10
Сенбі,
Қаңтар

һижри

Ақыреттегі өлшемнің маңыздылығы туралы хадис

Ақыреттегі өлшемнің маңыздылығы туралы хадис

Ислам тарихы

Одан бөлек, ақыреттің өлшемінің маңыздылығы туралы хадистер де біршама. Мысалы, мына оқиғада Алла Елшісі жұбайы Айша анамызды түзетіп, оның сөзін дүние таразысынан ақырет таразысына қарай бұрады. Бірде Алла Елшісінің үйінде қой сойылады. Ет жағдайы жоқ жандарға үлестіріліп, бөлініп беріледі. Пайғамбарымыздың отбасына тек жауырын ғана қалады. Кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с) келіп, Айша анамыздан: «Қойдан не қалды өзі?», – деп сұрайды.

Сонда Айша: «Қойдан жауырыннан басқа ешнәрсе қалмады», – деп жауап береді. Жауабын естіген Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жауырыннан басқаның бәрі қалған екен ғой», – деп түзеткен екен. Яғни ақырет таразысымен өлшегенде Алла разылығы үшін берілген садақа берушінің еншісінде қалады. Себебі ақырет қоржыны әлдеқайда қайырлы әрі мәңгі қалады. «Дүниенің пайдасы аз ғана. Тақуалар үшін ақырет жақсы. Сендер қылдай әділетсіздікке ұшырамайсыңдар…» ("Нисә", 77).

Осындай аяттар арқылы Алла Тағала құлдарын ақыреттің азығын дүниеде жинауға, көбірек жақсылық қылуға шақырады. «Әрине, иман келтіріп, тақуа болғандардың ақыреттегі сыйлығы тағы жақсы» ("Юсуф", 57).

Ақырет үшін жинақталып, ақыретті басты уайымымыз қылу дүниенің қиындығын бірден жеңілдетеді, шешілмеген күрмеулі мәселелердің өзіне дереу шешім береді. «Олардың кейбіреулерін кейбіреулерінен қалайша үстем қылғанымызға қара. Әрине, ақырет дәрежелер тұрғысынан тағы ірі, артықшылық жағынан тағы да зор» ("Исра", 21).

Нағыз өмір ақыретте. Ал бұл өмір өліммен біте қоймайды. Керісінше, өлім – нағыз өмірдің басталуы. Олай болса, ақылы бар мүмін мәңгілік бақытты бір сәттік ләззатқа айырбастамайды. Ақырет дүниенің ойын-күлкісі мен ләззатынан әлдеқайда қайырлы.

Ақыреттегі дәреженің жоғарылығы жер бетіндегі ең үлкен лауазымнан да биік, тұрақты.

Ақыреттің жеңісі – жер бетіндегі төрткүл дүниені мойындатқан үлкен жеңістен де ұлы нағыз жеңіс. Ақырет басты уайымы болған адам бұл өмірде бақытты өмір сүреді. Себебі болмашы түсініспеушіліктерді ушықтырмай, ренжіткенді кешіре салады, сұрағанға бере салады. Оны жалған өмірдің өтпелі қиындықтары уайымдатпайды. Бар ұмтылғаны мен қалауы ақыретке байлаулы болады. Жалған өмірде біреуге жете алмай қалдым, әлдекімнен жеңілдім деп іштей өзін жегідей жемейді. Себебі шынайы жеңіс пен жеңілістің, сәттілік пен сәтсіздіктің ақыретте ғана екенін біліп, талмай ақыреті үшін амалын жасаумен ғана болады. Оны қазіргі нәтижесі уайымдатпайды, ақыретке апарар жолдан ләззат алып, көңілі тыныш хәлде мына өмірден тыныш қана мәңгілікке өтеді.

 

материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: