«Қайдан білесіңдер, бәлкім, ұнатпаған нәрселерің түбінде өздерің үшін қайырлы болар. Сондай-ақ ұнатқан нәрселеріңнің түбінде өздерің үшін зиянды болуы бек мүмкін. Ақиқатын Алла біледі, сендер білмейсіңдер» ("Бақара", 216).
Адамның танымы тар, адамдық ойлау жүйесі де шектеулі. Кейде болып жатқан істің де мәнісін түсіне алатындай қауқары болмайды. Артында не тұрғанын түсіне алмайды. Алла болған істің сырты жағымсыз болса да, сыйдың сынақтан кейін болатынын ескертіп жатыр. Кейде кейбір жағдайлар артынша болатын Алла сыйлығының алдындағы сүйінші ретінде болатынын ұмытпайық. Адамның өмірі қуаныш пен қайғының, кеңшілік пен таршылықтың, саулық пен аурудың, байлық пен жоқшылықтың арасында өрбиді. Өмір бір қалыпта тұрмайды. «Сөзсіз, сендер араларында тығыз байланыс болған күйден күйге көшесіңдер» ("Иншиқақ", 19).
Сол үшін адам басында болып жатқан барлық нәрсеге түсіністікпен қарап, Алладан келгеніне иманмен сенуі керек. Пенделікке салынып, күйініп, ызаға булығып, ауыздан артық сөз шығаруға болмайды. Алланың пендесіне берген барлық нәрсесі түбінде пенденің пайдасы үшін ғана болады. Сырттай жағымсыз болғанымен, іштей қайыр-берекелі болуы әбден мүмкін. Адам болған жайттың соңын болжай алмайды. Істің соңына үңіліп, Алланың салған тағдырының хикметін сезіне бермейді. Адам өзінің тар пайымына жүгініп, Алланың жазған тағдырына разы болмай, қорқып-қобалжып, сары уайымға салына береді. Сол үшін де Алла Тағала бізді үлкен ақиқатқа сілтеп, жағымсыз пікір мен ойдан құтылудың жолын үйретті. Ешнәрсе әсер етіп, бұза алмайтын бақыт рецептін бөлісіп жатыр. Алла Тағала Өз кітабында адам үшін қайырлы нәрселерді атап айтып өтті. Соның бірі: адам өзі үшін жаман деп ойлайтын нәрсенің бәрінде де адамның өзі үшін қайыр жатқан болуы мүмкін. Мысалы, адам ғибадат етуден қашады. Мүмкін, жалығады. «Бес рет уақыт бөлу керек, бес рет дәрет алу керек, сүрелер қиын, жаттай алмаймын, уақытым жоқ, пейілім таза» деген сияқты т.б сылтаулардың неше түрін айтады. Бірақ осы адамға жағымсыз нәрселердің өзінде адам үшін пайдалы дүниелер бар. Намаз бастай алмай қорқып, қашып, кейін бастап кеткен адамнан сұрап көр. Қай жағдайы өзі үшін пайдалы болған екен? Намаз оқымай жүрген кезі ме, әлде оқыған кезі ме?
Құран оқуды қиналып, айлар жұмсап үйреніп алған кісіден сұрап көр. Оның қай кезі жақсы? Құран оқи алатын кезі ме, оқи алмайтын кезі ме? Міне, көрдің бе?! Адам өзі жақтырмайтын нәрседе адамның өзіне пайда бар. Бірінші сыныпта кім ұйқысын қиып мектепке барғысы келді? Кім әліппе оқып, әріп жаттағысы келді? Үшінші сыныпта кім көбейту кестесін жаттауда қиналмады? Сол бала кезіңде қиналғаныңның өзі үлкейгенде жұмыста, өмірде пайдаға асып жатқан жоқ па? Міне, сол сияқты, өзіңнің жағымсыз деп ойлаған барлық нәрсе түбінде өзің үшін пайда болып шықпасына кім кепіл? Жақсылық Алланың таңдауында. Бұған мысал ретінде пайғамбарлар тарихынан мына оқиғаны келтірсек болады. Мұса пайғамбардың қиссасы: Анасы қаншалықты ана жүрегіне батып, ауыр болса да, «Сәбиіңді суға таста» деген Алланың әмірін орындай алды. «Мұса (дүниеге келгенде) анасына: «Оны еміз (тағдыры не болар екен деп уайым жеме)! Өміріне қауіп төне ме деп қорыққаныңда (сандыққа салып) өзенге ағызып жібер және ол үшін еш қорықпа да, мұңайма. Біз оны өзіңе қайтарамыз әрі елші пайғамбарлардың бірі һәм бірегейі қыламыз», – деп аян бердік» ("Қасас", 7).
Ана жүрегі осы бұйрыққа көнді. Емізулі баласын ағын суға қоя берді. Жаңа туған нәрестелерді бақылап отырған перғауынның отбасысы Мұсаны судан тауып алды. Сырттай қаншалықты үрейлі, қорқынышты, қауіп-қатерге толы болса да, Алла бұл оқиғаның соңын қайырлы етті. Алла Мұсаны өзі сақтап, анасына қайта қауыштырды. Ана жүрегіндегі қауіп пен уайымды сейілтіп тастады. «Сөйтіп, анасы көзайым болсын, сары уайымға салынып мұңаймасын һәм Алланың уағдасының хақ екенін анық білсін деп, оны анасына қайтардық. Алайда адамдардың көбі (Алланың уағдасының хақ екенін) білмейді» ("Қасас", 13).
Жұма сайын әрбір мұсылман оқитын «Кәһф» сүресіне үңілсек те, «Жақсылық Алланың таңдауында» деген ұлы ақиқатқа мысал болатын біраз оқиғаларды таба аламыз. Мысалы, Қызыр ата Мұса пайғамбарды өзінің қасына серік етіп шыққанда да Мұса сырттай жағымсыз, бірақ артында көп жақсылық бар дүниелердің мән-жайын түсіне алмады. Баланы өлтіру, кемелерді бұзу, қисайған қабырғаны түзеу осының бәрі Мұса үшін түсініксіз жағдайлар еді. Бірақ барлық хикмет Алланың билігінде. Қызыр ата Мұсаға оның бәрінің мәнісін түсіндіріп бергенде ғана Мұса сондай жағдайлардың не үшін болатынын ұғынды. Әрбір нәрсе бір нәрсеге себеп болады. Кемелердің бұзылуы сол кемені күнкөріс көзі ретінде пайдаланып отырған міскін балықшыларға қайыр болды, кемелері өздерінде қалды. Баланың өлімі ата-анасын дінсіздіктен, құқықтарының тапталуынан сақтап қалды. Қабырғаның түзелуі екі жетім баланың қазынасының балиғатқа жеткенше сақталуына себеп болды. Сый – сынақпен бірге келеді. Кейбір тыйымда сыйлық бар. Жеңілдік қиындықпен жанаса болады. Қараңғылықтан кейін қылаң беріп жарық шығады. Құран мұсылманды осылай тәрбиелейді. Алланың тағдырына разы болуға үйретіп, адам жүрегіне тыныштық пен рахат алып келеді. Көңілге тек жақсылық ойлау әдетін егеді. Сен де, мұсылман бауырым, басыңа қиындық келіп, қара бұлт шекеңде тұрғандай күйде болсаң да, қысылтаяң жағдайға ұшырап, тығырыққа тірелген шарасыз жағдайда тұрғандай сезінсең де, Құранда баяндалған осы оқиғаларды ойла. Алла Тағаланың мына сөзін есіңе ал: «Алайда бұл оқиғаны өздерің үшін жамандық екен деп ойламаңдар. Керісінше, ол сендер үшін қайырлы болмақ» ("Нұр", 11).
Жақсылықтың бәрі Алланың жазғанында екенін ұмытпа. Өзіңнің пайымыңның шектеулі, біліміңнің тар екенін есте ұста. Себептердің Себепшісі де Алла екенін естен шығарма. Оған ғана тәуекел ет. Мақсаттарыңа жету үшін белгілі себептерді орында да, қалғанын Аллаға тапсыр. Болып жатқан барлық нәрсе Алланың мейірімімен, рахметімен болатынын ұмытпа. Оның мейірімінің көрінісі – пенде кемеліне келіп, барлық жақтан толысып, жетілуі үшін Оның әртүрлі сынақтар беріп, пендені шыңдауы. Адам сол арқылы жетіліп, кемел тұлғаға айналады.
материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,
ummet.kz