Дүниедегі ең үлкен, ең маңызды, сауабы бар жауапкершілікке тәрбиелейтін нәрсе – туралықты ұстану, жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю.
Алла Тағала тіпті Пайғамбарына (с.ғ.с) да: «Міне, енді сен оларға (ақиқатты) түсіндір, насихат ет, тура жолға баста», – деген жоқ па?! Олай болса, адамға да ақиқатты түсіндіру, насихат айту, туралыққа шақыру міндет екендігі өз-өзінен белгілі болады. Осы жауапкершілік адамның негізгі өмірлік жауапкершілігінің ішіне кіреді. Сен әрекетіңе жауаптысың. Нәтижесі Алланың билігінде. Айтқаныңды тыңдамау, сөзіңнің өтпеуі сияқты нәрселер үшін сен жауапты болмайсың. Оның себебімен сауаптан да құр қалмайсың.
«Әйтпесе сен олардың төбелерінен төніп, зорлықпен келтіруші емессің». Яғни сен ешкімді қинап, зорлықпен, күшпен жүрегін жібіте алмайсың. Осы аятқа үңілсек, Алла Пайғамбары мен мұсылмандарға бақытты болуға жетелейтін өмірлік қағидатты айтқандай. Ол – өз міндетін орындау. Өз міндетіне кірмейтін, өзі әсер ете алмайтын істерге тұмсығын тықпау. Осы мағынаны үстемелеп Алла Тағала Құранда былай дейді: «(Уа, Мұхаммед! Осынау үкімдерді адамдарға жеткізу тікелей міндетің болғанымен) оларды (жаппай) тура жолға салу – сенің міндетің емес. Алла қалағанына ғана тура жолға түсуді нәсіп етеді» ("Бақара", 272).
Көздеген мақсатқа не ойлаған нәтижеге жетпей қалу сәтсіздікті білдірмейді. Немесе ол – әрекет етушінің жетілмегенінің де белгісі емес. Адам нәтижеге емес, әрекетке жауапты. Жетудің қалай болғаны емес, жетер жолды қалай басқаның маңызды. Жүз адам өлтірген кісінің қиссасын білесің ғой? Сол кісі ғұламаның алдына барып үкімін сұрағанда тәубең қабыл, бірақ өз ортаңды ауыстыру керексің деген жауап алады. Ортасын ауыстыру мақсатында ниетін дұрыстап, шынайы тәубе пейілімен көрші ауылға қоныс аударуға бел байлайды. Сол жолында ажалы жетіп, дүние салады. Сонда оны не құтқарып қалғанын білесің бе? Жақсы ортаға жеткені ме? Жооқ. Сол жақсылыққа қарай бара жатқан, өзгеруге әрекет жасаған жолында жан бергені оны құтқарып қалды. Бұл – бір мысал ғана. Айтпағымыз, мақсатқа жету емес, сол мақсат жолында болу маңызды. Нұх пайғамбар да ертелі-кеш, күндіз-түні, жасырын-жария 950 жыл бойы үздіксіз өз қауымын жақсылыққа шақырды. Сондағы нәтиже не болды? Тек қана аз ғана адам оған ілесті. Имам Бұхари жеткізген хадисте Пайғамбарымыз былай дейді: «Маған (бұрыңғы) қауымдар көрсетілді. Қасында он шақты ғана адам бар пайғамбарды, қасында екі-үш кісі бар пайғамбарды, қасында ешкімі жоқ пайғамбарды да көрдім».
Міне, бұл – пайғамбарлардың жағдайы. Жақсылыққа шақыру жолындағы қиыншылық пен күрестен кейін қастарында саны болмашы ғана кісілер болды. Бірақ солай болса да, олардың пайғамбарлық қасиеті жоғалмады да, сауабы кеміп те қалмады. Нәтиже ойлағандай болмай-ақ қойсын. Дүниелік болсын, ақыреттік болсын мақсатың жүзеге аспай, ол сені уайымға салып, қасіретке ұрындырсын… мейлі… Алла Тағала Пайғамбарын ( ) жұбатып, көңіліне дем беріп былай деген: «Ендеше оларға бола («бұлар неге иманға келмейді» деп), өз-өзіңді жеп жіберердей мұншалықты таусылма!» (Фатыр, 8). «Сондай-ақ олар үшін (яғни, олардың жат қылықтарына, өзіңнен сырт айналғанына бола) мұңайма» ("Нәмл", 70), «(Уа, Мұхаммед!) Байқауымызша, сен егер ол мүшріктер бұл сөзге (яғни Құранға) сенбесе, олардың соңынан уайым шегіп, өзіңмен-өзің таусыла жаздайсың» ("Кәһф", 6).
Пайғамбарымыз міндетін атқарды, жауапкершілігін өтеді, аманатты жеткізді, барлық жағдайда шыншыл болды. Осылай бола тұрса да, ол кісі адам болғандықтан: «Неге менің сөзімнен бет бұрды? Неге мені өтірікші дейді? Туыстарым неге айтқаныма құлақ салмайды? Неге? Неге?» – деген сауалдар оны жей берді. Дәл сол кездерде жоғарыдағы аяттар жауап ретінде түсті. Нәтиженің болмауы уайым-қайғы есігінің ашылуына себеп болмауы керек. Әйтпесе жүрегіңде әртүрлі рухани аурулар орнығып алады. Әп-сәтте әрекеттің берекетін көру, мақсатқа жедел жету, көргің келген жағдайды бірден көру, армандаған ойыңдағы затқа жеңіл ие болу – жеңіске жетудің шарты емес. Хадиша анамыз балаларының өсіп-өнгенін көрмей дүние салды.
Мақсаттары, армандары бар еді, оған жетпеді. Хазірет Хамза «Ухудта» шәһид болды. Меккеге қайтып барамын, туған жеріме ораламын деген арманына жетпеді. Сол сияқты Асхабул-Ухдудтағы жас бала өзі жанын қиса да, сол жағдай артынша көптеген адамның иманға келуіне себеп болғанын көрмеді. Саған тиістісі ол – өз міндетіңді атқару. Мақсатыңа жетер жолдан тайынбау. Арманыңа жету үшін бар ынтаңды салу. Алла сол іс-әрекетіңе жараса сыйыңды да, сауабыңды да береді. Тек мақсатқа қарай әрекет ет. Жан-жағыңда болып жатқан дүниелер, қалыпты болу керек болған нәрселер сені өз мақсатыңнан жаңылдырмасын. Қалай болса да, өз арман-мақсатың мен жетемін деген ниетіңе жетуге тырыс. Мүмкін, Алланың қалауымен жетерсің. Мүмкін, Мейірімді Раббыңның Ұлы әрі Әділ шешімімен жетпессің. Бірақ сонда да өзіңе жараса дәреже мен сауапқа ие болатыныңды ұмытпа...
материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,
ummet.kz