30
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Адамның болмашы істермен шұғылдануы – нәпсісінің әлсіздігі

Адамның болмашы істермен шұғылдануы – нәпсісінің әлсіздігі

Ислам тарихы

Адамның осындай болмашы істермен шұғылданып қоюына басты себеп – нәпсісінің әлсіздігі. Яғни нәпсісі әлсіз адамдар артық сөзді көтере алмайды, әрбір үрген дауысқа қарсы жауап қайырып, өз құнын түсіріп алады.

Алтындай қымбат уақытын күлдің қалдығындай құнсыз істерге жұмсайды. Ондай істерге қазіргі замандағы әлеуметтік желідегі жағымсыз пікір қалдыру, жақтырмайтын белгі берген экранның ар жағындағы танымайтын адамға бола ашуланып, ұрыс-керіс алаңына айналдыру сынды әрекеттер де жатады. Өмірінің бір сәтін болсын пайдасыз іске жұмсаған адам ұтылды. Ұрыс-керіс алаңынан жеңіп шыққанның өзі жеңілді. Жанжалдың соңында қандай нәтижеге қол жеткізілсе де, оның бәрі еш негізсіз, ақталып шыққан шындықтың өзі жалған. Бұл жерде бір ғана шындық айқындалады. Ол – дауға қатысқан адамның ақылының таяздығы, биіктікке емес, төмендікке ұмтылуы. Жанжал өзімен бірге өтірік пен жалғанды, жала жабу сынды ірі күнәларды ерте жүреді. Жанжалдың кесірінен жақын алыстайды, туыстық қатынас бұзылады, дос дұшпанға айналады, жүрек ашу-ызаға толып, жақсы көрген жек көріледі. Болмашы секундтар мен минуттардың кесірінен тұтас бір ғұмыр құртылады. Осындай артында үлкен кесапатты ала келетін түкке тұрғысыз жанжал бірер минуттың болсын арналуына лайық па?!

Бір кісі айтқан екен: «Болмашы ұрыстарға араласқым келмейді. Одан да сол ұрыста беріле салғанды абзал көремін. Солай ғана күш-қуатымды пайда бермейтін істерге жұмсамай сақтап қаламын». Кезінде Алла Елшісі де өзіне қарата айтылған түрлі қаңқу сөздер мен небір негізсіз жалалардың әрқайсысына жауап беріп отырмады.

Мысалы: «Кәпірлер: «Бұл – расында да ап-анық сиқыршы» ("Юнус", 2), «Ол – (жын иектенген) ақын» ("Тур", 30), – деп жала жапса, басқалары: «Бұл – я сиқыршы, я болмаса есі ауысқан жынды» ("Зәрият", 52), деп Пайғамбарымыз туралы ауыздарына келгенін айтты. Бірақ Пайғамбарымыз әлбетте төменмен бірге аласармайтын еді. Себебі Пайғамбарымыздың мойнында адамзаттың екі дүниесінің бақыты мен жақсылығы арқаланған ең үлкен жауапкершілік болды. Ол – Алладан жеткен хақ діннің таратылуы. Еш мақсаты жоқ, руханияттың биіктігіне ұмтылмайтын, өмірін қалай өткізерін білмей жүрген адам ғана санаулы уақыты мен бағалы ресурстарын шайтанның айқайы болған ұрыс-керіс пен дауға арнайды. Одан бөлек Алла Тағала Пайғамбарына: «Олардың жағымсыз қылықтарына көңіл аударма» ("Ниса", 63), – деп демеу берді.

Тағы бір аятта: «Оларға (олардың ондай қитұрқы қылығына) көңіл аударма. Бір Аллаға арқа сүйеп, тәуекел ет. Алла қамқоршы, һәм сенімді өкіл ретінде саған жеткілікті» ("Ниса", 81), – деп келеді. Яғни адам айналасындағы адамдардың жағымсыз пікірлері мен қылықтарын елемей, олардың арам пиғылдарын Аллаға тапсырып, өзіне пайдалы іспен еш алаңсыз шұғылдана беруі керек. Себебі Алла барлық нәрседе, оның ішінде құлына қамқорлық қылуда, оны жамандықтан сақтап, жақсылыққа кенелтуде құдіретті. Алла Тағала бір Өзіне ғана тәуекел еткен құлдарын жақсы көреді. Құранда келген «Кешірім жолын ұста және оларға туралықты әмір ет.

Сондай-ақ, білместерден бет бұр» ("Әғраф", 199) аяты да Алла Тағаланың құлдарын жанжалдаспауға, даудан алыс болуға шақырғанын білдіреді. Алла Тағала Рахманның құлдарын сипаттаған кезде де «Оларға жөн білмес надандар тіл қатқанда (наданмен надан болмай) оларға: «Аман болыңдар!» – деп, өз жөніне кете барады» ("Фурқан", 63) деп келтіреді. Олай болса, сен де басыңды дауға сүйрегеннен «Аман бол!» деп басыңды ала қаш. Әдейі ызаңды келтіріп, сені төмендермен бірдей болуға итермелейтін сөздерге де құлақ түрмей, «Аман бол» де де, теріс бұрыл. Дау-жанжалдың денсаулығыңды, руханиятыңды жалмап алуына жол бермегейсің. Сондай-ақ, ұлық мақсаттарың түкке тұрмайтын істермен бірге ұсақталып кетпесін!

материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: