«Межелер» (худуд) дегенде ойнастық жасау, ұрлық істеу және арақ ішу үшін берілетін жазалар секілді тыйым салынған амал-әрекеттерді орындаудан адамдарды қайтаратын шариғатта белгіленген жазалар туралы айтылған.
Меккені қолға алған жылы Усама ибн Зәйд (Алла әкесі екеуіне разы болсын) Алла елшісіне (с.а.с.) ұрлық жасаған бәну махзум руынан шыққан бір әйел үшін араша түспек болып өтініш айта барғанда, ұрлық істеушінің қолы кесілуі тиіс болғандықтан Пайғамбардың (с.а.с.): «Алла белгілеген жазалардың біріне тиісті мәселеге сен қалайша араша сұрайсың?» (Әл-Бұхари, Муслим) – дегені Ислам тарихынан белгілі.
Бұл – Жаратушы Алла Тағала белгілеген жаза. Демек, Ол белгілеген межелерді ешнәрсені кемітпей, ешнәрсені қоспай қатаң ұстану керек. Егер арақ ішкені үшін берілетін жазаны күшейту мәселесіне келсек, ол жаза қырық пен сексен дүре арасында белгіленгендіктен, жазаны күшейтіп пайдалануға тыйым салынбайды. Пайғамбар (с.а.с.) мен Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) мұндай жағдайларда қырық дүре ұрғызумен шектелген. Дүре санының сексенге дейін көбеюінің себебі Омардың (Алла оған разы болсын) кезінде арақ ішетіндердің саны көбейіп кеткендіктен, амалға сәйкес жаза мен сауап берілетіндіктен, жазалауды күшейткен.
Жазаны күшейту Омардың (Алла оған разы болсын) дұрыс та дәлелді, шариғат заңына негізделген ижтиһады нәтижесінде іске асырылды, сондықтан да Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын): «Күшейту де және одан бас тарту да сүннетке сәйкес келеді», – деген. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с.) ерекше жағдайларда Омардан (Алла оған разы болсын) үлгі алуды бұйырып: «Менен кейін (басшылық ететін) екеуге – Әбу Бәкір мен Омарға ілессін», – деген (Әт-Тирмизи).
Сондай-ақ Пайғамбардың (с.а.с.): «Менің сүннетімді және тура жолмен жүруші шыншыл халифалардың сүннетін ұстаныңдар», – деген бұдан гөрі кеңірек мағынада айтылған бұйрығы да белгілі. Діни-құқықтық мәселелер бойынша белгілі ғұламалардың Құран мен сүннетке сүйене отырып, өз бетінше шешім қабылдауы.
Омардың (Алла оған разы болсын) жоғарыда айтылған жазаны күшейтуін барлық сахабалар қуана қабылдап, бірауыздан мақұлдаған, ал Әли Омарға (Алла ол екеуіне разы болсын): «Уа, мүміндердің әмірі! Арақ ішкен адам ақылға сыймайтын жөнсіз сөздерді сөйлейді, жөнсіз сөз сөйлеуші жалалы өсек, ғайбат айтады, ал жала жауып, ғайбат айтушының жазасы Алланың Кітабында сексен дүре деп белгіленген. Өйткені Алла Тағала: «Сондай абыройлы әйелдерге зина жаласын жапқандар, кейін төрт куә келтіре алмаса, онда оларға сексен дүре соғыңдар. Және олардың куәліктерін ешқашан қабыл етпеңдер. Міне, солар пасықтар», – деп айтқан», – деді.
материал «Әл-Уафи» кітабынан алынды,
ummet.kz