04
Сәрсенбі,
Наурыз

һижри

Алла Елшісінің (с.ғ.с) бұл хадисінен ашудың қатерлі екенін ұқ

Алла Елшісінің (с.ғ.с) бұл хадисінен ашудың қатерлі екенін ұқ

Ислам тарихы

Ашу – ақылдың дұшпаны. Ашу кезінде ақыл жұмысын тоқтатады, ақыл биліктен кеткесін адам ақылға салмай сөз сөйлейді, ақылға қонбайтын іске барады. Ашу үстіндегі адамнан ашудың мастығы бірнеше уақыт өткеннен кейін барып тарқайды, бірақ ес жиып, ақылы қалпына келгенде үлкен өкінішке тап болып жатады.

Алла Елшісіне бір кісі келіп, одан өміріне жетерлік өсиет етуін сұрағанда Пайғамбарымыз ол адамға: «Ашуланба!» – дейді. Тағы да бір өсиет сұрағанда Алла Елшісі тағы да: «Ашуланба!» – деп айтады. Алла Елшісінің бұл хадисінен-ақ біз ашудың қандай қатерлі екенін, ашуға берілмей ұстамдылық танытудың өмірде үлкен маңызға ие екенін ұғамыз.

Дегенмен ашу – Алланың адамға берген бір сезімі. Ашудың да көрінуі керек, тіпті ашулану сүйкімдірек болатын орындар бар. Мысалы, дінді қорлағанға ашу көрсету, арсыздықтың жайылуына ашулану. Яғни, Пайғамбарымызды ашуландырған жайттар бізді де ашуландыруы керек. Алла Тағала Құранда мүміндердің сипаттарын айтып келіп, мына аятта былай дейді: «Сондай зор күнәлардан, арсыздықтардан сақтанған, сондай-ақ, ашу кернеген кезде өздері кешірім еткендер». Яғни, ашуды тізгіндеу – өз кезегінде имандылықтың, мұсылмандықтың бір сипаты.

Құран адамға жамандықтан аман қалудың жолын да үйретеді. «Ал енді сені шайтаннан бір түлен түртсе, сонда Аллаға сыйын. Өйткені Ол әрнәрсені толық естуші, білуші» ("Фуссиләт", 36). Бұл Раббымыздың бізге көрсеткен ашуға берілуден сақтанудың бір жолы. Одан бөлек, Пайғамбарымыз айтып кеткен орын ауыстыру, дәрет алу, намаз оқу сынды амалдардың барлығы ашу үстіндегі адамның өз-өзіне келуіне көмектеседі. Әрі «Ең мықты адам – күресте жеңген адам емес, ашуын жеңген адам» деп мұсылмандарды шынайы батырлық пен мықтылыққа шақырады. Яғни, батырлықтың өлшемі мен күш-қуаттың көптігі ашу кезінде адамның өзін тізгіндеп, басқара алуымен өлшенеді. Әр мұсылман Алланың кітабында баяндалған және хадистерде айтылған мұсылманның сипатына сәйкес келгісі келеді.

Жоғарыда айтқандай, Алла Тағала «Әли Имран» сүресінде мүмін құлдарына тән сипаттарды тізе айтып, оларды мақтайды. Солардың арасында «Олар – ашуларын жеңе білушілір» деп сипаттама береді. Олай болса, кім Алла Тағаланың мақтаған әрі күнәларын кешіріп, жәннатқа кіргізуге уәде берген тақуа, жеңіске жеткен құлдарының қатарынан болуды қаласа, ашуын тізгіндесін. Байсалды да, байыпты болуға барынша тырыссын. Себебі ашушаңдық мүмінге сәйкес келмейтін сипат. Ашуланамын деп әлемдердің Раббысының ашуына қалудан аса сақ болғайсың!

материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: