11
Сәрсенбі,
Ақпан

һижри

«Мені «Һуд» сүресі қартайтты...»

«Мені «Һуд» сүресі қартайтты...»

Ислам тарихы

Бірде Алла елшісі Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) мүбәрәк самайын қырау шалғанын байқаған хазреті Әбу Бәкір (р.а.):

«Сіз де мезгілінен ерте қартайыпсыз-ау», – деген еді қамығып. Сонда адамзаттың асылы пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл қамкөңіл досына: «Мені «Хұд» сүресі қартайтты», – деп іштегі бір сырын аңдатқан болатын.

Белгілі ғалым имам Тирмизидің еңбегінде айтылатын осы оқиға жайында бірқатар риуаяттар баршылық. Мәселен, Табаранидың «әл-Мұғжамул-кәбир» атты кітабында: «Мені «Хұд» және соған ұқсас сүрелер қартайтты», – десе, тағы бір риуаятта ол сүрелердің «Уақия», «Хаққа», «Тәкуир» екендігі аталған. Енді бір деректерде бұл сүрелердің қатарынан «Қария», «Мағариж», «Мүрсәлат», «Нәба» сүрелерін де кездестіреміз.

Бұларға тән ортақ ұқсастық – сүрелердің негізінен Меккеде түсуі. Ал Мекке кезеңі Ислам тарихында өте үлкен қиындықтардан көз ашпаған уақыт. Күпірлікті ашық сынайтын аяттардың түсе бастағаны да осы кезең. Сондықтан, қозғалған мәселелердің түп-төркіні бір болғандықтан, бұл сүрелер «Хұд» сүресіне жақын деп қабылданған. 

Ол сүрелерде не айтылған?

Алғашқы аяттарда ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) адамзатқа жіберілуіндегі екі маңызды міндеті сөз болады. Оның бірі – иман жолын таңдап, құлшылықпен бейнеттеніп өткен жылы жүректі, ізгі ниетті жандарға ақыретте зор қуаныш, мол сыяпат бар екенін хабарлау болса, екіншісі – тоңмойындықпен күпірлікке ұрынғандарға, пиғылы бұзық азғындарға ақыретте ауыр жаза барын алдын-ала ескерту. Одан кейінгі аяттарда жаратылыстың түп бастауынан қияметке дейінгі ірі құбылыстар сөз етіледі. Алла тағаланың шексіз құдіреті мен ілімі, көк пен жердің жаратылысы, адамдардың бұл өмірде сыналуы баяндалады. Сондай-ақ, Нұһ (ғ.с.), Хұд (ғ.с.), Салих (ғ.с.), Лұт (ғ.с.) қауымдарының адамшылықтан айнып, арсыздыққа салынуы себепті Алланың қаһарына ұшырап, жер бетінен тып-типыл жойылып кеткендігі, өзін Құдайға балап күпсінген перғауынды Алланың қалай жазалағаны кеңінен суреттеледі. Іле тіршіліктің соңындағы қияметтің үрейлі оқиғаларына кезек берілген. Ақыретте ізгі жандардың жәннатқа, кәпірлердің тозаққа баратындығы білдіріліп: «Саған бұйырылғандай турашыл бол! Сенімен бірге тәубе еткендер де астамшылдық-қа бармасын (турашылдықтан таймасын). Өйткені, ол (Алла) не істегендеріңнің бәрін көріп тұр» («Хұд» сүресі, 112-аят), – деген бұйрыққа назар аудартады.

Жоғарыдағы сүрелерде келетін ортақ тақырыптар осыларды құ-райды. Басым көпшілік ғалымдардың айтуынша, ардақты пайғам-барымыздың (с.ғ.с.) жүрегіне зіл батпан ауыр тиіп, мезгілінен ерте қартайтқан аят: «Саған бұйы-рылғандай турашыл бол!» әмірі еді.

Ибн Аббас та (р.а.) осы пікірді қуаттап, «Хазреті пайғамбарымызға осы аяттан өткен ауыр әрі машақаты көп аят түспеген», – деген (Нәуәуи. Шәрху Сахих-и Мүслим, II, 9).

материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: