«Егер сендер Пайғамбарға жәрдем етпесеңдер де, оны кәпірлер Меккеден шығарған кезде, үңгірдегі екінің бірі болған сәтте оған Алла жәрдем еткен. Сол уақытта (Мұхаммед) жолдасына (Әбу Бәкірге): «Кейіме! Расында, Алла бізбен бірге», – дегенде, Алла оған тоқтау салды. Сондай-ақ, оны сендер көрмейтін әскерлермен қолдады. Сөйтіп, кәпірлердің сөзін төмендетті. Алланың сөзі жоғары. Алла өте үстем, хикмет иесі» ("Тәубе", 40).
Бұл өмір қысым мен адамды алаңға салар ылаңдарға толы. Кейде қиындықтардың жан-жақтан қаумалап, жанды қысатын кездері де болады. Осындай сәттерде адамға бір нәрсе ғана көмектеседі. Ол – Алланың өзімен бірге екенін сезу. Алланың қамқорлығы мен жәрдемінің жақын екенін сезу. Оны сезген құл алдында кедергі тұрса да, тауы шағылмайды. Айнала толған дұшпанның арасында қалса да өзін жалғыз сезінбейді. Қандай қиындыққа тап болса да, шешімнің жақын арада келерін біліп, көркем сабырмен күтеді. Кейбір адамдардан жоғары лауазымды ағалары немесе қолында билігі бар адамдармен жақсы араласатынын айтып мақтанып жатқанын, оларды қорған көретінін байқап жатамыз. Олар шынымен сондай ағаларына арқа сүйейді, үміт артады, сондай адамдармен жақын болғандықтан өздерін сәттіліктің жолындағы бақытты жан есептейді. Бірақ мықты деген адамдардың өзі шынайы бақыттың дәмін сездіре алмайды, жанға шынайы тыныштық сыйламайды. Себебі нағыз қауіпсіздік сезімі мен қуанышты, жанның тыныштығын Алла Тағаланың құлымен бірге екені ғана бере алады.
Алланың бізбен бірге екендігі бойымыздағы үрейді қауіпсіздікке, уайымымызды қуанышқа, қайғыны бақытқа айналдыра алады. Алланың бізбен бірге екенін сезу әлсізге күш береді, сенімсіздің қадамын нық етеді. Алла Тағаланың панасында екенін білген жүректе үрейге еш орын жоқ. Кезінде Пайғамбарымыз жолдасы Әбу Бәкірмен бірге Мәдинаға һижрет жасау сапарында іздерінен мүшріктер түсіп, жандарын алуға асығады. Сөйтіп, үңгірге тығылып бой тасалағанында төбесінен төніп келген дұшпанды көріп, Пайғамбарымыздың жолдасын қорқыныш билей бастайды да: «Егер олардың біреуі аяқтарының астына қарайтын болса, сөзсіз бізді көреді», – дейді.
Дәл осындай қысылтаяң шақтағы Пайғамбарымыздың сабырлы қалпын, Раббысына деген кемел сенімін, еш үрей мен қорқынышқа берілмеген жүрек тыныштығындағы хәлін Құран аяты былай баяндайды: «Уайымдама! Расында, Алла бізбен бірге!». Соңында, Пайғамбарымыздың сенімі мен Аллаға арқа сүйеуі жеміс беріп, ойламаған жерден жауыздың жазасынан аман қалады. Бұдан бөлек пайғамбарлар қиссасының бірінде Мұса мен Һарунның жауыз перғауынға дағуат жасауға барар сапары айтылады. Мұса мен Һарун шектен шыққан перғауынның жауыздығынан сескеніп: «Раббымыз! Оның өктемдік қылуынан немесе шектен шығуынан қорқамыз!» – деді. (Алла Тағала болса:) «Қорықпаңдар! Сендермен біргемін. Естимін, көремін», – деді» ("ТаҺа", 45-46).
Осыдан кейін олардың бойындағы қорқыныш сейіліп, үрейленген жүректері тыныштыққа кенелді. Осылайша, өздеріне сенімді түрде қадамдарын нық басып, жауыз перғауынның алдына еш шімірікпестен барды. Алланың өзімен бірге екенін білген құл жеңіске жетеді, руханияттың биік шыңына шығады. Себебі ол жасырын да жария да күнәларға барудан тыйылып, таза жүруге барын салады. Раббымызға бағынуда жарысады. Алланың бірге екенін сезген адам намазын уақытымен оқиды, Алла жолында жұмсалады, тағдырына разы болады. Аятта былай келеді: «Алла (оларға): «Мен сендермен біргемін, егер намазды орындасаңдар, зекет берсеңдер, елшілеріме иман келтіріп, оларға көмек берсеңдер және Аллаға көркем қарыз берсеңдер, әлбетте жамандықтарыңды жойып, сендерді астарынан өзендер ағатын бақшаларға кіргіземіз. Ал сонда сендерден біреу қарсы болса, тура жолдан адасқан болады», – деді» ("Мәидә", 12).
Жақыным! Алланың сенімен бірге екенін барлық хәлдеріңде сезін. Егер жақын жабырқатып, алыс қысым қылса: «Алла менімен бірге!» – де. Уайым мен қорқыныш қоршап алғанда да: «Алла менімен бірге!» – деп көңіліңді қуантып, жаныңды жайландыр. Бойыңды әлсіздік билеп, ешнәрсемен де күресер шамаң қалмаса да: «Алла менімен бірге» – деп күш ал.
материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,
ummet.kz