Алла Тағала дүниеде бәрінің ризық-несібесін өлшеп берген. Біреудің ризығын біреудікінен белгілі бір хикмет себепті артық еткен.
«Алла ризық-несібе тұрғысынан біріңді біріңнен үстем (артық) қылды» ("Нахл", 71). Ақырет пен дүниедегі адамның адамнан артықшылығы тек тақуалықта екенін айтып былай дейді: «Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың (яғни Аллаға тағзым етуде, иман келтіруде әрі мойынсұнуда ең алда болғандарың)!» ("Хұжурат", 13).
Бірақ адамның көбі Алла бөліп бергенге разы болмай жатады. Өзін әркіммен салыстырып қинай береді. Алланың басқаларға бергенін аңдып, байқап жүреді. Өзі соған қол жеткізу үшін басқаларда оның болмауын тілейді. Салыстыру – адамның жанын жейтін ауру. Ол жүрекке көре алмаушылық пен кекті орнықтырады. Адамдағы мейірімділік сезімі мен басқаға жақсылық қалау деген сезімді өлтіріп тастайды. Ол – үлкен күнәлардың есігі, қателіктердің басы. Осыған дәлел ретінде Ібілістің жасаған күнәсін айтуға болады. Алла оған Адамға құрмет етіп, сәжде етуді бұйырғанда қарсы шығып, үлкен күнәсын жасады. «Ібіліс: «Мен одан әлдеқайда артықпын. Өйткені Сен мені оттан жараттың, ал оны балшықтан жараттың», – деп тәкәппарланды» ("Ағраф", 12).
Міне салыстырудың түбі. Осы нәрселер оның жәннаттан шығуына, Алланың рахметінен қағылуына себеп болды.
Адамдар Алланың басқаға берген нығметтеріне қарайлап жүреді. Соны көріп, ренжіп, қайғырып жүреді. Салыстыру оның жанын жегідей жеп, басқаларға деген реніш, көре алмаушылық пен кекшілдік сезімдері оны билеп алады. Сөйтіп, басқалардікін аңдып, олардың қолындағы барлық нәрсеге қасірет шегіп, барынан айырылғанын көргісі келетін, Алла берген дүниесінің зауалға ұшырағанын күтіп жүретін сорлы адамға айналады. Ондай адамда қалыптасқан пікір, нақты шешім болмайды. Жағдай сондай болғандықтан қолындағы бар дүниесінен де ләззат ала алмайды. Кейбір адамдар дүниедегі рахат мал-дүниені пайдалану деп ойлайды. Өзін дүниесі бар біреумен салыстырады. Сөйтіп, қасірет шегіп, «Жоқ-жоқ» деген сөздің ауруымен жүре береді. Өзі қызғана қарап жүрген адамның тағдырында жасырынып қалған жағдайларға назар аудармайды. Осы жағдайға Құранда қиссасы баяндалған Қарынбайдың оқиғасын келтіруге болады. Қарынбай көптің алдына үлде мен бүлдесіне оранып, тәкәппарланып, қуанып, барын көрсетіп шыққанда жүрегіндегі иманы әлсіздер, байлыққа алданып қалғандар өз-өздерін былай деп жұбатып еді: «Сонда дүниенің қызылды-жасылды қу тіршілігін жан-тәнімен қалайтындар: «Шіркін, Қарунға берілген байлық бізге де бітсе ғой! Ол неткен бақ-дәулеті асқан жан еді!» – десті» ("Қасас", 79).
Салыстыру Қарынбайда бар нәрсені өздерінде де болса екен деп қиялдауға апарды. Сонда ілім иелері оларға: «Ой, бар болғырлар! (Біле білсеңдер), Алланың иман келтіріп, игі істер істегендерге берер сауабы (Қарунның дәулетінен) әлдеқайда қайырлы» ("Қасас", 80), – деп, әлгілерді жазғырады. Соңы қалай болды? Алла Тағала Қарынбайды да, дүние-мүлкін де жерге жұтқызды. Барлық нәрсе ешқашан болмағандай күйге енді. Cонда әлгі санасып, салыстырып, Қарынбайдың барын аңсап жүргендер былай айтты: «Сөйтіп, кеше ғана соның орнында болуды көксегендер тәубелеріне келіп: «Ойбай-ау, демек, Алла ризық-несібе дегенді құлдарының арасынан қалағанына үйіп-төгіп береді екен де, қалағанына аз әрі белгілі бір мөлшерде береді екен-ау. Егер Алла бізді есіркемегенде, бізді де жерге жұтқызып жіберер еді. Демек, кәпірлер, шынымен, оңбайды (жазадан құтылмайды) екен!» – десті» ("Қасас", 82).
Сыртқы бейнеге алданып қалма. Өзіңді құрдымға апаратын құр бекер дәменің жемтігіне айналдырма. Қаншама нығметтер бар, өз иесінің басын жалмаған. Аллаға шүкірі жасалмай, барлығы Одан екені ұмытылған талай малмүлік соған ие жандардың басына бәле, сынақ болған. Алланың дүниеде берген нығметіне разы бол, сонда ең бай адамға айналасың! Алланың басқаға бергеніне де қуан, сонда ең бақытты адамға айналасың! Салыстырудан, көре алмаушылықтан алыс бол! Барыңды бағалай алу бақыттың негізі екенін ұмытпа. Өз өміріңді өзің сүр. Біреудің өмірімен өмір сүрме. «Ол адасқандардың бір бөлігіне оларды сынау үшін берген дүниедегі тіршіліктің жылтыраған сән-салтанатына қызығып көзіңді сүзбе! Раббыңның (өзіңе нәсіп еткен) нығметі мен ақыретте беретін ризық-несібесі әлдеқайда қайырлы һәм баянды (мәңгілік) болмақ» ("Таһа", 131).
Аят сол бір дертпен ауырып қалған әрбір жанды емдей алады. Көзіңді сүзбе, әйтпесе өмірің өкініш пен лайға айналады. Көзіңді сүзбе, себебі көзіңді сүзген сайын пейілің тарылып, көкірек көзің жабыла береді. Көзіңді сүзбе, әйтпесе жеккөру мен кекшілдіктің тұтқынына айналасың. Көзіңді сүзбе, сонда жаның тыныш, көңілің жайбарақат болады. Көзіңді сүзіп, әрнәрсеге үңіле берсең, мына аятты есіңе ал: «Раббыңның (өзіңе нәсіп еткен) нығметі мен ақыретте беретін ризық-несібесі әлдеқайда қайырлы һәм баянды (мәңгілік) болмақ». Өз өміріңді өзің сүр! Басқалардың да өміріне араласпа! Өз-өзіңе тыныш өмір сүруге мүмкіндік бергеніңдей басқаларға да сондай мүмкіндік бер. Өзіңнің бар болуыңды олардың жоғалуымен, жеңісіңді олардың жеңілісімен өлшеме. Жолдар әртүрлі. Алла жаратқан мүмкіндіктер де әрқалай. Қанша адам болса, сонша мүмкіндік бар. Адам қанша рет тыныс алса, онда сонша мүмкіндік бар. Тіпті жақсылық жасаудың жолдары да өте көп.
материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,
ummet.kz