Сырларыңды адамдарға жайып, оны жариялайтындармен сырласпа! Оның мысалы: қасқыр қойды жайлауда күзетіп, қорғамайды. Керісінше, оған бас салып, жей бастайды. Сол сияқты сырларды жаюшы адам да қасқыр сияқты сырды опат қылады.
Адамзаттың барлығын мәңгі бір болмыс, бір мінезқұлықта деп ойлама. Бәлкім, олар әртүрлі пішіндер мен сұрыптарда, әрі алуан түрлі мінез-құлықтарда болады.
Барлық бұлақ тұщы су секілді мөлдір, таза бола бермейтіні секілді; Түйе жейтін барлық өсімдік те тікенекті тойымды өсімдіктей бола бермейтіні секілді, адамдар да жаратылыс және дін тұрғысынан әртүрлі дәрежелерде орын тапқан. Кейбірі адами кемелдікпен күн кешсе де, кейбіреулері жануарлардан да төменгі деңгейлерде.
Егер ізгілік жасауды немесе садақа беруді қаласаң, оны кешіктіріп, уақытын созу арқылы мүлде жоққа айналдырма. Өйткені, бүгінгі мал-дүниең мәңгі қолыңда тұра бермейді.
Егер жоспарларыңды іске асыру жөнінде біреумен ақылдасуды қаласаң, тек ақыл және хикмет иелерімен , əрі Алладан шынайы қорқатындармен ақылдас. Өйткені, олар сені не туралыққа жетелейді, не дөп тиер кеңес бере алмағанның өзінде, жоспарларыңды жарияламайды.
Сен біліп қой! Әрбір іс-әрекеттің өзіне сай уақыты бар. Сол себепті, әрбір істі өз мекенінде, өз мөлшерінде, әрі өзіне сай уақытында орында.
Игі, әрі ынсапты адамға өзінің негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыратын, әрі өзгелерге мұқтаж болмайтын мөлшердегі мал-азық жеткілікті болады.
Қанағат иесі Алла Тағала оған берген азды-көпті ризықтан әрдайым разы болады. Ал сараң, ашкөз болса, әрдайым көңілі толмай, наразылық танытып жүреді.
Егер қандай да бір жоспарды ақылдасудан жақын адамдарың бас тартса, нағыз ерге өз ақылын дос тұтуы жеткілікті.
материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,
ummet.kz