«Әй, өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың мейірімінен күдер үзбеңдер. Алла біртұтас күнәларды жарылқайды. Өйткені Ол тым жарылқаушы, аса мейірімді», – де» ("Зумәр", 53).
Кеуденің қысылып, тыныстың тарылуы, жүректің үнемі қорқынышта болуы, өмірден сән кетіп, жақсылыққа деген құлшыныстың жоғалуы және нығметті сезіну ләззатынан айырылуы, бәрі-бәрі – күнәлі істердің кесірі. Тәубе қылмастан, кешірім сұрап, шынайы өкінбестен күнәсін күнәмен жалғаған адамның өмірі алаңға толы болады. Уайым мен қайғыдан көзі ашылмайды. Ал мейірімі шексіз Алла құлдарын осындай ауыр жағдайдан шығудың жолын көрсетіп, Құранында баян етті. Құлдарының Өзіне жақын болғанын қалап, тәубеге шақырды.
Мейірім есігін ашты. Кешірім сұрауға қызықтырды. Кез келген адам пенделікпен қателікке бой алдырып, күнә жасап қояды. Бұл – табиғи заңдылық. Бірақ пенденің күнә жасауда шектен шығып, шектен тыс әрекеттерге баруы, тәубені лайықты түрде жасай алмауы оны жүрек тыныштығынан айырады, бақытсыз етеді. Нәпсілік қалауларының тұтқыны етеді. Шәһуәт қалауларының құлына айналады. Ең ауыры, Раббысынан алыстап кеткені оның жанына қатты батады. Тіпті, адамдардың көбі оны сонша уайымдатып, түңілдірген, кеудесін қысқан нәрсе күнәнің әсері екенін білмей жатады.
Құранда келгендей: «Бастарыңа келген бір қиыншылық өз қолдарыңмен істегендеріңнің салдарынан болады. Және де Алла көбін кешіп жібереді» (Шура, 30).
Тағы бір аятта былай келеді: «Ал кім зікірімнен бет бұрса, сонда күдіксіз оған бір тар тұрмыс болады…» ("Таһа", 124).
Егер адам оңаша қалып, дұрыстап ойланатын болса, не үшін мұңайып жүргенін ұғып, бақытсыз еткен басты себепті білер еді. Сәйкесінше, одан құтылудың жолын қарастырып, амалын жасайтын еді.
Тәубе – үміт шамшырағы. Позитивтіліктің, жақсы ойлаудың шыңы. Тәубе – ең керемет қайта оралу, себебі тәубе арқылы құл Раббысына қайтады. Кеудені қысқан өкінішті тарқатып, мұңды сейілтуші. Өмір сүруге деген құштарлықты арттыратын өткен қателіктің өшіргіші. Тәубенің қабыл алынуы – Алланың құлдарына көрсететін жомарттығының, кеңдігінің белгісі. Мысалы, құл шектен шығып күнәға барады. Артынан шынайы түрде тәубе етіп, кешірім сұраса, Алла тәубесін қабыл етеді. Күнәні жарылқаумен қатар, дәрежесін көтереді, бір жамандығының орнын бірнеше жақсылықтармен алмастырады. «Бірақ кімде-кім тәубе қылса, сондай-ақ кім иман келтіріп, ізгі іс істесе, міне Алла олардың жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырады. Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» ("Фурқан", 70).
Осыдан кейін құл қалайша тәубеге асықпасын? Оны қалайша үмітсіздік бассын?! Алланың құлдарын тәубеге шақыруы мәңгі. Адам қандай үлкен күнә іс қылса да, Алланың мейірімі мен кеңдігінен үлкен болмайды. Аятта «күнә қылғандар» деп емес, «шектен шыққандар» кешіріледі деп келеді. Яғни, бұл сөздің өзі – күнәсі ауыр адамның өзіне үлкен жұбаныш, үлкен үміт. Олай болса, күнәңнің көптігі сені үмітсіздікке апармасын. Алла Тағала «сендерді кешіріп, жамандықты жақсылықтарға ауыстырамын» деп уәде берді ғой. Алладан асқан кім бар, сөзінде тұратын?! Тәубе қылып, ол күнәға қайтып барып қойсаң да, үмітіңді үзбе. Есіңді жи да, тәубеге қайта кел. Алла сондай кешірімді әрі мейірімді, Ол сенің ішкі хәліңді біліп тұр, әлсіз екеніңді де біледі. Бойсұнушылығыңның кемел еместігі де сені үмітсіздікте қалдырмасын. Алла жақсылықтарға сауапты еселеп беруші, амалдарымыздың кем-кетігін жарылқаушы.
материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,
ummet.kz