылушы… Сен Алладан басқа құтқарушы, Алладан басқа жәрдемші, Алладан басқа пана таппайсың. Алланың адамдарға бұйырған өмір сүру жолына қарай бет бұр. Раббыңның «Өздерінен-өздері тарылып, Алладан басқа ешбір пана жоқтығын аңғарды» ("Тәубә", 118) деген аятты есіңде дәйім ұста.
материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,
ummet.kz