Жомарттық – тақуалармен ортақтастыратын сипат. Раббысына берілген шынайы құлдарға тән қасиет.
Алла Тағала Құран Кәрімнің бірнеше аятында тақуа құлдарды сипаттағанда арнайы жомарттық сипатына тоқталады. Соның бір мысалы: «Міне, солар ғайыпқа кәміл сенеді, намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқиды және Біз өздеріне ризық етіп берген (мал-мүлік, күшқуат, ақыл-парасат, білім, тағы да басқа) нығметтерден (Алла разылығы үшін, міндет етпестен игі мақсаттарда) жұмсайды» (Бақара, 3). Одан бөлек «Фурқан» сүресінің 67-аятында «Олар мал сарп қылғанда ысырап та қылмай, сараңдық та істемей, осы орталықта тұрады» деп айтады. Ал келесі сүреде: «Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мал сарып қылғандар…» ("Әли Имран", 134) деп жомарттардың мәртебесі Құран аяттары арқылы тағы да көтеріледі. Келесі аятта: «Тамақты жақсы көре тұра міскінге, жетімге және тұтқынға жегізеді» ("Инсан", 8).
Жомарттық – мына дүниедегі бақытты өмірдің есігі болса, ақыреттің жеңісінің алғышарттарының бірегейі. Жан сарайының тыныштығының, мәнді өмірдің кілті. Нағыз жомарт бергеніне қайтарым күтпестен, алғыс пен мақтау дәметпестен береді. Себебі ол адаммен байланыспайды, бергенінің алушысын адам деп есептемейді. Алланың алдындағы есебін ғана уайымдайды. Алла үшін болған сауданың ешқашан құрдымға кетірмейтінін білгендіктен, адамдардан желініп қалудан немесе өмірде жетіспеушілікке ұшыраудан қорықпайды. «Инсан» сүресінің 9-аятында бұл туралы былай дейді: «Олар: «Шын мәнінде, сендерді Алланың ризалығы үшін тамақтандырамыз. Сендерден бір төлеу, алғыс тілемейміз», – деп келеді. Кейбір адамдар беруді, садақа қылуды тек материалдық дүниелер арқылы беріледі деп ойлайды. Осылайша, жомарттық, берегендік сөздеріне өте тар түсінікпен қарайды. Жомарттықтың белгілі бір сомасы мен шегі бар деп есептейді. Шындығында мәрттік танытудың небір жолдары бар. Мысалы, басқаларға білім беріп, өмірі мен ақыреті үшін пайдалы болар тәжірибемен бөлісуге арналған уақыт пен күш те – садақа. Құранда «Сұрап келгенді кемсітіп, қума» ("Дұха", 10) деген аят бар.
Кейбір тәпсірші ғалымдар бұл аятта айтылған «сұрап келуші» деген сөзде қаржы сұрап келушімен қатар білім сұрап келуші бірге қамтылған дейді. Сондай-ақ, басқалардың қуанышы мен қайғысына шынайы ортақтаса білу де – садақаның бір түрі. Одан бөлек, түсініспей араздасып қалған екі адамның арасын жарастыру да – садақа. Бауырыңның көңілін жадырататын жылы сөз де – садақа. Шындықты қолдап, ізгі іске болысу да – садақа. Ол туралы Құран Кәрімде: «Кім жақсылықты қолдаса, оған одан несібе бар. Ал кім жамандыққа болысса, оған да одан бір тиесілісі бар» ("Ниса", 85), – деп келеді.
Басқалардың бақытына себепші болудың ләззатын бір сезінген адам күніне бір адамның болсын жүзіне күлкі сыйлауға тырысады. Оны қуандыру үшін қанша күш жұмсалып, уақыты арналса да, зая кеттіге санамайды, керісінше әрбір сәттен демалады. Әлбетте, шынайы жанашыр, басқаны қуантуға асық жан ең біріншісі Алланың ризалығына жетуді көксейді. Ондай жандар өте қырағы, көреген келеді. Яғни маңайында қиналып жүрген жанды бірден байқайды. Тіпті уайымын жасырып тұрған жалған күлкінің ар жағындағы шынайы сезімін де сезіп, қол ұшын созып, ауыртпашылығын жеңілдететін жолын қарастырады. Әрбір мұңайған жүзді қуандыра алғаны үшін өзін шексіз бақытты санайды. «Сондықтан кімде-кім (Алла берген мал-дүниеден Оның жолында және мұқтаж жандар үшін) жұмсап, Аллаға шын көңілден тағзым етіп, Оған қарсы келуден сақтанса, сондай-ақ (сенім, амал және сол үшін берілетін қарымта мәселесінде) ең абзал болғанды шын жүрегімен растаса, Біз де ол үшін мәңгілік бақытқа (пейішке) жеткізетін жолды (және ақыреттегі есебін) жеңілдетеміз» ("Ләйл", 5-7).
Алла Тағала жомарттыққа ұмтылған, жақсылық қылуды жаны сүйетін құлының «Жолын оңайластырамыз» деді. Яғни Алла уайымын қуанышқа, қорқынышын амандыққа, алаңын тыныштыққа, сағынышын қауышуға ұластырады. Ризық-несібесіне, отбасысына, бала-шағасына береке беріп қояды. Өмірін мән-мағыналы етіп, ғұмырын берекелі етеді.
материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,
ummet.kz