Таһажжуд намазы – ұйықтағаннан кейінгі түнде орындалатын нәпіл намаз.
Түнгі намаздың ұлы артықшылығы туралы айтылған аяттар мен хадистер өте көп. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған дәлел ретінде «Олардың жамбастары төсектерінен ажырап, Раббыларына қорқа-үміттене жалбарынады», («Сәжде» сүресі, 16-аят. «Зәрият» сүресі, 15-18 аяттар) – деген аятты келтіреді және өзінің игілікті сөздерін түнгі намаздың және қаржы-қаражатты игі амалдарға жұмсаудың ерекшеліктері туралы айтылған аса Қамқор Алла Тағаланың осы аяттағы сөздерімен дәлелдейді.
Алла Тағала: «Шәксіз тақуалар бақшаларда және бұлақтарда болады. Олар өздеріне Раббыларының бергенін алады. Өйткені олар бұдан бұрын жақсылық істеуші еді. Олар түнде аз ғана ұйықтаушы еді және таңсәрілерде кешірім тілеуші еді», – деген (Әт-Тирмизи, Ибн Хиббан).
Пайғамбар (с.а.с.): «Парыз намазынан кейінгі ең жақсы намаз – түнгі намаз», – деген. Біләл (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Түнде намаз оқыңдар, өйткені ақиқатында, түнгі намаз сендерге дейін өмір сүрген игілердің әдеті еді. Және, ақиқатында, түнгі намаз Аллаға жақын ететін амал және ол күнәлардан сақтайды, жаман істерді өшіреді, тәннен дерттерді шығарады», – деді», – деген (Әт-Тирмизи. Әт-Тирмизи).
Түнгі нәпіл намазды орындаудың ең жақсы уақыты түннің ортасы, өйткені Пайғамбар (с.а.с.): «...және адамның түн ортасындағы намазы», – деді. Бұл жерде түннің ортасына жақын кез келген уақыт туралы айтылған.
материал «Әл-Уафи» кітабынан алынды,
ummet.kz