30
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

«Шарх» сүресінде айтылған бақыт кілттері

«Шарх» сүресінде айтылған бақыт кілттері

Ислам тарихы

Құраннан бақыт іздеген адам мақсатына жетеді. Аяттарға ой жүгіртіп оқыса, аңсағанына қол жеткізуі жеңілдей береді. Жүрегінен бәрін шығарып тастап, Құран тіләуәтын қайталай берсе, аяттарға үңіліп, мағынасына бойлап, амал етсе, бақыт теңізінің жағалауына іліге алады. Ал енді сіздерге Алла баяндаған бақыт кілттері жайлы айтайық. Қысқа ғана сүре. Бірақ мағынасы терең, аяттары мағыналы «Шарх» сүресінде бірнеше бақыт кілттері жайлы сілтеме бар.

1. «Біз сенің көкірегіңді ашып, кеңітпедік пе?».

Ең бірінші бақыт кілті – разылық. Көңілдің Алла айтқанына мейлі тартуы қиындықтан, қорқып-қобалжудан, уайым-қайғыдан ұзақ болуы. Жақсылыққа үйір болып, Алланың тағдырына разы болуы. Алла Тағала тағы бір аятта пендесіне жақсылық қаласа, оның көңілін исламға, жақсылыққа, бейбітшілікке бұрып қоятынын айтады. «Алла кімді тура жолға салғысы келсе, оның көкірегін (яғни, көңілін иман нұрымен нұрландырып) Исламға айқара ашады» ("Әнғам", 125).

Мұса пайғамбар осы ақиқатты білгендіктен де ең алғаш пайғамбарлық міндеттеліп, перғауынның құзырына барайын деп тұрғанда сұраған ең бірінші дұғасы мынау еді: «Уа, Раббым! Көкірегімді кең қылып, иман нұрына, ілімге толтыра көр!» (Таһа, 25). Бақыт – сатылатын, сатып алатын, тек ауқаттылар ғана қол жеткізе алатын зат емес. Бақыт – билеушілер мен патшалар өз қасындағыларға ғана сылайтын бір сыйлық та емес. Бақыт – Алланың өз пенделеріне беретін үлкен бір нығметі. Сол арқылы адамның көңілі орнығып, разылық күйіне қол жеткізе алады. Адамның бүкіл өмірі жақсарып, бірізділене бастайды. Барлық нәрсе өз билігінде тұрған Алла неткен Ұлық еді!

2. «Мойныңдағы ауыр жүкті жеңілдетпедік пе?».

Сүредегі реттілік бойынша бақыттың екінші кілті – күнә-қателіктердің кешірілуі. Күнә – дүниеде пендені бақытсыз ететін, ақыретте қасіретке ұшырататын ең үлкен себеп. Сонымен қатар ол уайым-қайғыға, жанның қысылуына, қиындыққа, қиналуға түрткі болады. Дүниедегі басқа да нәрселерді пайдалануға тосқауыл болады. Алла Тағала сүреде күнәні «ауыр жүк» деп сипаттаған. Иә, күнә пенденің мойнындағы ауыр жүк сияқты, оның дүниеде еркін әрекет етуіне кедергі болады. Сол үшін де адам рахатты, тыныштықты сезіне алмайды. Күнәнің кешірілуі, яғни болмауы – бақыттың негізгі кілті. Адамда ауыр жүк болмайды. Адам сол кезде ғана шынайы бақыттың дәмін сезіне алады. Мұсылман пенде Аллаға «Күнәмды жарылқа, қателігімді кешір» деп жалбарынады. Ертелі-кеш, жасырын-жария истиғфар айтады. Сол арқылы қателігі өшірілетін жақсылықтарды жасауға асығып тұрады. Міне, осы жолдар арқылы адам жаңа өмір парақтарын ашып, бақытқа кенеле алады.

3. «Сондай-ақ есіміңді мақтаулы етіп, мәртебеңді көтермедік пе?».

Сүредегі реттілік бойынша, бақыттың үшінші кілті – адам есімінің мақтаулы болуы. Яғни сол адамның есімі аталғанда жақсы пікір мен сөздер айтылуы. Бұл нәрсе – өмірдегі ең үлкен мақсат. Жақсы атты болу, жақсы ат қалдыру – адам өмірінің мәнді, мағыналы болғандығының көрінісі. Бұл нәрсе сол есімі аталып жатқан кісінің адамдар жүрегінен орын алғанын да білдіреді. Сол кезде адамдар аузында оның есімі айналып жүреді де, оның жақсылықтарын, жақсы қасиеттерін айтып таласады. Адамдар – Алланың жер бетіндегі куәгерлері. Алла кімді жақсы көрсе, оған деген сүйіспеншілікті басқа пенделерінің де жүрегіне салады. Өз махаббатының көрінісі ретінде адамдардың аузына есімін салып, жақсылықтарын айтқызып қояды. Бұл нәрсеге адам өзінің зеректігімен, атақ-абыройымен жете алмайды. Ол дәрежеге пенде Алладан сұрау арқылы қол жеткізе алады. Ибраһим пайғамбар да сол нәрсені былай деп сұраған еді: «Маған келер ұрпақ аузында шынайы түрде дәріптелуді нәсіп етіп, келер ұрпаққа жақсы атты қылғайсың!» ("Шұғара", 84).

4. «Демек, әрбір қиындықпен бірге, сөзсіз, жеңілдік бар. Иә, рас, әрбір қиындықпен бірге жеңілдік бар».

Төртінші кілті – Алла жайлы тек жақсы ойлау. Алланың жәрдемін күтудің өзі де – ғибадат. Әрбір нәрсе жайлы жағымды пікір айту, жақсы ойлау – бақытты адамдардың сипаты. Әрбір қиындықтың соңы – жеңілдік. Келген нәрсе кетеді. Бір қиындық екі жеңілдікті жеңе алмайды. Аятта қиындық сөзі араб тіліндегі белгі есім формасында «әл-ғуср» деп келсе, жеңілдік белгісіздік формасында «йусрон» деп екі рет айтылған. Тәпсірші ғалымдар осыған сәйкес «Әрбір қиындықтың соңында екі жеңілдік бар» дейді. Әрбір мүшкіл шешілуге барады. Ауру созыла бермейді, уайым өмір бойы адаммен қалып кетпейді. Қайғы адаммен бірге қабірге дейін бармайды. Кембағалдық өмір бойы адаммен ілесіп жүрмейді. Адамның осы ақиқатты біліп, оған сеніп, Алла жайлы тек жақсылық ойлауы керек. Жан тыныштығымен бәрін тек жақсылыққа жорып, рахат өмір сүрсе, оның бақытты болғаны. «Пенде қалай ойласа, Алла солай мәміле жасайды». Барлық нәрсе адамның ішкі пейіліне байланысты. Ішкі тыныштық адамды бақытқа жеткізеді.

5. «Ендеше бір істі бітірген соң, бірден басқа іске кіріс».

Бақыттың бесінші кілті – уақытты үнемді пайдалану. Яғни, уақытты өз пайдамызға асыру. Мұсылманда бос уақыт болмайды. Оның әрбір уақыты ғибадат болуы керек. Әрбір сәт бақытқа жеткізетін іс-әрекеттермен толы болса ғана адам бақытты бола алады. Бос уақытта адамға әртүрлі уәсуәсалар келіп, шайтан азғыра бастайды. Сол сәтте оған қателікті, күнәні әдемі етіп көрсетіп, уақытын өлтіргісі келеді. Адам осы себепті де бақытсыз болып кетеді.

6. «Сондай-ақ (қандай іспен айналыссаң да) әрдайым Раббыңа, Оның разылығына қарай ұмтыл!».

Бақыттың алтыншы кілті – сөз бен амалда шынайы ықыласты болу. Адам шынымен Аллаға ықыласты болса, бақыт онымен барлық жерде бірге жүреді. Себебі Алланың разылығын іздеп, шынайы ықылас танытқан адамға басқаның сөзі, ойы, пікірі әсер етпейді. Біреудің сөзімен, ойымен өзінің бақытты не бақытсыз екенін өлшемейді. Міне, осылар – «Шарх» сүресіндегі бақыттың кілттері. Кімде-кім бақытты болғысы келсе, осы кілттерді иеленуге асықсын. Өзі иеленіп қана қоймай, басқаларға да үлгі болып көрсетсін. Жақсылыққа сілтеген жақсылықты істеген адамның сауабындай сауап алады.

материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: